Қандастар Ассамблея

Леонид патшаның түсi, бiлiмнiң күшi және «Болашақ» бағдарламасы

30.06.2014 2344
Өнеге ала бiлер жан болса өткеннiң айтары көп.

Өнеге ала бiлер жан болса өткеннiң айтары көп. Азамат рухы мен ел рухының астасуы, бiр жағадан бас шығаруы дегенде жадыма тарихтың терең қойнауынан Леонид патшаның түсi, үш жүз спартандықтың ерлiгi, сосын Жұмекен ақыннан мына бiр үзiндi орала бередi:

               Қалың жауды қысып берген

                                                  қыссыз-ақ,

               Спартандар жiгiт едi үш жүз-ақ

               Өз iсiнiң ақындары болды олар,

               Қасапшылар, наубайшылар,

                                                  молдалар.

Иә, үш жүз жiгiт он мың жауға төтеп бердi. Тек төтеп берген жоқ, жеңдi де.

Бәрi Леонид патшаның түсiнен басталған. Түс жорушылар әскербасының жорық алдындағы түнде көрген түсiн былай болжаған: «Леонид патша шайқас үстiнде қаза табатын болса, жеңiс бұлар жақта болмақ. Аман қалса – жеңiлiс».

Леонидке жан сауғалап, жорыққа шықпай қалуға болар едi. Бiрақ азамат қолбасы өлiмге басын тiктi. Бұл шешiм үш жүздiң де шешiмi болды. Көсем рухынан қуаттанған тастүйiн шағын топ толқын-толқын боп төгiлген түмен де түмен қалың қолдың тас-талқанын шығарды. Жiгiттер туған жерге қалқанның үстiнде қайтты. Әрине, жеңiспен. (Спартандық ата-ана ұлы соғысқа аттанғанда «Қалқаныңмен не қалқаныңның үстiнде қайт» деп бата беретiн болған. Мұнысы «жүзiң жарқын боп жеңiспен орал немесе мазақ болмай қан майданда қаза тап» дегенi. Спартада шейiт жауынгерлердi қалқанның үстiне салып алып қайтатын болған – Ә.Б.).

Бұл деректi неге әңгiме қылып отырмыз?

Рас, қазiр қылышпен кескiлесер спартандықтардың заманы емес. Қаншалықты рухың өр, дәтiң берiк болса да заманауи озық әскери техниканың төпелеуiне шыдас беруiң қиын. Әйтсе де қолбасы парасатты, жауынгерлер бiлiктi болса бүгiн де үш жүз қолмен он мың жауды жеңуге болатыны анық. Леонид патшаның түсi, үш жүз спартандықтың ерлiгi басқаша кейiпте, басқа оралымдарда, тарихта әлi де сан мәрте қайталана беретiндiгi ақиқат.

Спарта заманы бiлек пен рухтың заманы болса, бiздiң кезең бiлiм мен рухтың жеңiмпаз атанар тұсы. Сандаған ғасырлар эпостан эпос тудырып келген қазақ «Бiлектi бiрдi, бiлiмдi мыңды жығады» деп те әлдеқашан айтып қойған.

ХХ ғасыр басындағы алаштың ойлы азаматтары елдi бiлiмдi қылуды армандады. Орыс отаршыларының қайсыбiр оқу орындарына қазақ жастарын қабылдауға шектеу қоюы да сол арманды iске асырмауға тырысқандықтан едi. Орысшасы мардымсыз қаншама талантты ауыл жасы жоғары бiлiмнен қағылғаны бұл күнде бiр Аллаға ғана аян (Кеңес кезiнде оқуға талапкерлер орыс тiлiнен шығарма не мазмұндама жазуға мiндеттi түрде тиiстi болатын). Мұндай саясат қазақ жастарын сол кездерi элиталық әскери бөлiмдерге көп алмаудан да аңғарылады. Бiздiң әскерге барғандардың денi құрылыс батальондарының қайла-күрегiн ұстағандар. Қайла-күрекке көп бiлiм қажет бола қоймаса керек.

