Әлемдегі 3 дана кітаптың біреуі Астанада

15.09.2016 4099
Астанада өткен көрмеде Жюль Верн мен Александр Блоктың авторлық қолтаңбалары бар құнды кітаптар ұсынылды

Астанада Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Әлем. XXI ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке» тақырыбында халықаралық кітапханашылар конгресі өтіп жатыр. Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастырып отыр.

Конгресс аясында Қазақстандағы кітапханалардың сирек басылымдар қорын қатысушыларға кеңінен таныстыру мақсатында «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» тақырыбындағы ретро-көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге бірегей түптелген сирек кітаптар, атластар, әр түрлі альбомдар топтастырылған.

ҚР Ұлттық академиясы құрылымындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының жетекшісі Әлия Қожабекова көрмедегі бірегей құжаттар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сирек кітаптардың барлығы арнайы орында ерекше жағдайда сақталады. Бөлме температурасы мен ылғал мөлшері әрдайым назарда болуы керектігін айтады.

Әлемде небары үш данасы ғана сақталған құнды кітаптардың бірі – «Книга китайских замыслов, извлеченная из оригинальных трудов Персии, Индии, Китая и Японии. Собранная и нарисованная многоуважаемым художником мсье Дюком, посвященная его светлости». Бұл кітаптың бірі американдық букинистің қолында болса, енді бірі Лувр музейінде сақтаулы. Ал үшінші данасы Астанадағы ұлттық академиялық кітапханасының қорына сыйланған.

«Осы бір құнды кітапты көру үшін Париждегі музейде ұзын-сонар кезекте тұрған болар едіңіздер. Бүгін осындай құндылықты тегін, әрі кезексіз келіп көруге таптырмайтын мүмкіндік» дейді Ә.Қожабекова.

Бұдан бөлек ғылыми фантастика саласының көрнекті өкілі, әйгілі жазушы Жюль Верннің өз қолтаңбасымен «Әпендінің өсиеті» атты француз тілінде жарық көрген кітабы да осы көрмеден орын тепкен. Сондай-ақ ақын, әдебиет сыншысы Александр Блоктың бір ауыз лепесі жазылған «Өткен өмір елесінен» өлеңдер жинағы көпшілік назарына ұсынылды. Кітап 1898 жылы Петербургте басылып шыққан.

Ислам әдебиетіне қатысты сирек кездесетін шығармалардың бір парасы  бүгінгі көрменің басты ерекшелігі. Көпшілік назарына ұсынылған Абдурахман Мухаммад әл-Жамидың «Шарх-и кафийа» шығармасы хижра жыл санауы бойынша 897/1492 жылы араб тілінде басылып шыққан. Кітап өз заманында Орта Азиядағы медіреселерде оқулық пәні ретінде кең таралған. Тұмар ретінде алып жүруге ыңғайлы кішкентай құран кітапшалары да осы қатарда орналасқан.

Одан басқа 1917 жылғы революцияға дейінгі қазақ әдебиеті шығармалары, латынша, «жаңа емле» бойынша жарық көрген бірқатар кітаптар мен мерзімді баспасөз жинақтары бар. Соның ішінде ХХ ғасырдың бас кезінде сол дәуірдің көкейкесті мәселелерін көтерген қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Ұран» сияқты газеттердің маңызы зор.

12 жылдық тарихында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына VI-ХХ ғасырлар аралығында жарық көрген 20 000 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар жинақталды. Бұл басылымдар негізінен академиялық институттардағы сирек кітаптар қоры мен жеке тұлғалардан тарту ретінде келіп түссе, тағы да бірқатар басылымдар сатып алынған. Қазіргі уақытта қорда 4 мыңнан астам қазақ, орыс, неміс, араб, француз, тағы басқа шет тілдерінде ұсынылған сирек кітап пен қолжазба бар. Олардың хронологиясы 1782 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін көрсетілген. 

Семей ғасырлар тоғысында

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы бүгінгі көрмеге 150-ден астам кітаптар алып келген. Ең басты құндылық ретінде Абайдың қайраткер тұлғасын айшықтай түсетін құнды құжаттар, қолжазбалар, Семей өлкесі, Жетісу аймағына қатысты тың мәліметтер қамтылған ғылыми мақалалар қойылып отыр.

Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының оқу залының меңгерушісі Жаңылгүл Әділбекқызы Абайдың аталмыш кітапхананың оқырманы болғандығы туралы мәлімет американдық журналист Дж.Кеннанның кітабында кездесетіндігін айтады.

«Сібір мен Алтайға саяхат жасаған американ публицисі Дж.Кеннан 1885 жылдың жазында Семейге келіп, қала ортасында шағын ағаш үйде орналасқан кітапхана қорынан Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Уоллэс шығармалары мен әлемдік көркем әдебиеттің тамаша үлгілерін көргенін, сот мекемесінде қызмет ететін А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп, кітапхананы жергілікті қазақтар да пайдаланатынын естиді. Өзін таңдантқан Ибрагим Кононбай (Ибрагим Құнанбаев) жайлы ол «Сібір және сүргін» кітабында жазады. Американдық журналистің Абаймен кездескісі келгенімен оның сәті түспеген» дейді осы саланы зерттеп жүрген ғалым Ж.Әділбекқызы.

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханасы әкелген сирек жазбалардың ішінде Жақып Ақбаевтың отбасы-неке құқығы туралы алғашқы зерттеу мақаласы жарияланған журналы бар. Жақып Ақбаев 1907 жылы жарық көрген «Қазақстандағы семья-неке қатынастары», 1927 жылы шыққан «Қазақтың шығу тегі туралы» сияқты көптеген еңбектердің авторы. Сонымен бірге топтамадағы таңдаулы басылымдардың бірегейі – Абайдың өлiмiне байланысты 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества» журналында жарияланған қазанама. Авторы Әлихан Бөкейханов. Осы кезеңдерде Әлихан Бөкейхановтың Тұрағұл және Кәкiтай Ысқақұлымен бiрге Абайдың өлеңдерiн жинақтап, баспаға әзiрлеп жарыққа шығаруы Семейдегi өмiрiнiң ең ұмытылмас жарқын сәттерi болды. Сонымен қатар, ол жағрафия қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семейлік бөлімшесін ашуға және қызметіне тығыз араласып, «Запискилерде» ғылыми мақалаларын жиі жариялап отырды. Ол Абай Құнанбаевпен қатар Семейдің статистика комитетіне де мүше болды.

Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы – Қазақстандағы ең көне кітапханалардың бірі. Мыңдаған оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген мәдениет ошағының құрылғанына 130 жылдан астам уақыт өтті.

Конгресс аясында ҚР ұлттық кітапханасы, Грузия ұлттық кітапханасы мен ТМД елдері ұлттық кітапханаларының басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Қатысушылар конгресс алаңында электронды кітапханаларды дамыту, кітапханаларды тиімді басқарудың тың тәсілері, сирек кітаптар мен қолжазбаларды реставрациялау, балалар әдебиетін жарыққа шығару сияқты мәселелер төңірегінде пікір алмасады. «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» көрмесі Тәуелсіздік сарайында 16 қыркүйекке дейін өтеді.


 

Ая ӨМІРТАЙ

Ұқсас материалдар