Кореядан сәлем: Ульсан қаласындағы қазақстандық студенттердің өмірі

10.11.2014 6853
Кореяның индустрия орталығы - Ульсан қаласындағы қаракөз бауырларымыздың өмірі жайында мақала.

"Жаста оқыған оқуың - тасқа жазғанмен бірдей" демекші, қазіргі күні жас қазақстандық ұл-қыздардың теңіз асып шет елде оқып жатқанын көріп риза боласың. Бауырларымыз АҚШ-та да, Ұлы Британияда да, тіпті Корей елінде де бар екен. Facebook парақшаларынан Кореядағы қандастармен кездесуді көргеннен кейін, біз де қазақстандық студенттер жайлы біраз мағлұмат жинайық деп шештік. Кореяның Ульсан қаласында оқитын Отандастарымыздың студенттік өмірлері және оқу орны жайында студенттік ассоциация белсенділері айтып берді.   


Самат НҰРҚАЛИН, ЮНИСТ қазақ студенттер ассоциациясының Президенті (Алматы қаласы):

- Қазіргі таңда UNIST (Ulsan National Institute of Science and Technology) яғни Улсан Мемлекеттік Технологиялық Ғылымдар институтында білім алып жатырмын. UNIST-ке келуіме себепші болған адам- колледжде бірге оқыған досым, ол досымнан біршама мәліметтер алдым, ал қосымша ақпараттарға ғаламтордың  іздестіру жүйесі арқылы қол жеткіздім. Бизнес басқарма бөлімінде Қаржы және әкімшілік мамандығы бойынша білім алудамын.

Азамат Тлебалды, ЮНИСТ қазақ студенттер ассоциациясын құрушылардың бірі (Тараз қаласы):

- Қазіргі уақытта ЮНИСТ (UNIST - Ulsan National Institute of Science & Technology) университетінде білім алып жатырмын. Білім ордасы Оңтүстік Корея, Ульсан қаласында орналасқан. Ульсан - Кореядағы ең ірі өнеркәсіп қаласы. Жалпы әлемге танымал Hyundai, Samsung компаниялары, кеме жасау мекемелері орналасқан.

Негізі, университетке түсу үшін ешқандай емтихан тапсырмайды, тек қажетті құжаттарды өткізу қажет. Жыл сайын Корея үкіметі шет ел студенттеріне коптеген мемлекеттік гранттар бөледі. Барлық құжаттар сәйкес келсе, сәуір айының 7-10 күндері аралығында абитуриенттерден интервью алады (сұрақ-жауаптар). Сол сатыдан табысты өтсе, мамыр айының 15-де жауабы белгілі болады.


Ульсандағы қазақ студенттерінің ассоциациясы жайлы

Самат:  Біздің университетте 50 қазақстандық студенттер бар және  де  әр семестр сайын елден келген студенттер саны көбеюде. Мұнда оқушылардың арасында Информатика, Математика, Физика, Биология және Химия пәндері бойынша Халықаралық олимпиадаларда үлкен жетістіктерге жеткендер бар: 2- алтын 8- күміс 11- қола бүгінгі таңда біздің елдің еншісінде.

Осындағы студенттер арасындағы байланысқа келетін болсақ, мен кейде шет елде жүргенімді ұмытып кетемін . Себебі , әркез  бірге, кешке бірге шай ішіп, демалыстарда футбол ойнап және қалаға серуен құруға, пикниктерге бірге шығып тұрамыз. Немесе арамыздағы біреуге қандай да бір көмек қажет болса  ол адамның өзін жалғыз сезінуіне, жалғызбын, шет елдемін, қамқорлық, қолдаусызбын деп сезінуіне жол бермейміз. Әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрған отандастарының бар екенін біліп жүреді, және оларға сенеді.  

Азамат: Ассоциациямыз осы жылдың қыркүйек айында, білім алып жатқан 3 және 4 курс  қазақ студенттерімен құрылды. Ол белсенділер -  Рауан Бердалиев (4 курс), Ислам Талапбек (3 курс), және Самат Нұркалин (2 семестр) (ассоциация президенті).

Жобамен университетте 5-6 шетелдік, студенттік организация бар. Қазақ Ассоциациясы үнемі барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Осы жылдың қазан айында, Нұр Отан партиясының Қоғамдық политика институтының директоры - Саясат Нұрбек мырзаны барлық студенттерге лекция беруге шақырдық. Іс-шара табысты, әрі жемісті өтті. Лекция ағылшын тілінде жүргізілді, тақырыбы: «Global World and How to Communicate With People of Different Culture». Яғни, «Әлемнің ғаламдануы, және әртүрлі мәдениеттермен қалай қарым-қатынаста болу керек» деген тақырыппен өтті. 

Ұлдар саны қыздарға қарағанда көп. Қазақ студенттер арасындағы қарым-қатынас өте тығыз, барынша бір-біріне көмек, қолдау көрсетуге дайын. Жоғарғы курс студенттері өздерінің ағалық  ақылдарын айтып, кеңес береді. Кәміл сеніммен айта аламын, әрбір қазақ студенті осында оқуды бітірген соң, елімізге оралып, қызмет етеді деп. Әрдайым, қайда болмасын көк туымызды алып жүреміз. Іс-шараларда домбырамыз әрқашан ойнап тұрады.

