Қандастар Ассамблея

«Лифт»

27.05.2016 4974
Жастар театрындағы жаңа қойылым

Кеше Астана қаласы әкімдігінің Жастар театрында «Лифт» психологиялық драмасының премьерасы өтті. Бұл қойылым драматург Сая Қасымбектің «Тексіздер» атты пьесасының желісі бойынша қойылған. Режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманқожаев.

Біздің заманда адамның құны қанша тұрады? Түбі қайдан шыққанын білмейтін «тексіздер армиясын» көбейтіп жатқан кімдер?.. Психологиялық драма осы сұрақтарға жауап іздейді. Ұзақтығы бір сағаттан сәл асатын қойылымның көтерген жүгі ауыр. Мұнда небәрі бес кейіпкер бар. Олар: жастайынан жетім өскен бойжеткен, хатшы, Айдауыл және жасаған күнәлары бір басына жетіп-артылатын бейтаныс әйел мен жігіт ағасы.

Бекболат Құрманғожаев, режиссер:

– Режиссер әрдайым көрерменге айтар ойы бар, актерлерді қызықтыратын дүние іздейді. Сол тұрғыдан келгенде, Сая Қасымбектің осы туындысы біздің көңілімізден шықты. Негізі, «Лифт» – актерлік спектакль, әртістердің көрермен алдында өмір сүруіне өте керекті дүние. Біз әдетте оны Шекспир, Мольер, Әуезов, Мүсіреповтер сияқты классиктердің шығармаларынан іздейміз ғой. Өйткені, қазір мұндай шығарманы табу оңай емес. Сая Қасымбектің пьесасын қолымызге тиген бойда қызыға оқып шықтық. Бірінші кезекте актерлер қызығушылық танытты. Ойымызды көркемдік кеңесшіміз де құптаған соң, туындыны сахнаға алып шығуға бел будық.

Спектакльдің тақырыбы – бала тағдыры, бала тағдырының артында тұрған ұлт тағдыры. Мұнда «қазіргі жаһандану кезінде біз өзімізді жоғалтып алмаймыз ба?» деген сұрақ қойылады. Қанды жүректің қақпасынан шығарып, осы індет тақырыбын халыққа жеткізе алсақ – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Жастарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» азайып бара жатқанда, сахна төрінде мұндай терең шығарманың қойылуы орынды деп ойлаймыз. Бір сөзбен айтқанда, «Лифт» – көрерменге ой тастасақ деген ниетпен дайындалған драма.

Сая Қасымбек, драматург:

– Ұлт тағдырына қатысты проблемалар мені қашанда толғандырады. Таяуда тастанды балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіре отырып, «Тексіздер» деген пьесаны жазған едім. Оның атауын режиссер «Лифт» деп сәтті өзгерткен екен.

Бала күнімізде аталарымыз кішкентай балалардан «тегің не?» деп сұрайтын. Мен осы шығармам арқылы көрерменге «тексіздік деген сөзден қашсақ екен» деген ойды айтқым келді. Тек – біздің өзегіміз. Меніңше, тексіздік – бұл, мәңгүрттену. Бүгінгі бүлдіршіндер біздің болашағымыз болғандықтан, ұрпақтарымызды мәңгүрттенуден сақтасақ деймін.

Ерлан Тұяқов, қоюшы суретші:

– Қойылымның декорациясында өзінің атына сай лифтті көрсеткім келді. Барлық қимыл-қозғалыс лифтіде өтетін болғандықтан, сахнада анау айтқандай қиын декорация болған жоқ. Бәрі – жеңіл, қозғалмалы дүниелер.

Негізі, Жастар театры минимализмге ұмтылатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сахна кең, көбіне акцент декорацияға емес, актерлердің ойынына қойылады. Сондықтан, біз мейлінше минимализмге жақындау сахна жасадық.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар