Қандастар Ассамблея

Киелі ғарыштық денелер

20.08.2014 24787
Аспан денелеріне (ай, көк, аспан, жұлдыз) байланысты киелілік ұғымы осы нысандарға тән магиялық, табиғаттан тыс тылсым күштер жөніндегі ұғым түсініктер негізінде қалыптасқан.

Киелі ғарыштық денелер. Аспан денелеріне (ай, көк, аспан, жұлдыз) байланысты киелілік ұғымы осы нысандарға тән магиялық, табиғаттан тыс тылсым күштер жөніндегі ұғым түсініктер негізінде қалыптасқан. Соған қатысты ырым-жоралардың кейбірі соңғы уақыттарға дейін сақталып келеді. Олардың қай-қайсысы да о бастағы табынумен байланысты.

Қазақтар ертеде аспан әлемін – көкті Құдай, Тәңірі, Жа- ратушы деп түсінген. Тәңіршілдік мифтік наным бойынша Көк аспан – түркі қоғамының Жаратушысы, әрі Иесі. Осы сенімге орай ертедегі ғұндардың ең жоғарғы билеушісінің есімі Тәңірқұт деп аталып, ол «Тәңірдің ұлы», «Көктің ұлы» дегенді білдірген. Көк күмбезі, көк нұры, аспан Жаратушы-Тәңірдің сипатын білдіреді. Сондықтан кейбір түркі халықтарында, мәселен, түріктерде, исламға дейінгі дәуірде және ислам дінінің таралып, орныға бастаған орта ғасырларда Тәңірге табынғанда бастарын көкке қаратып, мінажат ету ғұрпы болған.

Табиғат құбылыстарының, дүлей күштердің өз иелері болады. Оларды ренжітіп алмау керек, әйтпесе оның қаһары соғады деген түсінікке байланысты құрғақшылық жылда- ры жұрт аспан, көк құдайына құрбандық шалып, көктен жаңбыр тілейді (қ. Тасаттық). Түркі халықтарының на- нымы бойынша өлген адамның рухы бірінші күні үй ішінде ұшып жүрсе, екінші күні шаңыраққа қонады, тек үшінші күні ғана Көк Тәңірге аттанады. Ал оны көктегі Тәңірге қиналтпай төрт түліктің ішінде жылқы жеткізіп отырады. Ал жердегі адамдардың және өзінің тілегін киелі көкке, Көк Тәңіріне бағындырған жындары мен қобызы арқылы бақсылар  жеткізіп  отырған.  Қазақтардың  төрт  түлік малдың көк түстісін ерекше бағалауы, үлкен құрбандық ретінде көкқасқа айту, көкқасқа шалу, қызылша ауруына қарсы көк серкенің терісіне орану тәрізді ырым, түсініктер көкті  киелі  санаумен  байланысты  (қ.  Көкқасқа  айту; Көкқасқа шалу).  Қазақтар көптеген  жағдайда  ақ түсті жылқыларды  көк  ат  деп  те  атайды.  Мұның  өзі  көне түркілердің аспан құдайы – Көк Тәңіріне ақбоз аттарды құрбандыққа шалуынан қалған.

Адамға байланысты (Диқан баба, Қыдыр ата, Оғыз хан, Шыңғыс хан, Бүркіт баба т.б. қасиетті саналатын- дар) киеліліктің өзі о бастағы киелі аспан денелерінің құдіреттілігіне барып саяды. Зерттеуші Б.Алтаевтың түсіндіруі бойынша, әуелде киелілік аспан шырақтарының қасиетіне телінсе, келе-келе нақты адамның өзіне телінген. Киелілік түрлі кескінде (исламда Қыдыр) кездеседі деген ой-түсінік шын мәніндегі әулие адамның пайда болуына негіз болды. Адамның өзі ең басты киелі күш ретінде ұғынылып, Тәңірге (Қолақсай, Оғыз хан, Шыңғыс хан т.б.) айналған. Бұлардың іс-әрекеттегі бейнесі әр кезеңдегі әдет-ғұрып, салт-санамен, мәдени өмірмен сіңісіп кеткен.

Қазақтардың ертеректе күн күркірегенде көк айғыр кісінеді деп айтуы да аспанға табынуды аңғартады.

Көкке байланысты наным-сенімдер негізінде қалыптасқан «көк соққыр!» Құдай атқыр»; «жай түскір»; «Тәңір соққыр» деген мағынада), «көктен сұрағаны жерден та- былды» (көптен күткен арман-тілегі бірден орындалды), «көктен түскендей» (ғайыптан пайда болғандай, күтпеген жерден), «көктен түскен періштедей» (ерекше, айрықша), «көк тілгір» (көк соққыр) тәрізді бейнелі сөз орамдары мен қарғыстар, «көктен береді, жерден иеді» секілді мақалдар осы уақытқа дейін сақталып отыр. Мұның бәрі қазақтардың ежелгі мифтік-діни ұғымдарының ислам дінін қабылдағанға дейінгі бір түрін көрсетеді (қ. Көк).

Аспан денелерінің ішінде Айдың киелілігі де оған табы- нудан көрінеді.

 

Жаңа туған ай. ОМЭЭ – материалынан

 

Айды киелі деп санап, оған табыну – түркі халықтарында ертеден келе жатқан ғұрыптардың бірі. Ш.Уәлихановтың айтуынша, Ай бір кезде Тәңірі болған тәрізді. Қазақтар жаңа Ай көргенде иіліп сәлем береді және жаздыгүні сәлем берген жерінің шөбін жұлып, үйге келген соң ол шөпті отқа салады. Қазақтар Айға ұзақ қарамайды, өйткені Айдағы кемпір кірпік санайды деп қорқады. Дәретке отырғанда айға қарап отырмайды. Жалпы, қазақтар Айды құрметтеп сөйлеген.

Айдың туғанын алғаш көргенде қарттардың «ескі Айда есірке, жаңа Айда жарылқа» – деп бет сипап жатқанын әлі де кездестіруге болады. Жаңа Айды көргенде қырғыздар да бата жасайды. Мұндай әдет-ғұрыптар, наным-сенімдер басқа да түркі халықтарының тұрмысынан берік орын алған. Мәселен, башқұрттарда адам жаңа Ай туғанда қайтыс болса, Айдан ол адамға о дүниеден жақсылық жасауын өтінсе, хакастар ай жаңасы жақсы жұмыстарды бастауға қолайлы уақыт деп, ал алтайлықтар бұл уақытта іс бастауға болмайды деп санаған.

Қазақ тыйымдарының біразы Айды қасиетті санап, құрметтеуге байланысты туған. Халық ертеден-ақ басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға Ай сәулесінің әсер ететінін білген. Сондықтан ондай адамдарды Ай толған кез- де далаға шығармауға тырысады. Сондай-ақ, ай толған кезде далаға жалаңбас шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға тесіліп ұзақ қарауға, жас баланың бетіне Ай сәулесін түсіруге, күн батқаннан кейін, әсіресе, айлы түнде, сыртқа үйден сүт алып шығуға болмайды (өйткені сүтке ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Айлы түнде далаға сүт алып шығуға тура келсе, оның бетін мықтап жауып алу керек). Айға байланысты мұндай ырымдар мен тыйымдар халық арасында қазіргі уақытқа дейін сақталып келеді (қ. Ай).

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»