Қандастар Ассамблея

Конституцияның мәнін, оның жоғарылығын ұғынудың маңызы

20.02.2015 7849
Конституцияның мәнін, оның жоғарылығын ұғынудың маңызы

Қазақстан өзін құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде орнықтыратынын Негізгі заңында бекітіп, оған қол жеткізуді мақсат етіп ұстанған тұста конституцияның жоғарылығы мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Конституцияның жоғарылығы елімізде мемлекеттік биліктің орнығуы мен жүзеге асуының заңдылығының, адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде өз қолданымын табуының, мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметінің заңдылығының алғышарты, негізі болып табылады.

Конституцияның жоғарылығы қабылданып және қолданылып жатқан заң актілерінің Конституцияға, оның талаптарына сәйкес келуін мүмкін ете отырып түрлі қоғамдық қатынастардың қатысушысы ретінде қоғам мүшелерінің (жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар) Конституция нормаларын сақтауын, бұлжытпай орындауын шамалайды. Басқаша айтқанда, қоғамның барлық салаларында конституциялық заңдылықтың орнығуын қамтамасыз етеді. Конституциялық заңдылық барлық қоғам мүшелерінің Конституция ережелерін сөзсіз сақтауын, оған сәйкестікте өзінің іс-әрекеттерін ұйымдастырып, жүзеге асыруын, барлық нормативтік актілердің Конституция талаптарына дәлме-дәл сәйкес келуін білдіреді.

Жалпы қандай мемлекетте болмасын конституциялық заңдылық режимін қалыптастыру үшін қоғам мүшелерінің құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын, құқықтық білім деңгейін көтеру де маңызды болып табылады.

Конституцияның жоғарылығы, үстемдігі Конституцияның, оған негізделген заңның талаптарының барлық қоғам мүшелері үшін (мемлекетті қоса алғанда) теңдей міндеттілігін білдіреді. Себебі, құқықтық мемлекеттің қалыптасуында бірыңғай заңнаманы қоғам мүшелері ретінде барлық тұлғалардың орындауының айрықша мәні бар.

Кез-келген құқықтық механизмнің тиімді жұмыс істеуі үшін оның кепілдіктерін нығайту қажет. Тиісінше конституцияның жоғарылығын, оны сақтау маңыздылығын мойындап қана қоймай оның нормаларының тікелей қолданылуын, барлық қоғам салаларында конституцияның үстемдігін, бұзылмауын қамтамасыз ету үшін оның кепілдіктерін күшейту қажет. Конституцияның жоғарылығын қамтамасыз ету кепілдіктері бірнешеу. Конституцияның жоғарылығының, бұзылмауының бір кепілдігі ретінде идеологиялық кепілдіктерді көрсетуге болады. Конституцияның жоғарылығының, бұзылмауының идеологиялық кепілдіктері – бұл қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық саналығы, құқықтық мәдениетінің жоғарылығы, конституциялық-құқықтық білімділігі. Конституцияның үстемдігі, оның сақталуы белгілі бір шамада қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, конституциялық-құқықтық білімінің деңгейіне байланысты болады. Сондықтан Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғарылығын, оның нормаларының бұзылмауын, құрметтелуін қамтамасыз ету үшін қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық сауаттылығын, мәдениетін көтеру маңызды, тиімді шара болып есептеледі. Барлық адамдар конституцияның, оған негізделген заңның «құлы» болмайынша мемлекеттегі конституциялық заңдылық, конституциялық құқықтық тәртіп туралы айту бекер. Бұл өз кезегінде қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық сауаттылығының құқықтық мемлекет қалыптастыруда маңыздылығын көрсетеді.

Конституциялық-құқықтық сауаттылық Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде қалыптастырудағы негізгі бір қажеттілік – қоғамның конституциялық-құқықтық сана-сезімін, конституциялық-құқықтық мәдениетін көтеру үшін алғышарт болып табылады. Демек, қоғамның конституциялық-құқықтық сана-сезімінің, конституциялық-құқықтық мәдениетінің деңгейі оның конституциялық-құқықтық сауаттылығына байланысты. Конституциялық-құқықтық сауаттылық ең алдымен қоғам мүшелерінің Конституция нормаларын білу қажеттігін шамалайды. Себебі, қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық мәдениеті, конституциялық-құқықтық санасы олардың Республикамыздың Конституциясының нормаларын білу, мәнін ұғынуы негізінде қалыптасады. Конституцияны оқып, оның мазмұнымен танысқан адам оның маңызын, мәнін түсінеді, оны сақтау, бұзбау қажеттігін, құрметтеу қасиеттерін игереді. Ал, Конституция сақталып, құрметтелген, нормалары тікелей қолданылатын, қоғам мүшелері оған сәйкестікте әрекет ететін қоғамда ғана конституцияның жоғарылығы орын алады деп айта аламыз, тиісінше конституцияның жоғарылығы орын алған мемлекетті толықтай «құқықтық» деп анықтаймыз. 

Конституцияның жоғарылығын - конституцияның нормативтік құқықтық актілер жүйесіндегі үстемдігін, оның тікелей әрекет етуін шынайы қамтамасыз ету конституциялық заңдылық режимін қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады. Басқаша айтқанда, бүкіл конституциялық кеңістікке Конституция пәрменін жүргізу онда конституциялық заңдылықтың орныққандығын білдіреді. Конституцияның жоғарылығы конституциялық заңдылықтың орнығуының негізі, оның болуын шамалайтын фактор болып табылады, ал конституциялық заңдылық - конституцияның жоғарылығының көрінісі, нәтижесі. Тиісінше, конституциялық заңдылық режимі конституцияның жоғарылығын, оның мәнін дұрыс ұғынып, оны қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіруді қажет етеді.

Осы қажеттікті орындау жолында құқықтық қатынастың барлық қатысушылары – мемлекет, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, қоғамдық ұйымдар өздерінің қызметтерінде, іс-әрекеттерінде алдымен конституциялық тәртіпті қамтамасыз ету арқылы конституциялық заңдылықты тұрақтандыруға бағытталуы тиіс. Отансүйгіш әрбір азамат мұны өзінің парызы, міндеті деп ұғынғаны жөн. Қоғамның отансүйгіш  мүшесі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетінің оқытушылық-профессорлық құрамы қоғам мүшелерінің конституциялық-құқықтық сауаттылығын көтеру арқылы мемлекетімізде Конституцияның жоғарылығына, конституциялық заңдылық режиміне қол жеткізу бағытында жыл сайын Республика Конституциясының қабылданған күніне орай түрлі сипаттағы ғылыми-тәжірибелік шараларды ұйымдастырып, өткізіп тұрады. Оның ішінде, халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар, ой-толғаулар, Конституция мәтінін құруға қатысқан қоғам қайраткерлерімен сұхбаттасулар, студенттер үйінде оның тұрғындарымен кездесулер т.с.с. бар. Мұндай шаралар өткізудің маңызы зор. Ең бастысы – олар қоғам мүшелерінің конституциялық сауаттылығын көтеруге әсер етеді. Ал, ол атап кеткеніміздей Конституцияның жоғарылығын, конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету үшін қажетті.

Түрлі ғылыми, студенттік конференциялар мен ой-толғауларда, студенттер қауымын Конституция мәтінін құруға қатысқан қоғам қайраткерлерімен (м/ы, профессорлар С.С.Сартаевпен, М.Т.Баймахановпен, В.А.Киммен) сұхбаттастыруда, кездесулерде ҚазҰУ оқытушылық-профессорлық құрамы жалпы Конституцияның мәнін, тәуелсіз Қазақстанның Конституциясының қабылдану себептерін, тарихи маңызын саралап, ғылыми талдаулар жасау арқылы, мемлекетіміздің Ата Заңында бекітілген қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды, негізгі институттарды студенттерге түсіндіру арқылы олардың конституциялық сауаттылығын кеңейтеді, Конституцияны сыйлап, құрметтеуге шақырады. ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының ұйымдастырып, өткізіп отыратын тиісінше шараларының қажеттігін Республика Конституциясының өзінен де көруге болады. Конституцияда (34 бап) әркiм ҚР Конституциясын сақтауға мiндеттi болып табылатындығы бекітілген. Бұл міндетті тиісінше орындау үшін қоғамның әрбір мүшесі Конституцияның мән-мағынасын, мазмұнын ұғынуы, басқаша айтқанда конституциялық сауатты болуы керек. Олай болса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің қоғамның конституциялық сауаттылығын көтеру бағытында түрлі ғылыми, тәжірибелік шаралар өткізуі бүгінгі күн талабынан туындайды деп айтуға болады. Тек қоғамның жоғары конституциялық сауаттылығының негізінде конституцияның жоғарылығы орын алған мемлекеттегі конституциялық заңдылық жағдайы мемлекетті «құқықтық» ретінде анықтауға негіз береді.

 

Жарболова Айгерім Жақсылыққызы

з.ғ.к., әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ мемлекет және

құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және

әкімшілік құқығы кафедрасының доценті

 

Ұқсас материалдар