Қандастар Ассамблея

Ләйлә Сұлтанқызы: Бала ешуақытта таңнан кешке дейін теледидар қарамауы керек

30.01.2015 16926
Танымал тележүргізуші, «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызымен сұхбат

Ел.кз жобасының эксклюзивті сұхбаттар сериясы өз жалғасын табуда. Бүгінгі кейіпкеріміз – танымал тележүргізуші, «Балапан» арнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы Сеңгірбекова. Көпшілік қауымға «SuperStar Kz» (ары қарай – СуперСтар) жобасымен танылған Ләйлә Сұлтанқызы бүгінде Қазақстанның телеарна саласындағы орны бөлек ерекше жандардың бірі болып отыр. Ол сондай-ақ «Қазақстан» арнасынан тікелей эфирде көрсетілетін «Әйел бақыты» бағдарламасының жүргізушісі. Оның жан-жақтылығы және тәжірибелілігі бізді сұхбат алушы ретінде қатты қызықтырды. Сұхбат барысында СуперСтардан бастап балалар мультфильміне дейінгі бірқатар тақырыптарды қамтыдық. Назарларыңызға сол сұхбатымызды ұсынамыз.

 Ләйлә Сұлтанқызы туралы қысқа ақпарат

Туған жылы: 18.12.1977 ж.

Туып-өскен жері: Шымкент қаласы.

Жоғары білімі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің түлегі.

Отбасылық жағдайы: тұрмыс құрған, екі баласы бар.

 Сұхбат

 SuperStar KZ (СуперСтар) өз уақытында бүкіл халықтық жобаға айнала алды. Оның жеңімпаздарын бүкіл ел біледі. Бірақ одан кейінгі осы тектес жобалардың ешқайсысы СуперСтар деңгейіне жете алмады. Мұның себебі неде: алғашқының эффектісі ме, әлде кейінгі жобалар сапасыз жасалды ма?

–  Менің ойымша, алғашқының эффектісі-ау. Өйткені, 2000 жылдардың басында Қазақстанда шоу-бизнес, клип деген дүниені түсіне бастап, оларға деген сұраныс арта бастады. СуперСтардың дәл сол сәтте пайда болғаны оның бірден ел аузындағы жобаға айналуына септігін тигізді.  

Келесі жобалар жаман болды деп айта алмаймын, мәселе тартымдылықтың жоғала бастауында сияқты. Мүмкін қазылар алқасында тартымдылық болмаған шығар, мүмкін ұйымдастырушылық жағы жеткілікті деңгейде болмаған шығар, білмеймін. Бір айтарым, жоба сәтті болуы үшін ұйымдастырушыдан қатысушыға дейін барлығы бір-бірімен жақсы үйлесуі тиіс, тек сонда ғана сапалы дүние шығады.

«СуперСтардың бірінші маусымында қазылар алқасы дұрыс таңдалды»

Ол кезде қазылар алқасы дұрыс таңдалды деп ойлаймын. Мен өзімді айтып отырғаным жоқ. Батырхан Шукенов, Роман Райфельд, Арман Мырзағалиев секілді танымал, әрі беделді өнер адамдарының бір жобада, бір ұжым болып тиімді жұмыс істеуі жобаның сәтті шығуына қатты әсер етті. Одан кейін Батырхан бірде-бір мегажобаға қатысқан жоқ. Райфельд журналистика саласында сол уақыттың Познері болатұғын. Арман болса, шетелден арнайы шақырылып, қазылар құрамын одан әрі күшейтті.

Қазір жоба десе жастардың бәрі бара береді ғой, комплекс жоқ. Ол кезде бәрібір тұйықтық, ұяңдық басым еді. Әке-шешенің барлығы күнкөрістің қамымен жүрді. Балаға қарайтын уақыт та, жағдай да жоқ еді. Сол кезде өзін көрсете алған жастар мегажұлдызға айналды. Сол бірінші СуперСтардан шыққан жастардың 80 пайызы қазір сахнада жүр: Алмас, Мақпал, Айқын, Гүлнәр және т.б.

– Алғашқының эффектісі бар екеніне келісемін, дегенмен басқа да факторлар бар шығар? Қазіргі жобалар облыс-облыстарды аралай ма?

