Қандастар Ассамблея

Кирсан Илюмжинов: "Бүкіл әлем «қазақ кереметін» біледі"!

27.10.2014 2361
Қалмақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) Президенті Илюмжинов Кирсан Николайұлының сұхбаты

Қалмақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) Президенті Илюмжинов Кирсан Николайұлы Астана қаласына ресми сапарымен келді. Осы ретте Кирсан Николайұлының El.kz редакциясына берген эксклюзивті сұхбат оқи аласыздар.

– Қайырлы күн, Кирсан Николайұлы. Тамыз айында болып өткен Халықаралық шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасы 6-шы орынға қол жеткізді. Бұл нәтижеге қандай баға берер едіңіз?

– Норвегияның Тромсе қаласында өткен олимпиадада әйелдер құрамасы жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Алғаш рет 175 елден, 2000-нан астам шахматшы жарысқа қатысты. Бұл рекордтық көрсеткіш. Өз атымнан Қазақстанның шахмат сүйер қауымын шын жүректен құттықтағым келіп тұр. Қазақстан құрамасы тұңғыш рет 6-шы орынға ие болды. Өз алдында Қазақстан шахматшылары Германия, Франция және т.б. секілді мықты құрамаларды басып озды. Құрама жеңіске лайықты, себебі, соңғы уақыттарда Қазақстанның әйелдер құрамасы да, жекелеген шахматшылары да өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жатты. Салынған еңбек өзін толықтай ақтап жатыр. Сәттілік кілті ретінде Ұлттық шахмат федерациясының жүйелі жұмысын атап өтер едім.

–  Шахмат федерациясының нақты қандай қадамдары жемісін беріп жатыр?

–  Қазақстанда шахматтың дамуы екі бағытты қамтиды. Біріншісі, кәсіби шахматты дамыту. Ол бағыт бойынша ұлттық чемпиондарды өсіріп шығару негізге алынған. Дарындарды жан-жақты қолдау, халықаралық жарыстарға шығару. Оларды Азия, Әлем біріншіліктеріне шығарып, жеңіске дайындау. Екінші бағыт, ең бастысы, шахматты бұқаралық спорт ретінде тарату. Қазір мен Алматы және Астана қалаларындағы мектептерде болдым. Мектептерде шахмат қосымша сабақтар ретінде оқытылады. Алдағы уақыттарда барлық мектептерде осы жүйені еңгізу жоспарланып отыр. Бұл ФИДЕ-нің «Chess In school» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Өз кезегінде шахматпен айналысатындар саны артқанда, сапа да өсе бастайды.

–  Ал Қазақстандағы балалар шахматы жайында пікіріңіз?

– Қазір заман тез өзгеріп жатыр. Сол себепті балаларды жастайынан тез, дұрыс ойлауды үйрету керек. Шахмат балалардың зейінін дамытуға септігін тигізеді. Осыған байланысты шахматтың шынайы өмірмен тікелей байланысы бар. Жоғарыда атап өткенімдей Қазақстанда балалар шахматын дамыту бойынша жақсы қадамдар жасалып жатыр.

– Шахматтан мәдениетке қарай өтсек. Қазақстан және қазақстандықтар мәдениеті туралы не білесіз?

– Қазақтар да біз секілді көшпелі халық. Бұрыннан бері Қазақстан пен Ресейді байланыстыратын нәрселер көп. Мен қазақтардың өз мәдениетіне, дәстүрлеріне өте ұқыпты қарайтындығын білемін. Ол ұлттық аспаптардан бастап, ұлттық ойындарына дейін бәрін қамтиды. Қазақстан еуразиялық мәдениетті жаңғырту мен дамыту бойынша көп жұмыстар атқарып жатқандығын білемін. Елдеріңізде мәдениетке байланысты көптеген семинарлар, ғылыми-қолданбалы конференциялар өткізіліп тұрады. Мәдениет пен заманға сай болудың үйлесімділігі бүкіл әлемде «қазақ кереметі» ретінде белгілі. 

Ұқсас материалдар