Қандастар Ассамблея

Кимешек кигізу салты

20.08.2014 10032
Кимешек кигізу салты – дәстүрлі ортадағы келiншектің балалы болған күннен бастап киетін баскиімі.

Кимешек кигізу салты – дәстүрлі ортадағы келiншектің балалы болған күннен бастап киетін баскиімі. Бұған келiншек өзi де дайындық жасайды. Енесiнiң, абысын- ажынының көмегiмен К. пiшiп, әшекей кестелерiн өзi тiгедi. Екi жағы мен маңдайын айналдыра түрлi-түстi жiптермен кестелейдi, К. жағы тұсындағы жалпақтығы кестесі екi-үш елiдей болады. Өрнегiн өз қалауынша таңдайды.

Кимешек киген келіншек. ОМЭЭ-материалдарынан

Жас келiн перзенттi болып, ол қырқынан шыққанда енесі: «сен енді санатқа қосылдың. бұрын бала едің, енді ана болдың. Енді осы үйге толық мүшесің»,– деп келінінің маңдайынан сүйіп, батасын білдіреді. Содан соң ауыл әйелдерi, бәйбiшелер әдейi жиналып келiп, келiнге үйінен келген киелі киім К.-ті өз қолдарымен кигiзедi. Оны келiннiң енесi ұйымдастырады. К. кигiзген адам келiннiң енесiнен сый алады. Арттағы әке-шешелері бұл баскиімді қыздары тез балалы болсын деп сандыққа әдейі ырыммен салады. Бұл киімнің киелі болуы да осы ырымнан. К.-те, жаулық та ана болған әйелдiң белгiсi екендiгiн көрсетедi. К.-те қасиеттi киiмге жатады. К.-тiң ана мен баланың тазалығы үшiн маңызы зор, көшпендiлiк өмiрге өте бейiм. Әйел денесiнiң жылы, кiршiксiз ұсталуы үшiн де пайдасы көп. Әйелдердiң көркiн келтiреді. К.-ке тiгiлетiн кесте әйелдiң жас мөлшерiне қарай таңдалады. Жас келiншектер неғұрлым көркем айшықты өрнектердi тiгiп, әдемi киiнуге тиiс. Ал егде әйелдер К.- тiң жағын онша әшекейлемейдi. Кестеге бояуы сұйықтау жiптердi пайдаланады. Жасы ұлғайған әйелдердiң К.-гiне жасыл, қоңыр жiптермен иiр кестелер тiгiледi. 30 жастан асқан әйелдер К.-терiне күмiс теңгелер мен моншақтар тақпаған. Жас келiншек үлкен кiсiлерге шашын көрсетпеуi керек. Бұл әрi жинақылықты, әрi тазалықты бiлдiредi. Жас келiннiң орамал салып жүруiнiң тағы бiр себебi – бiр отаудың иесi екенiн де аңғартатын нышаны. Отау ұстаушы дегендi ұқтырады. Жас әйел бала емiзген кезде денесiн төңiрегiндегi кiсiлерге көрсетпеуi керек. Ондай қылықты қазақтар салақтыққа, әдепсiздiкке жатқызған. К. сондай кезде кеудесiн көлегейлеп, жат көзден қалқалауға мүмкiндiк бередi. Бұл келiншектiң әдеп пен иба сақтаудағы беделiн көтередi. К. шаң-тозаңнан қорғайды, желге қақтырмайды, күн өткiзбейдi. Екіқабат кезінде төркінінен келген К.- шұлауышты енесі өз қолымен кигізеді. Қазақстанның солтүстік жағында мұны «жаулық салды» деп те айтады. К. те, жаулық та ана болған әйелдiң белгісі екендiгiн көрсетедi. Дәстүрлі ортада апа-әжелер К.-ті ерекше қастерлеп, таза киюге тырысқан. Кір, лас киім киген адамның басынан бағы, берекесі қашады, өзін марту басады деп білген. Көп жасаған қарт ана К.-гін өзінің жанына жақын келініне көзімдей көр деп мұра ретінде қалдырған. Кейде кимешектіті әдейілеп сұрап алатындар да бар.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»