– Ондай жоқ. Мен айтып отырмын ғой, ұйымдастыру жағы да қазір өзгеше деп. Біз ол кезде 16 өңірді аралап, 16 облыс орталығында болдық. Әр өңірде бізді қашан келеді екен деп күтіп отырды, біздің келуіміз үлкен бір оқиға еді. Өңірлерді аралауға 2 айға жуық уақыт кетті. Бір жерде пойызбен, бір жерде көлікпен, бір жерде ұшақпен қатынадық. Қазақстанның барлық өңірлерінде болдық. Аяқ баспаған жерлерімізге бардық. Бұл жастарға да ыңғайлы болды. Алматыға келгеннен облыс орталығына келу оңай ғой.

Енді әрине мұның бәрі оңайшылықпен келген жоқ. Продюсерлер Ақтан Сүйіншалин мен Бақыт Қилыбаев жобаның халықтық болуына бар күшін салды.

Келесі маусымдарда «Не үшін 16 өңірді аралайды», «4 өңірде өте салса жетеді ғой», «анау ғой», «мынау ғой» деген пікірлер пайда болды. Осыдан барып жоба ықшамдала бастады.

Бәлкім мәселе қаржыда болды ма екен. Алайда қаржы дейтін болсам, қазіргінің қаржысы жоқ па деген сауал туындайды.

«Менің СуперСтар жобасына қатысуыма Батырхан себепші болды»

– Жобаның қазылар алқасына қалай келдіңіз?

– Мені ұсынғанда мен таңғалдым әрине. Менде ешқандай да сенім де болған жоқ, мені таңдап алады-ау деген. Бірақ та кейін артынан естідім, менің таңдалуыма Батырхан себепші болыпты. Реті келгенде Батырханнан сұрадым не үшін мені қорғаштағанын. «Елге келіп жүргенде» – деп бастады, Мәскеуде тұратын еді ол кезде, «Бүкіл телеарналарды қарап, радиоларды тыңдаймын, сол кезде арасында көріп қалатынмын, томпақ бір қыздың жұмыс істейтінін» – деді жалғастырып. Расында да мен өте томпақ болдым (күлкі). «Содан қазақ тілінде жақсы сөйлейтін бір қызды білемін деп сені айтқан болатынмын, көпшілік сені танымағандықтан қарсы болды» –  деп жауап қатты. Кейінірек жекедара әңгімелесу (собеседование) болды ұйымдастырушылармен. Әңгімелесуге менен бөлек Асылбек Еңсепов, Жолбарыс Сейфуллин секілді әртістер көптеп келді, бірі кіріп, бірі шығып жатты. Сөйтіп мен де кірдім. Әрбір үміткермен осылай жекедара сөйлескен екен. Енді біздің бар артықшылығымыз: сол сәттегі қазақ эстрадасын бүге-шігесіне дейін білетін едім. Себебі менің радиода істеген кішкене тәжірибем болды: бұрынырақтағы, сол сәттегі, жаңа әндер, кім не жазайын деп жатыр, қандай бағытта, оны қалай шығармақ соның бәрі маған мәлім болған. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бергендігім ба екен, әйтеуір бір-екі айдың ішінде «сіз таңдалдыңыз» дегенде мен өте қатты таңғалдым.

– Сіздің болғаныңыз дұрыс болған сияқты. Өйткені бұл жоба қаншама қазақтың қарадомалақ балалары қатысты. Ал анау жерде, қазылар алқасының құрамында атақ-даңқы жоғары азаматтар болғанымен, сізден басқасының бәрі орыстілді. Өз тілінде сөйлейтін төрешінің болуы менің ойымша сол кездегі қазақтілді жастарға рух пен сенімділік берген секілді.

– Бірақ мен ұялам. Көп адамдар бар «Неге сіз маған сол сөздерді айттыңыз» деп ренжіп жатады. Мен болсам «Шынымен солай айттым ба?» деп таңғалам, содан соң кешірім сұраймын. (күлімсіреу). Осылай, 5-10 жыл өтсе де ренішін ұмытпайтындар бар. Мысалы, Гүлнар Сейілбаева әлі күнге дейін «Помните вы тогда мне…» деп өкпе-назын айтып алады. Николай Покатыло, Роман Ким – бәрінің бір өкпелері бар енді. Кейде мен ойлаймын, осы біз жобаға тым қатты ден қойып, өте үлкен үміт артып қойған секілдіміз. Егер шынайы тұрғыда қарасақ, бұл жай шоу ғана ғой, бұл жай ғана бағдарлама.  

– Қатты сөз айтсам кешірім сұраймын деп қалдыңыз, орынсыз  сөз айту болды ма?

– Мүмкін қатты сөйлеген кезде мен кейде ойланбай, асығыстық танытқан болармын. Шын айтқанда мен сонша таңғаларлық жайт болар деп ойламаппын. Өйткені, біріншіден қазақ тілінде оқыдым, оңтүстіктің қызымын. Одан кейін журфакты бітірдім қазақ бөлімін. Қазақтілді журналист болғаннан кейін мен өз ойымды орысша жеткізе алмаған болармын. Бар проблема мүмкін содан болған шығар (күлкі).

– Сонда барлық қатысушыға тек қазақша сұрақ қойдыңыз ғой?

– Иә, солай болды ғой. Орыс тілінде айтып тұрған адамға ол түсіне ма түсінбей ма бәрібір қазақша айта бердім ғой. Сонда барлығы мынау деген патриот деп ойлады. Шынын айтқанда жай ғана ұялу, ұяңдық болды. Ол менің сондай ерекше ұрып тұрған патриоттығым да емес. Орысша сөйлеп күлкі болғанша, қазақша сөйлей берейін дедім.

«Теленұсқаға жарау үшін не тым нашар, не тым жақсы болу қажет еді»

– Кастинг таңнан кешке дейін жалғасты, бірақ эфирге оның бәрін шығару мүмкін емес. Дегенмен, СуперСтар күнделігінде жекелеген үміткерлердің өнерін тамашалап жаттық. Эфирге шығаруда қандай критерийлерге сүйендіңіздер?

– Бізге жастардың көбі предкастингтан кейін келеді. Біз келген 500 баланы емес, бірінші кастингтан кейінгі солардың ішінен іріктелгендерін ғана қабылдаймыз. Жаңағы бірінші тыңдалымды өткізген адам үміткердің аты-жөнінің қасына «өте жақсы» болмаса «теленұсқаға ғана» деп түртіп қояды. Теленұсқаға жарау үшін не тым нашар, не тым жақсы болу қажет еді. Мұны көп адам білмейтін. Орташа өнер көрсеткендер көрерменге аса қатты қызық емес екені белгілі. Бар құпия – осы.

– Бірінші маусымның финалына Алмас Кішкенбаев пен Роман Ким шығып, Алмастың жеңгені есімізде. Дегенмен, Роман Ким мықтырақ еді деген пікірді көп естідік…

– Роман Ким сөз жоқ мықты. Мен Роман Ким жаман деп ешуақытта айта алмаймын. Біріншіден, финалға осы екеуі шықпау керек еді. Қазір одан бәле табатындар табылады. Ұлтаралық қарым-қатынас деп, басқа деп оны сан-саққа жүгіртуге болар еді. Шын мәнінде Алмаспен мүмкін басқа бала шығу керек па еді…

Білесіздер ме, Алмас ұшып кеткен бала. Жюридің бір ғана мүмкіншілігі болды бір адамды қайтаруға, сонда Алмасты қайтарған едік. Қарап отырсақ, Алмастың өзінің бағы ғой, болайын деп тұр да солай, бұйырып тұр. Әйтпесе, Қызылордадан жай ғана өтті, орташа әнші ретінде. Одан қала берді, ақтық сындардың біреуінен бірінші ма, әлде екінші ма болып тағы ұшып кетті. Одан қайтадан қостық оны. Болайын деп тұрған ғой солай. Бұл жерде ешнәрсе дей алмаймыз.

«Роман Ким мен оның анасы біраз уақытқа дейін ренжіп жүрді»

Романда дауыс диапазоны, харизмасы – бәрі жақсы. Өкінішке орай, Роман қазір топ әншілердің қатарына кірмейтін шығар. Бұл өте өкінішті. Мен кейде ойлаймын, осы Алмастың ұтуына, халықтың бүйтіп көтерілуіне менің оған деген айтқан ауыр сөздерім әсер етті ма екен деп. Біразға дейін Роман және оның анасы ренішін білдірді. Уақыт өтті. Роман Испанияға барып келді. Біраз уақыт сахнадан көрінбей кетіп, сахнаға қайта келді.  Жалпы әнші ретінде Роман өз орнын тапты. Енді алдыңғы қатарлы әншілердің қатарында жүрген жоқ демесек…

–  Бірақ қазір ән айтып жүр?