Лев Гумилев ағылшындар отарлап алған кездегi Үндiстан тарихынан мынандай мысал келтiредi. Ғалымның айтуынша, басқыншы ағылшындарға жергiлiктi жердегi кедергi, ең бiрiншi, үйге қызметкер, жалшы ұстаудан басталыпты. Ал, өз ағылшындарынан арзан жұмыс қолы күшiн тартайын десе (бәрiбiр ақ адам), бұл жергiлiктi халықтың түсiнiгiнде масқараның масқарасы болып шығады екен. Өйткенi, жергiлiктi халықтың ұғымында, мұндай жалшылық жұмыстарға қоғамның әлеуметтiк бөлiнiсiнiң ең төменгi тобында тұрған адамдар ғана тартылуға тиiс. Яғни, билiк жүргiзiп отырған ағылшын өз үйiн өзi тазалап, ауласын өзi сыпыра бастаса ол да сол қаратабан плебейлердiң қатарынан болып саналмақ. Демек билiк жүргiзуге де қақысы жоқ. (Үндiстанда халық брахминдер – дiндарлар, кшатрийлер – жауынгерлер iспеттi касталарға бөлiнедi. Сондай-ақ, бiздегi бомждар секiлдi шудралар деп аталатын да каста бар. Әрине, бiздегiден бөлектеу). Жергiлiктi халықтың алдында беделдерiн түсiрiп алмау үшiн ағылшындарға ендi сол қаратабандарды жалдаудан өзге жол қалмайды. Қожайынның шарасыздығын сезiнген олар ендi, өз кезегiнде, паң ағылшындардан қалаған көлемдегi жалақыны талап ету пұрсатына ие болады. Бiрақ бұлар дүниелерiн шашып-төкпейдi, өзара ұйымдасып, балаларын жергiлiктi мектепте, сосын Еуропа, Американың ең үздiк оқу орындарында оқытуға ұмтылады. Ал өзi кеше ғана сол ортадан шыққан жiгiттiң ата-ана, туыс-бауырын әдiлетсiздiк пен қиянаттарың қыспағына қалдырып, қызық қуып кетуi, тiптi, мүмкiн емес. Кешегi қаратабандардың балалары ендi бiлiктi мамандарға айналып шыға келгенде, ағылшындар көресiнiң көкесiн сонда көре бастапты. Себебi екi жақтың кез-келген айтыс-тартыс, дау-дамай, сот процестерiнде ағылшын емес, кешегi «қаратабан» бiлiктi мамандар жеңiп отыратын сәт туған. Өйткенi олар жергiлiктi халықтың дiл дiлгiрiн де, дүниенiң бiтiмiн де жақсы бiледi. Ақыры, ұрыссыз-соғыссыз Үндiстанға тәуелсiздiк алып берген де қаратабандардан шыққан осы оқымыстылар болған көрiнедi. Оны көп емес (үмiт артар халқы көп), бiрақ бiлетiнi мол жастардың тарихшы айтқан бiр жеңiсi осындай.

Бiзде де «Болашақ» бағдарламасымен бел емес, бес теңiз, мұхит асып жатқан жастар аз емес. Денi ауылдың мұң-мұқтажын бiле бермейтiн қала жастары. Бiразы бай-байшыкештiң, ендi бiр парасы тас дуалдардың шала қазақ еркетотай бозбала-бойжеткендерi. Ауылдың жасөспiрiмiндей емес, ана тiлiнен тiл сындырмаса да ағылшын, француз, немiс тiлдерiне жүйрiк-ақ. Ауылдың алты ауызын бiлмегенмен, «Роллинг Стоунз», «Пинк Флоид»-тармен таныс. Солардан ауылға қолғабыс-көмек болады дегенге сену тым қиын. Кейбiрi мемлекеттiң қаржысын текке рәсуа етiп керi қайтпай қалып жатқан да көрiнедi. Ал, ауылдың үш жүз жiгiтi осы бағдарламамен бiлiм алып келсе ше! Бәрi басқаша болатындығы шындық. Қазақстанның Үндiстандағыдай «қаратабан» оқымыстылары да солардың арасынан шығар едi-ау. Себебi туған жерге кiндiгiнен байлаулы азаматтың ғана әу бастан арманы асқақ болған. Әйткенмен азат Қазақстанның ауылының да айын оңынан тудыратын бiлiмдi жастарға мұқтаж болмайтын күн алыс емес болар. Солай екендiгiне сенгiң келедi. Леонид патшаның түсiн, үш жүз спартандықтың ерлiгiн еске алып, әңгiмеге өзек қылғанымыз да сондықтан.

Бiз де қайталаймыз: «Бiлектi бiрдi, бiлiмдi мыңды жығады». Бүгiнгi ауылға сондай мыңды, миллионды жығатын жастар керек.

Ұқсас материалдар