Қандастар Ассамблея

Кілем композициясының семантикасы

29.09.2015 4605
Кілем композициясының семантикасы

Қазақтың дәстүрлі қалы кілемінің композициясы міндетті түрде төмендегідей бөліктерден (сегменттерден) тұрады:

а) ою- өрнек мотивтері терілген ортасы, ол «көл» немесе «табақ» деп аталады;

ә) «көлді» немесе «табақты» айналдыра «су» деп аталатын зооморфты немесе геометриялық пошымдағы, кейде, көгеріс стилдегі жіңішкелеу келген ою-өрнектер бір- біріне жалғаса теріледі;

б) осы «су» ою-өрнегі сыртында кілемнің «қорғаны» түсіріледі. «Қорғанның» ортасына кілемнің «көліне» немесе «табағына» терілген ою- өрнектерге түсі мен түр жағынан үйлесімді әлгі «қорғанның» ішкі «қабырғаларын» қуалай біркелкі қайталанып отыратын мотивтер теріледі. Мотив желісі (құрылымы) көгеріс немесе геометиялық болмаса зооморфтық стилде болып келеді;

в) «қорғанның» бүкіл сыртына жоғарыда аталған «су» ою- өрнегі тағы да жүгіртіледі;

г) «қорғанның» сыртындағы «су» ою-өрнектері өз кезегінде кілемнің «төсегіне» (фон) немесе ондағы ою-өрнектердің басым түсіне үйлесімді түсті жіппен тоқылып жиектеледі. Пошымы откиізге сырылған жіп сияқты болып көрінетін ол «жиек» деп аталады. Осы ретте ескере кетер жайт – кілем «қорғанының» екі «қапталына» терілген «су» ою-өрнек желісі кейде осы «қорғанның» «қабырғалары» болып санала береді.

Осындай композициялық құрылым және оның элементтерінің жоғарыдағы атаулары оңтүстік өңірлердегі тақыр кілемдерге де тән. Демек, бұл атаулар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, ішінара Алматы облысы аймақтарындағы кілемдердің аталмыш композициялық элементтерінің кілем тоқу техникасының иконографиялық канондары екендігін айғақтайды.

Мұндай канондар Қазақстанның батыс өңірлеріндегі (көбінесе Ақтөбе және Маңғыстау облыстары) кілем тоқу үрдісінде толық сақталса да, олардың жоғарыда аталған оңтүстік өңірлерге тән атаулары кездеспейді. Ал, Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі кілемнің (дұрысы тақыр кілемнің) композициясында «су» ою-өрнек желістері, әсіресе, «қорған» кездесе бермейді. Соңғысының орнына зооморфты немесе көгерісті болмаса геометриялық стилдегі жіңішкелеу келген ою-өрнек желісі жүгіртіледі. Ол «қоршау» деп аталады. Сонымен бірге осы өңірлерде кілемнің композициясын оңтүстік аймақтардағыдай «қорған», «су», «көл» немесе «табақ» деп канондық сегменттерге жіктемейді. Кілемнің композициялық құрылымының әр тұсындағы ою-өрнектердің атауларымен ғана шектеледі.

Жоғарыда айтылған кілемнің композициялық басты сегменттері мен олардың атаулары кездейсоқ қалыптасқан үрдіс емес. Осы сегменттердің семантикасын олардың атаулары мейлінше айқын да, айғақты білдіріп тұрғандай. Осы ретте ең ден қойдырары – аталмыш композициялық сегменттердің орналасу реті және олардың атауларының осы реттіліктің мәнін метафора тілімен дәл ашуы: «жиек» ↔ «су» ↔ «қорған» ↔ «су» — «көл» немесе «табақ». Біздің ойымызша, кілемнің осындай композициялық архитектоникасы дәстүрлі қазақ тіршілігінің мифопоэтикалық концепциясын білдіреді. Кілемнің осы композициясын фольклорлық дәстүрде ерекше әспеттелінетін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» болған екен дейтін көшпелі тіршіліктің мифопоэтикалық моделінің «материалданған» көрінісі десе де болады.

Осы ретте «көл» немесе «табақ» термині түсінбестік туғызатыны әбден кәдік. Біздіңше, бұл гәпті мифопоэтикалық этномәдени ортада табиғи құбылыс пен айтулы әлеуметтік жайтты саралау немесе зерделеу үрдісінде қолданылатын метафоралық тұспалдау тәсілінің қисынымен түсіндіруге болады. Дәстүрлі қазақы дүниетаным бойынша, «көл» де, «табақ» та – молшылықтың, мамыражай тоқ тіршіліктің символдары. Яғни, өркендеу идеясының «жүзеге асуы» болып табылады. «Көл» мен «табақ» терминдерінің қатар қолданыла беретіндігін ескеріп, оларды бірін-бірі семантикалық толықтырып отыратын символдар ретінде қарастыруға болады. Демек, «көл» немесе «табақ» – қазақ қауымының жоғарыда аталған мамыражай тоқ тіршілігін білдіретін, әрі айғақтайтын метафора. «Көл» немесе «табақты» «ата-баба жолын» ұстанған бақуатты қазақ тіршілігінің метафоралық, образдық моделі деуге де болады. Осы «көлді» қоршаған «қорған» мен «сулар» көшпелілердің тіршілік кеңістігінің тұтастығын және қорғанысының мықтылығын, әрі мызғымастығын білдірсе керек. Ал, кілемде терілетін әр түрлі ою-өрнек мотивтері «көл» немесе «табақтың» жоғарыда айтылған семантикасын нақтылайтын және айшықтайтын функция атқарады.

Сонымен, кілемнің аталмыш композициялық шешімі, түптеп келгенде, жоғарыда аталған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген метафораның материалданған көрінісі болып табылады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім