Қандастар Ассамблея

Лениншіл Рүстемовтің ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметінің қысқаша очеркі (үзінді)

29.06.2015 4288
Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов 1932 жылы 8 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес аудананының, Коммуна ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген.

Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов 1932 жылы 8 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес аудананының, Коммуна ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. Лениншіл Зиябекұлының әкесі Зиябек Рүстемов өз заманының озық ойлы, білімді азаматы, ақын, журналист әрі қайраткер адам болған.

Ақ жүрегім, биік мақсат – бар малым,

Бар малымды, елім, саған арнадым.

Жаңа заман, арман үшін алыстым,

Келер ұрпақ, өзің жеткіз қалғанын.

Л.З.Рүстемов

Лениншіл Зиябекұлы орта білімді Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданында қазақ орта мектебінде алған. 1948 жылы әкесі «халық жауы» ретінде көрген ауру мен азаптан дүниеден озғанда көп ойланбай Ташкент қаласында – сол кездегі бүкіл Орта Азия республикаларына белгілі де беделді оқу орны Орта Азия Мемлекеттік университетіне оқуға аттанған.

Лениншіл Зиябекұлы бала кезінен шығыс, ең алдымен араб, парсы тілдеріне ерекше қызығушылық танытқан, себебі, әкесі өз өлең-дастандарын араб қарпімен жазатын. Ол 1948 жылы В.И.Ленин атындағы Орта Азия Мемлекеттік университеті шығыстану факультетіне студент болып қабылданып, 1953 жылы осы факультеттің иран-ауған бөлімін «шығыстанушы-филолог» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан. Дәл осы уақытта Лениншіл Зиябекұлы Орта Азия университетінің шығыстану факультетін осы мамандық бойынша бітіріп шыққан тұңғыш қазақ азаматы болды. Осы себепті де, туған еліне оралған жас маманға дипломы бойынша жұмыс табыла қоймайды.

Еңбек жолын Л.Рүстемов 1953 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданының Ақсу селосындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған.

1958 жылы Л.Рүстемов С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқуға тілек білдіріп, шығыстану саласы бойынша мамандар дайындау мүмкіндігі болмауына байланысты «қазақ тілі» мамандығы бойынша құжат тапсырады. Қабылдау емтиханын белгілі ғалым Мәулен Балақаевтың өзіне тапсырып, аспирантураға түседі және жан-жақты білімі мен зерттеушілік қабілетінің арқасында болашақта орындайтын ғылыми жұмысымен жетекшісінің назарына ілінеді.

1963 жылы Л.Рүстемов профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен үлкен ғылыми жаңалық болған тың сала, соны тақырып – араб-парсы және қазақ тілдік байланыстарына арналған кандидаттық диссертация қорғайды. (Зерттеу тақырыбы: «Арабо-иранские заимствования в казахском языке»). Зерттеу жұмысы қазақстандық шығыстану ғылымының болашағына жол ашқан алғашқы жұмыстардың бірі болатын. Л.Рүстемовтің бұл еңбегі күні бүгінге дейін қазақ тілінің араб және парсы тілдерімен байланысы жайлы ізденетін мамандар үшін бағдар алатын басты зерттеу жұмысы болып қалып отыр.

1969 жылы Лениншіл Рүстемов Қазақ КСР Ағарту министрлігіне аға инспектор ретінде қызметке шақыртылып, көп ұзамай министрліктің Жоғары оқу орны басқарма бастығының орынбасары болып тағайындалады.

1973 жылы Лениншіл Зиябекұлы жалпы тіл білімі бойынша доцент ғылыми атағына ие болды. Осы жылы ақпан айында ғалым Қазақ КСР Ағарту министрлігінде Педагогикалық оқу орындары басқармасының басшысы болып тағайындалады. Бұл қызметте ол ел болашағы – жастарға білім беретін мұғалім мамандарды дайындайтын педагогикалық оқу орындары, ондағы оқу үрдістері мен тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуы мәселелеріне аса үлкен мән берген.

Ректорлық қызмет атқарған 1973-76 жылдары Л.Рүстемов Талдықорған педагогикалық институтының ғылыми, оқу-әдістемелік, тәрбиелік базасын күшейтуге бар қажыр-қайратын жұмсайды. 1976 жылы Лениншіл Зиябекұлы Талдықорғаннан Алматыға қайта оралған еді. Бұл жолы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің Ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Осы қызметте жүріп көпсалалы ұстаз қызметінің барлық қырларына арнайы көңіл бөліп, мұндай мамандық иесінің жұмысына ұсақ-түйектің болмайтынына өзімен бірге өзінің көзін жеткізеді.

1977 жылы мамыр айында Л.Рүстемов Қазақ КСР Ағарту министрінің орынбасары болып тағайындалады. Лениншіл Зиябекұлы тұтастай он екі жыл Ағарту министрлігінің орынбасары болып еңбек етті. Л.Рүстемовтің бұл лауазымындағы еңбегіне және республика үкіметі мен оқу-білім саласында орнатқан байланыстары үшін достас елдер тарапынан жоғары баға берілді. Ол 1982 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен және Моңғол Халық Республикасының «Достық» меділмен марапатталды. Ал, 1987 жылы Министрліктің жоғары наградасы «Ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіне ие болды.

1989 жылы қараша айының соңында Л.Рүстемов 1958 жылы өзінің ғылым жолында алғашқы қадамын жасаған, сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне Оқу ісі жөніндегі проректор болып қайта оралды. ҚазМУ-де еңбек еткен жылдар Л.Рүстемов республикада жаңа қалыптаса бастаған шығыстану білімі мен тарих қойнауында қалып қойған ғылым саласында аянбай еңбектенген кезеңі болды. Л.Рүстемов заман талабына сай шығыстанушы мамандар даярлау ісіне баср тәжірибесі мен бойындағы қажыр-қайратын жұмсайды.

1991 жылы ақпан айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде иран және түрік филологиясы кафедрасын ашып, оның тұңғыш меңгерушісі болады. Дәл осы жылы желтоқсан айында Л.Рүстемовке шығыстану факультетенің деканы болу қоса жүктеледі.

1992 жылы қараша айында Лениншіл Рүстемов әл-Фараби атындағы ҚҰУ мен шетелдік жоғары оқу орындары арасында халықаралық байланыс орнату мақсатында Иран Ислам Республикасын ғылыми іссапармен барады. Шысытану факультеті парсы бөлімінің студенттері алғаш рет тіл ұстарту мақсатында ғажайып Иран еліне аттанады. Алыс елге жасалған алғашқы қадам сәтті болып, бол жол кейіннен даңғыл жолға айналды. Лениншіл Зиябекұлы Тегеран университетінің профессоры Самаримен бірігіп, парсы тілі бөлімінің студенттеріне арнап оқу құралын жазды.

Ирандағы бұл жұмысы аяулы ұстаздың алысқа шыққан соңғы сапары болды. Л.Рүстемов 1993 жылдың қараша айында денсаулығына байланысты елге оралды. 1993 жылы 15 желтоқсанда Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов Алматы қаласында дүниеден озды.

Ғалым ұстаздың соңында ғылыми еңбектері, шәкірттері үшін жазған кітаптары қалды. Ең бастысы – қазақстандық шығыстану ғылымының негізгі салаларының бірі ирантану шамшырағының болашақта сәулесін алысқа шашатын ирантанушы мамандар дайындап кетті.


Шынар Қалиева,

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент 

Ұқсас материалдар