Кореяда көптеген қызықты фестивальдар өтеді. Барынша қазақ студенттері жиналып, сол фестивальдерге барып тұрамыз. Мысалы, 2014 жыл, мамыр айында халықаралық автосалон көрмесі өтті, Бусан қаласы. 

2014 жыл, қазан айының 25-де Бусан қаласында әлемдегі ірі, әрі әдемі “Busan Firework Festival” өтті.  Сонда барып, көріп қайттық.

Кәріс студенттеріне қазақ салт-дәстүрін таныстыру мақсатында да кішігірім іс-шара өтті. Алдағы уақытта барлық қазақ салт-дәстүріне қатысты мейрамдарда мерекелік іс-шара өткізу жоспарымызда бар. 


ЮНИСТ университеті жайында

Самат: UNIST 2030 жылға дейін әлемдегі алғашқы 10 универдің қатарына кіру мақсатын қойып отыр.  Университеттің 2009 жылы ашылғандығын ескерте кетейін. Біздің университет Америкалық оқу стандарттарына сай универ, кредиттік жүйемен білім береді. Және оқу құралдарымыз, оқу стандарттары да Америкалық стандартпен бірдей. Ал, Қазақстандық жоғарғы оқу орындарымен салыстыратын болсам, мұнда іс-тәжірибе жағы өте жоғары деңгейде  дамыған, яғни оқыған, теориялық біліміңді лабораторияға барып іске асыра аласың немесе жаныңдағы Хюндай, Самсунг сияқты үлкен компанияларға барып тәжірибе жинауға да мүмкіндік бар. Кампуста 9 атаусыз көпір бар, егер түлектердің ішінде кім де кім Нобель жүлдесіне ие болса, бір көпірге сол жүлдегердің есімі берілмек. Оған қоса, кампуста Нобель бақшасы  да бар, Нобель бақшасы деп атайтын себебіміз жылда немесе екі жылда бір Нобель жүлдегерлері келіп ашық, қоғамдық лекциялар жүргізеді.  Әр жүлдегер келген сайын, сол кісінің құрметіне бақшамызға бір ағаш егіледі. Мақтанатын бір жайт, UNIST университеті аккумуляторлық батареяларды зерттеу жағынан американдық Стэмфорд пен Массачусетс техникалық институттарымен (MIT) бірге әлемнің үздік үштігін құрайды.  


Корея мен Қазақстан жайында

Самат: Қандай да бір дамыған мемлекетті алып қарасақ, бәрінде бір белгілі дамытушы факторлары бар. Мысалы, Кореяда Самсунг және Хюндай сияқты ірі компаниялар мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 20 – 25 пайызын құрайды екен. Яғни, өндіріс саласы өте дамыған және ең қызығы, бұл дамыған мемлекеттің ешқандай қазба байлығы жоқ.

Менің жеке пікірім, бізде (агросектор, машина құрастыру, мұнай өңдеу,)  жағын дамыту керек ал қалғаны инфраструктура, басқару жүйесі, ғылым және білім  салалары дұрыс бағытта, әрі қарқынды дамуда.

Әрине,  ең тиімдісі дамыған мемлекеттерден тәжірибе алу.  Бірақ , басқа мемлекеттің жүйесін дәлме-дәл көшіре салу емес, әр елдің өзіне сай менталитеті бар, ол жағын, көптеген факторларды ескеру қажет деп ойлаймын.

Біздің мемлекет Европа мен Азияны байланыстырып тұрған көпір, сондықтан Қазақстан әлемде құрлықтағы сауда-саттық жағынан ең алғашқы мемлекеттердің бірі бола алады. Одан бөлек, «Кедендік Одақ»-қа мүше болуымыз да бізге үлкен мүмкіндіктер беруде. Біздің мемлекеттің болашағы жарқын , әрі потенциалы өте үлкен.


Қазақстандық мектеп оқушыларына кеңес

Самат және Азамат: Ал мектеп бітірушілерге айтар кеңесім, ең бірінші ағылшын тілін меңгеру керек, себебі кәзіргі уақытта ағылшын тілін білмесе көп мүмкіндіктерден құр қалу оңай. Мысалға, неше түрлі шет елдердегі оқу орнына барып білім алу сияқты. Сонымен бірге, ең қиын мәселе - мамандық таңдау, сол жерде көбіміз жаңылып жатамыз. Грант болса болды деп, мамандыққа мән бермей , физика таңдап жататындар аз емес. Менің жеке пікірім, олай таңдау жасау үлкен қателік, себебі өзіміз ұнатпай істеген жұмыстан нәтиже шығару өте қиын деп есептеймін, сондықтан жанымызға жақын, ұнаған мамандықты таңдағанымыз абзал.

Егер маған уақытты кері айландыруға мүмкіндік берілсе, мен ештеңе өзгертпес едім. Себебі, әр болған істің өзіне тән бізге көрінбесе де бір қайыры бар деп есептеймін.  Өткен істерге салауат болсын! Кешегі қателіктер бүгінгі жеңістерге себепші деп ойлаймын!

Әзірлеген - Нұрғазы АБЖАНОВ

Ұқсас материалдар