– Иә, ән айтып жүр.  «Zaratushtra Band» оркестрінің сапында өнер көрсетеді және жап-жақсы ақ өзінің клиптерін түсіріп, бір әрекет жасап жүр.

– Араласып тұрасыздар ма?

– Романды оқта-текте іс-шараларда көріп тұрамын. Қарым-қатынасымыз жылы. Роман нағыз жігіт қой. Бойында қазақтың қаны бар, көптеген жігіттің бойында жоқ қасиет – намысшылдығы бар.

– СуперСтар жобасының сіздің өміріңіздегі рөлі?

– Ерекше! СуперСтар болмағанда шынын айтайын Ләйлә Ләйлә болар ма еді? Ләйләні ел танитын ба еді? Ләйлә Батырханмен дос болар ма еді, Райфельдті білер ма еді, Арманның концертіне барар ма еді? Көп қой айта берсем. Сондықтан бұл жерде СуперСтардың рөлі ерекше.  

– СуперСтардан «Балапанға» ауыссақ. Бұқара халық телеарна дегенде үлкен бір ұжымды елестетеді. Сіз басқарып отырған арнада неше адам жұмыс істейді?

– Жиырма бір….  

– Тұтас бір телеарна үшін аз сияқты. Дәстүрлі телеарналарда кейде бір ғана бағдарламаның өзінде осыншама  адам жұмыс істеп жатады.

– Біріншіден, «Балапан» 100 пайыз аутсорсингте. Екіншіден, жобаларды жасайтын барлық қызметкерлердің басын қоссақ, 300-400-ден асып кетеді. Өйткені бізде кемі жылына 25-30 бағдарлама шығады. Әр бағдарламаның артында аз дегенде 10-20 адам істейді. Мәселе олардың ресми түрде «Балапанда» істейді деп тіркелмегендігі ғана. Жиырма бір адам деп отырғанымыз – бұл негізі әкімшілік қызметкерлер. Яғни ол басшысы, бас редакторы, бас режиссері деген сияқты. «Балапанның» өз жобалары – көбіне тікелей эфирлер ғана. Қалған жобалар сыртқа жасалғандықтан көп жағдайлардан біз бейхабармыз. Көп сценарийстерді жеке танымаймын. Мұның таңғалатын ешнәрсесі жоқ. Ақырын-ақырын бүкіл әлем осы жүйеге көшуде.

«Балапан» 100 пайыз аутсорсингте»

– Яғни сіздерге дайын өнім әкеледі, сіздер оны эфирге қоя саласыздар?

– А-дан бастап Я-ға дейінгі инстанцияның бәрі біздің тараптан қадағалауда болады. Рәсімделуі, студиясы, жарығы, дыбысы, сценарийі – барлығын тексереміз, қадағалаймыз. Түсірілді деген аты болмаса, қалғаны бізге келгенде 5 рет қайтып кетуі мүмкін қате болып. Оның жұмыс ауқымы өте үлкен. 5 адам қабылдап алуға жауапты болса, сол 5 адам күндіз түні әкелінген өнімді қайта-қайта қараумен болады.

Сыртта жасалған өнімнің өзіндік қиындығы бар. Сырт сенің тіліңді түсінбеуі мүмкін, сенің бекітіп берген сценарийіңмен жұмыс істемеуі мүмкін, түсіріп қойғаннан кейін көк көйлек ки деген адам қызыл көйлек киіп шығуы мүмкін. Өзіміз жасай салған жеңілірек көрінеді кейде.

Одан бөлек сыртқы (шетелдік) өнімдер бар. Бұл жерде де мұқият қараймыз. Әр дауыс екінші мультфильмде қайталанбауы, ол дауыстардың ырғақпен аузының сәйкестендірілуі, сөйлемдердің дұрыс құралуы және т.б. Бір көзбен қарағанда оңай болып көрінуі мүмкін, жұмыстарың жеңіл деп сынап та жатады. Мен айтамын, бір күн отырыңыздаршы біздің қасымызда, өздеріңіз-ақ қашып кетесіз деп. Бір бағдарламаны бес рет көріп, анау кадр сәл қимылдап кетіп, болмаса жарығы дұрыс түспей қалса қайтарамыз. Кейде сол өнімдерді жасап жатқан компанияларды аяймыз. Түсіріліп қойған 20-30 бағдарламасына дейін жарамсыз болып, қоқысқа айналып жатады.

– Бағдарламаларыңыз қайталанып жатады деген пікірлердің естіп жатамыз. Эфир жабу қиын ба?

– Эфир жабу өте қиын. Біріншіден «Балапан» телеарнасы блоктық сеткада тұрады. Бір күнде 16 сағат эфир болса, 16 сағат баланың жасына байланысты 3 блокқа бөлінеді: түске дейін оқитындар, түстен кейін оқитындар және отбасы болып көретін дүниелер. «Балапан» телеарнасы 12 жасқа дейінгі балаларға арналғанымен, көбіне бізді көретіндер – 10 жасқа дейінгілер. Екіншіден, жылына біз 3-4 ай ғана жаңарамыз. Қалған айларда қайталаумен өтеміз. Бұл әлемдегі барлық балалар арнасында бар құбылыс. Кейде бас салып сөгу оңай. Біздікілер «ой, мен көріп қойдым мұны» деп сынай салады. Мәселеде онда емес, сіз кінәлісіз балаңызға таңнан кешке дейін «Балапанды» көрсетіп отырған. Бала ешуақытта таңнан кешке дейін теледидар қарамауы керек, ата-ана соған жауапты. Сіз балаңызға 1 сағат көрсетіңіз соның өзі жеткілікті, ары кетсе 2 сағат көрсетіңіз, бірақ одан көп көрсетпеңіз. «Балапан» сізге тәрбие құралы емес, біздің бар мақсатымыз – балаңыздың тәрбиесіне әйтеуір бір ықпал ететін бағдарламалар жасау. Біз ата-аналарға дұрыс түсіндіргіміз келеді. Бұл – телеарна.

«Бала ешуақытта таңнан кешке дейін теледидар қарамауы керек, ата-ана соған жауапты»

Кез келген телеарна тек қана бос уақытта қарауға ғана арналады негізі. Біз ғой ол таңнан кешке дейін баламыз «Балапанды» көреді, баламызға анау ұнайды, анау ұнамайды деп жатамыз. Мен айтам «Сіз қызықсыз, сіз олай көрсетуге хақыңыз жоқ» деп. Баланың денсаулығына зияндығы былай тұрсын, ол зомби секілді болып кетеді.  Үшіншіден сіз балаңызбен бірге отырып, мультфильмді талқыласаңыз, әңгіме бөлек, сіз балаңызды тастайсыз да кетесіз ғой, тірлік жасайсыз, тамақ істейсіз, әйтеуір жыламай тұрса екен деп. Сондықтан, кінә бұл жерде көбіне ата-аналардың өзінен. Әр нәрсенің өзінің шегі бар. Компьютер ойнай ма, ойнамасын демейміз, ойнасын, бірақ шегі бар, теледидар көре ма, оның да шегі бар. Дәл осылай бір уақыт сабақ оқуға, бір уақыт кітап оқуға жұмсалуы қажет. Әр нәрсені ата-ана дұрыстап жоспарлауы қажет. Басынан бала жоспарсыз өмірге үйренсе, ол өмірбақи солай өтеді. Балаға біз өзіміз қалай болса солай қарағандықтан, бала да қалай болса солай өседі.

– Қазақ баласына шетелдік мультфильмдерді көрсету дұрыс па?

– Дұрыс. Мультфильмнің ішінде де мультфильм бар. Сапасына тоқталмайын. Біз тікелей түрлі балалар психологымен жұмыс істейміз. Балалардың фокус группасы бар. Арнайы 15 адамнан құралған, әртүрлі әлеуметтік жағдайдан, әртүрлі отбасыдан шыққан балалар біздің мультфильмдерді қарауға мүмкіндік алады. Біріншіден, шетелдік мультфильм дейміз, егер шетелдік мультфильмді көрмесін десек, онда Nickelodeon мен Cartoon деген каналдар жабылуы керек. Мүлдем!

