Қандастар Ассамблея

ӘЛЕУМЕТТІК МӘДЕНИЕТ

28.08.2014 17779
ӘЛЕУМЕТТІК МӘДЕНИЕТ — күнделікті тұрмыс ырқымен дарып, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын әрі бүкіл қоғамның немесе әлеуметтік топтың аясында тәжірибені екшеп, реттеуге қызмет.

ӘЛЕУМЕТТІК МӘДЕНИЕТ — күнделікті тұрмыс ырқымен дарып, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын әрі бүкіл қоғамның немесе әлеуметтік топтың аясында тәжірибені екшеп, реттеуге қызмет ететін, белгілі бір байланыстағы адамдар үшін ортақ болып саналатын әлеуметтік мәні бар құндылықтардың, мінез-құлық нормалары мен қағидаларының, түсініктердің, нанымдар мен дәстүрлердің жүйесі. Социология ғылымында Ә. м. негізгі үш қырынан: 1) құндылықтардың (әлеум. мұраттардың), нормалардың, рәсімдер мен мағыналардың жұртшылыққа тән жүйесі ретінде; 2) жеке тұлғаның әлеуметтенуінің негізі, яғни өмір сүру процесінде адам баласы игеретін объект ретінде; 3) адамдардың ұрпақтан ұрпаққа қалдыратын мирасы ретінде зерттеледі. Бұрынғы ұрпақтар қалдырған, кейінгі ұрпақтар қабылдап алып, игерген материалдық және рухани мәдениет бөлігі ғана мәдени мұра саналады. Бүкіл қоғамның емес, оның бір бөлігінің мәдениеті туралы айтқан кезде, социол. ғылымында “субмәдениет” ұғымы жиі пайдаланылады. Бұл әлдебір әлеум. топтың немесе қауымның (мыс., таптың, ұлттың, ұлыстың, т.б.) мәдениеті болуы мүмкін. Әрбір жекелеген қоғам аясында баршаға ортақ немесе жұртшылыққа жетекші мәдениетпен қатар бірнеше субмәдениетте өмір сүре алады. Мәселен, ҚР-дағы жалпы қазақстандық мәдениет шеңберінде орыс, неміс, татар, ұйғыр, әзербайжан, түрік, армян, т.б. субмәдениеттері; мұсылмандар, христиандар, иудашылар, т.б. қауымның ерекше мәдениеттері; қала мен ауыл тұрғындарының мәдениеті; жұмысшылардың, интеллигенциясының, кәсіпкерлердің, т.б. мәдениеттері өмір сүруде. Сондай-ақ, бүкіл қоғамның жетекші мәдениетіне қарама-қарсы контрмәдениет те (мыс., 20 ғ-дың 60—70-жылдарындағы Батыста болған ағын саналатын “хиппилер”, 70-жылдары КСРО-да болған жастардың рок-музыкасы) осы субмәдениеттің бір түрі.

Ә. м-тің аса маңызды бөлігі — әлеум. құндылықтар мен әлеум. нормалар  болып саналады. Әлеуметтік құндылықтар дегеніміз — жұртшылық мойындаған мінез-құлықтық стандарттар, яғни діттелген мақсаттар және де осы мақсаттарға жету жолдары мен құралдары жөніндегі қоғам не әлеум. топ қолдаған иланымдар. Әлеум. құндылықтар — адамдар мен олардың топтары арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың жемісі. Осы қарым-қатынастар барысында жеке адамның, әлеум. топтың, не тұтастай қоғамның мұқтаждығын, мүдделерін, тілегін қанағаттандыруға әлдебір әлеум. құбылыстың немесе процестің қабілеттілігі байқалып, бағаланады. Әлеум. реттеудің басты элементі ретінде әлеум. құндылықтар оның жалпы, стратег. бағытын айқындайды. Мәселен, демокр. қоғамдағы аса маңызды әлеум. құндылықтар қатарына, әдетте, бейбітшілік, адамдардың бостандығы, теңдігі мен туысқандығы, ар-ожданы мен абыройы, әлеум. әділеттілік, ынтымақтастық, азаматтық борыш, материалдық игілік, рухани байлық және т.б. жатқызылады. Әлеум. реттеу жүйесіне жалпы элемент ретінде қатысатын әлеум. құндылықтар өзгеше, бірақ өзіне ізбасар элементті әлеуметтік нормаларды туындатып, негіздеме қалайды. Егер әлеум. құндылықтар адамдардың мінез-құлқының жалпылама, стратегиялық реттелуін айқындаса, ал әлеум. нормалар адамдардың нақты тұрмыс-тіршілігіне қолдануға қаделі мінез-құлықтың шектерін анықтайды. Яғни, әлеуметтік нормалар дегеніміз — мінез-құлықтың, үміттің ережесі және белгілі бір мәдениет-құндылықтарына  сәйкес адамдардың мінез-құлқын, қоғамдық өмірді реттеуші әрі қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығын нығайтушы стандарттар. Әлеум. нормалар әр түрлі негіздемелер бойынша бөлінеді. Қоғам өмірін құндылық-жосындық тұрғыдан реттеу үшін оларды құқықтық және моральдық нормаларға бөлудің маңызы зор. Құқықтық нормалар заң пішімінде, кейде мемл. немесе әкімш. нормативтік актілер түрінде көрініп, тиісті органдар жүзеге асыратын нақты заңи нормаларды, санкцияларды қолдану жайын анықтаушы диспозицияларды мазмұндайды. Ал моральдық нормаларды сақтау ісі қоғамдық пікірдің, жеке адамның имандылық парызының күшімен қамтамасыз етіледі. Ал, әлеум. нормалар тек заңи және адамгершілік нормаларға ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпы мен жосындары  дәстүрге де арқа сүйейді.

Д. Дастан  

"Қазақстан энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар