Қандастар Ассамблея

Комиссия мүшелері Жер реформасын талқылауда

19.05.2016 3126
Жер мәселесі

Қазір елордада Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтіп жатыр. Комиссия Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Жер кодексінің нормаларын талқылау, түсіндіру және ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған.

Комиссия құрамына 75 адам кірді. Олар: сенаторлар, мәжілісмендер, үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, агробизнес өкілдері, ғалымдар, азаматтық белсенділер, сондай-ақ, облыс әкімдіктері жанындағы қоғамдық кеңестер.

Отырыс барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов келтірген деректерге сүйенсек, 2003 жылы жер Кодексi қабылданып, жеке меншiк құқығы берiлгеннен берi 13 жыл өтiпті. Орташа есеппен жылына өсiм бар болғаны 0,1 пайыз ғана, 1,3 млн гектардың бар болғаны 0,1 пайызы. Маңызды тағы бiр мәселе – жердiң кадастрлық бағасы. Елiмiзде бiр гектардың кадастрлық құны ең төменi 1700 теңге болса, суармалы егiстердегi ең қымбаты 130 мың теңге екен. Министр Жер туралы Кодекстегі өзгертулерге тоқталды.

«Түзетулерге сәйкес, кадастрлық құнын 50 пайызға төмендету жеңiлдiктерi қарастырылған болатын. Сондай-ақ, он жылға бөлiп төлеу жеңiлдiктерi болды. Мысалы, Ақмола облысында ең құнарлы жерлердiң бiрi 24 700 болса, ал 10 жылға сатқан кезде бiр жылда төлейтiн құны 2470 теңге. Әрине, бұл тек қана Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана қаралған жеңiлдiк», - дейді А.Мырзахметов.

Ал, саясаттанушы Марат Шибұтов Жер реформасы жөніндегі Комиссияның жұмысын арттыру үшін өз тарапынан бірнеше ұсыныс айтты: ­

«Біздің Комиссияға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы сенімді ақтауымыз керек. Комиссия жұмысының тиімділігін арттыруға бірнеше нақты ұсыныс айтайын. Мен 4 жұмыс тобын құруды ұсынамын. Біріншісі –құқықтық, екіншісі ақпараттандыру және түсіндіру жөнінен, үшіншісі –экономикалық және төртіншісі – жариялылық пен жалпы процедуралар бойынша топ. Осылайша біз Комиссияның алдында тұрған мәселелерді жан-жақты талқылай аламыз».

Ал, Қазақстан ғалымдар одағының төрағасы Оразалы Сәбден игерілмей жатқан жерлердің тиімділігін еркін экономикалық аймақ құру арқылы арттыруға болатынын айтты. Ол Жер реформасына өзінің балама ұсынысын әзірлепті. Ғалым өзінің жобасын «Тың жердi игеру арқылы қазақ елiн жаңа белеске көтеру» деп атаған. Оның айтуынша, жер потенциалы тек Қазақстанды ғана емес, көптеген елдердi асырауға жетедi.

Оразалы Сәбденнің тағы бір ұсынысы – ауыл шаруашылығын үдемелi дамытудың 2030 жылға дейiнгі бағдарламасын жасау. Ол Комиссия жұмысының тиімділігін арттыру үшін екi жұмысшы тобын құруды ұсынды.

«Бiрiншi топ – Жер кодексiне өзгерiстер дайындайды, екiншi топ – жерге ревизия жүргiзу, игеру мәселесiн қарауы керек. 25 жылда жердi қалай игергенiн сұрауға болады ғой», - деді ғалым.

Ал, саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, жер мәселесін шешпей, экономикалық елде ілгерілеушілік те болмайды.

«Егер бүгiн жер туралы мәселеде қоғамдық үлкен консенсус пайда болмаса, салып жатқан ақшаларыңыз, инвестицияларыңыз, темiр-терсегiңiз он жылдан кейiн түкке аспай қалуы мүмкiн. Өйткенi, қоғам қарсы болып жатса, сiз мейлі жүз, мейлi мың отбасыны асырап отырсаңыз да, бәрiн ертең жоқ қылады. Яғни, жер мәселесiн шешпей, өзiнiң экономикасын аспандатқан бiрде-бiр ел жоқ», - деді саясаттанушы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Н.Назарбаев Жер кодексінің бірқатар нормасына 2017 жылға дейін мораторий жариялаған болатын.

Комиссияның жұмысы жайлы барлық ақпарат жарияланатын арнайы «Jerturaly.kz» порталы іске қосылды. Пайдаланушылар бұл сайтта көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Сонымен қатар, арнайы Call Center де жұмыс істейді.


Әзірлеген – Жансая Төлеген

 

Ұқсас материалдар