«Ну, погоди!» мультфильмін көрсетуге қарсымын»

Екіншіден, өзіміздің анимациямыз дамысын десек, онда ол анимацияның бір минуты бір миллион теңгеге шығады. Үшіншіден, тиым салынған жеміс дәмді болады демекші, баланың оған деген қызығушылығы одан бетер артуы мүмкін. Біз ақпараттық алаңды жаба алмаймыз. Nickelodeon мен Cartoon-ді көргені көрген. Бірақ та мәселе тағы да ата-анаға келіп тіреледі. Ата-ана түсінуі керек. Спанч бобты көрмесін деп айтпайық. Балаңыз «Спанч бобты» көрсін. Бірақ оның жақсы жақтарын алсын. Мен «Спанч бобты» өзім де көремін. Болмаса сол «Дараны», «Диегоны» да көремін. Жақында Қызылордадан бір әке жазыпты, «Екі баланың әкесімін, неге сіздер «Маша мен аю», «Ну, погоди!», «Крокодил Гена» мультфильмдерін көрсетпейсіздер дейді. Мен «жоқ, бермейміз» деп айтамын. Біріншіден, бірер жыл бұрын бұл мультфильмдерге ашық тиым салынған, өйткені «Ну, погоди!» темекі шегуді насихаттайды, «Маша мен аю» бала аудиториясына емес, отбасы аудиториясына арналған. Ол жерде баланың аюға көрсететін зәбірлігі бар. Бала ұрады, талқанын шығарады, қиратады. Аюды аюсың ба, жануарсың ба демейді.

Неге менің балам «Ну, погоди!» мультфильмін көру керек? Оның қасында неге ол «Поророны» көрмеу керек? Неге ол «Даша» мен «Диегоны» көрмеу керек?

Шетелдік мультфильмге тиым салғаннан ешнәрсе шықпайды. Мен де баламның Спанч бобты көргенін қаламаймын. Бірақ ол тығылып көреді. Бала соны көре отырып, сенімен бірге талқылайтын жағдайға жетуі керек. Баламен бірге көрген соң бала «Анашым ол неге олай ойлайды» деп сұрау керек. Бала сенімен талқылаған жағдайда сен оның дұрыс-бұрыстығын бақылап отырасың. «Қарашы мына жерде, Спанч боб дұрыс істемеді ғой, досын сатуға бола ма» десе бала өзі ілесіп алып кетеді.

– «Ну, погоди!» мультфильмін бәріміз көрдік, сіз де көрдіңіз. Қасқырдың темекі шегуі сізге әсер етті ма?

– «Том және Джери» мен «Ну, погодиді» көргенде менің мысық пен қасқырға деген аяушылығым оянады. Бишараларды өлтіріп жатады, соғып жатады, жүрегі түсіп қалады, оны қайтып орнына салып қояды. Мысалы, оның бәрі адамның санасына сыймайтын дүниелер. Негізі қоян қасқырға көрсетпегенді көрсетеді ғой, қарап отырсаңыз. Сіз ол жерде тәлім тәрбие дейтіндей не көріп тұрсыз? Одан кейін бұл ескі мультфильмдер. Неге біздің балаларымыз біз сияқты мультфильм көріп, біз сияқты ойлауы керек? Бізді вакуумда өсірді. Қарапайым ағылшын тілін білмейміз. Не коммунизмнің рахатын көрмедік, енді пионер болып қуанып жүргенде ол да өліп қалды, не қазіргі заманның рахатын көрмедік. 1990 мен 2000 жылдар арасында өсіп жетілгендердің көбі осы күйден өтті.    

– Аргументтеріңізбен келісемін, бірақ осының бәрі тиым салуға себеп па? Жәй ғана өзге заманауи өнімдерге басымдылық берсек жетпей ме?

– Неге себеп емес? Ондай былай істейік, есі бар адамның барлығы арақ ішпейді ғой. Арақты неге күндіз-түні жарнамалай бермейміз? Біз өстік қой, мен ішпеймін ғой деп айтуға болады да. Енді ішпейміз ғой, ішем деген адам іше берсін да деп. Біз қазір ақыл тоқтатып осындайды айта береміз.

– Енді ол жерде қоян емес, қасқыр шегеді ғой темекіні. Қасқырды жаманға, қоянды жақсыға балап жасады емес пе?

– Қоянды сіз сондай жақсы кейіпкер деп қабылдайсыз ба? Қулықтың үстіне қулық жасап отыр емес пе?!

– Өзіңіз айтқандай шетелдік мультфильмдер көп. Біреуінің мазмұны мен идеологиясы жақсы да, біреуінікі жаман. Осыны қалай анықтайсыздар? Арнайы редколлегия бар ма?

– Арнайы бөлім бар кәдімгі шетелдік продукциялардың әрқайсысын қарап отыратын. Кино бөлімі деп аталады. 4-5 адамнан тұрады. Менің өзім де қатысамын бұл жұмысқа.

– Ол бөлімде жұмыс істейтіндердің мамандығы мен қызметі қандай?

– Ол жердегі біреуі міндетті түрде киновед болады, біреуі филолог болады, одан кейін редактор мен журналист болады.

– «Хабар», «Қазақстан» секілді арналарда ақпараттық бағдарламалармен жұмыс істеу қиындау. Жаңалық болған соң, онда мәселе көтерілген соң, біреуге оңынан, біреуге солынан тиіп, өкпе-реніш туып жатады. Кейде сол реніштер бағдарламаға араласып, цензуралық элементтердің жүзеге асуына септігін тигізеді. Мұндай қиындықтар «Балапанда» жоқ болар…  

– Біріншіден, бізде өзіміздің тиым салынған сөздеріміз болады. Мысалы, «есуас», «топас», «ақымақ», жасөспірімдерге арналған сериалдарда «гей», «гармоның басыңа шығып кетті ме» деген сияқты сөздерге тиым бар, біз мұндай сөздерді синоним сөздермен алмастырып, жеңілдетеміз. Одан бөлек, ұлтаралық, діни тақырыптарда өте мұқият боламыз.

«Баламен жұмыс істеу оңай емес. Бала қазір айтқанды қазір ұмытып қалады»

Қаншалықты қиын екенін түсіну үшін баламен бір күн жұмыс істеп көріңіз. Баламен жұмыс шаршататыны сол, бала қазір айтқанды қазір ұмытып қалады. Тез шаршайды. Оған ұрыса алмайсың. Біреудің баласы. Одан кейін көке-тәте, ұйықтамашы, жыламашы, мә шәйің, мә кәмпитің, мә әдемі көйлегің, күліп тұршы деп жүреміз. Бала ғой. Оны алдау керек, ол шаршамау керек. Оны қызықтыру керек, сосын теледидардың арғы бетіндегі баланы да қызықтыру керек. «Айгөлек» сияқты жобаларды жасайтын адамдар жүнжіп кеткен ғой (күлкі). Миллион бала келіп жатыр. «Әй» деп біреуін қайтарып алса, екіншісі қашып бара жатады. Оны қайтарамын дегенше басқасы шығады. Сол ғой баламен жұмыс. Бізде бір жақсысы көбіне аналар жұмыс істейді. Алысқа бармайын, менің өзімнің екі балам бар. Егер балаларым басқа арнаға кетіп жатса, неге солай болды екен деймін. Содан кейін өздерінен сұраймын, біреуі 8-де, біреуі 6-да, нағыз «Балапанды» көретін жаста. Осындай да сондай деп барлығын айтып береді. Көбіне аналар болғаннан кейін, олар өзінің баласына жұмыс істеп жатқан сияқты қарайды жұмысқа. Енді тұрмысқа шықпаған бір-екі қызымыз бар, тезірек тұрмысқа шығыңдар деп қалжыңдаймыз (күлкі).

– Шетелдік мультфильмдерге қарасақ, диалогтарына жеңіл тілмен ақылды нәрселерді көп салады. Кейде, қоғамдық тұрғыда маңызды дүниелер талқыланады, әрине баланың тілімен. Мен өзімді тұрақты көрерменмін деп айтудан аулақпын, дегенмен, қашан қосып қалсам, мультфильмдеріміз ертегілердің айналасында шектеліп жататын секілді. Өзіңіз айтып отырсыз, неге қазіргі балалар біз секілді ойлауы тиіс деп. Неге біз өмірлік тақырыптарды қозғамаймыз бала тілімен?

– Жақында, осы айдың соңында «Экстремалды футбол» деген мультфильм шығады, шамамен осы айдың соңында. Бірінші сериясын түгел қарап шықтым. Сөйтсем, басты рөлде екі ұл бала бар, жастары 10 және 12-де. Сол екі баланың біреуі әкенің баласы, біреуі шешенің баласы. Былайша айтқанда әкесі мен шешесі кейінірек қосылған. Біреуін әкесі тастап кеткен, екіншісінде туған анасы қайтыс болған. Енді өмірдегі бар құбылыс былай қарасаң. Сонда бір бала жабырқау отырып, «Менің анам сенің әкеңе тұрмысқа шыққанын қаламаймын» – деп айтады. «Мен сенің әкеңді жақсы көрмеймін, ол маған әке бола алмайды» дейді. Отбасындағы бар қатынас қой. Жоқ біздің балаларымызға, қазақтың баласына мұндай диалог қажет емес дей саламыз. Мен айтамын, қараңыздаршы, біз өз-өзімізге тағы да қарсы келеміз деймін. Біз әрине дәл осы күйі бермейміз. Сол диалогты кесіп тастауға болар еді. Біз кеспейік дедік. Бірақ шамалы жұмсартып, ондағы айтылған нақты сөздердің өзге сөздермен алмастырып, тұспалдап жеткіздік. Егер кесіп, алып тастасақ, өтірік көзбояушылық жасаған болар едік. Солай жасау арқылы біз басқа бір жасанды әлемді көрсетер едік. Мүгедек бала біздің қасымызда өмір сүруге қақысы жоқ сияқты. Ажырасқан отбасының баласы бала емес сияқты қатынас болмауы керек сияқты. Біз өз баламызды мүмкіндігінше қорғаштап тұрамыз. Ол америкалықтарға тән дүние, біздің қазақтың анасы шықпау керек екінші рет тұрмысқа деген пікір қалыптасқан. Өз-өзімізге қарсы шығатын осындай сәттер бар. Бірақ оны да мөлшермен беру керек. Көрсету керек екен деп бәрін көрсетуге тағы болмайды. Өйте берсең, гей туралы да айта бер, дәретхананың ішінде сүйісіп жатқан кадрды да кеспей бере бер дегендей.

Сосын біз бірнәрсені шатастырамыз. Балаларға арналған өнім бір бөлек, отбасымен отырып көретін өнім бір бөлек. Сенің айтқың келіп отырғаны, көбіне отбасылық мультфильмдерге тән. «Көліктер», «Шрек», «Мадагаскар» секілді өнімдер анимациялық болғандықтан балаларға арналған деп ойлаймыз. Жоқ. Ол толықметражды отбасылық фильмдер. Сондықтан, ол жерге саясаты да, табиғаты да бәрі араласады. Ал біздің көрсететініміз, ол жерде нақты көрсетілген. Балаларға арналған 6+, 7+, 10+. Болды. Оның ішінде шектеулер болады.

– Балалар мультфильмдерінде кітап оқу идеясы қозғала ма?

– Өте сирек қозғалады. Бұл бірден-бір үлкен кемшіліктің бірі деп есептеймін. Англияда, ескі лордтың заманында оқу сағаты болатын, әрбір бала кешкілік бір сағатты кітапқа арнайтын. Бізде бұл мәдениет жоқ емес, бар, бірақ та әлі де дамымай келе жатыр. Ақырын, оған бәріміз үлес қосуымыз қажет. Ол бір ғана «Балапанның» шаруасы емес. Оларды қызықтырумен жүйелі түрде айналысқан жөн. Кітаптың аздығы, ондағы мазмұн – ол мүлдем басқа әңгіме. Оның өзі үлкен бір проблема. Бірақ мәдениет ретінде кітап оқудың кенже қалып бара жатқаны бар. Оны мен мойындаймын.

– Құрметті Ләйлә Сұлтанқызы! Осымен біздің сұрақтарымыз тәмам. Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет! «Балапан» арнасына және өзіңізге табыс, береке, сәттілік тілейміз!


Сұхбаттасқан – Дархан Өмірбек

Фото: Солтан Жексенбеков

Ұқсас материалдар