Қандастар Ассамблея

Хенрик ЯНКОВСКИ: «Қазақ тілі – даладай кең, теңіздей терең»

19.01.2015 3777
Х. Янковски 1951 жылы Польшаның Ломжа қаласында дүниеге келген. Жоғары білім алуды Варшава университетінде бастап, Мажарстандағы Будапешт университетінде жалғастырады.

Поляк тілшісі, шығыстанушы және түркітанушы, Полшадағы Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің профессоры Хенрик Янковски 2012 жылғы ақпан, наурыз айларында Ақтаудағы Ш. Есенов атындағы КМТИУ-де «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын магистранттар мен студенттерге дәріс оқып, кездесулер өткізіп, кафедра оқытушыларына шеберлік сабақтарын жүргізіп, магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеңестер берді.

Х. Янковски 1951 жылы Польшаның Ломжа қаласында дүниеге келген. Жоғары білім алуды Варшава университетінде бастап, Мажарстандағы Будапешт университетінде жалғастырады, сонда 1981 жылы түркі және мажар тілдері бойынша мамандық алып шығады. 1982 жылдан бері А. Мицкевич атындағы Познань университетінде еңбек етіп келеді. Ұстаздық қызмет және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар айналысқан ол 1986 жылы орал-алтай тілдері бойынша зерттеулері үшін докторлық (PhD), 1994 жылы қырым-татар тілдерін зерттеу нәтижелері үшін докторлықтан кейінгі (постдокторлық) ғылыми дәрежелерге ие болған. 1996 жылы университет профессоры, 2007 жылы титулдық профессор атағын алады. Бүгінде «Азиятану» кафедрасында түркі, монғол, корейтану бөлімін басқарады.

Х. Янковскидің 150-ден астам ғылыми еңбектері бар. АҚШ, Германия, Ресей, Финляндия, Голландия, Венгрия, Түркия секілді көптеген елдердің беделді басылымдарында ғылыми мақалалары жарияланып тұрады. Басты еңбектерінің қатарында «Орал және алтай тілдеріндегі есімшелі тіркестер» (1987, француз тілінде), «Қырым-татар тілінің грамматикасы» (1992, поляк тілінде), «Қырым жер-су атауларының тарихи-этимологиялық сөздігі» (2006, ағылшын тілінде, «Қырым-татар тілі» (2010, поляк тілінде) кітаптарын атауға болады. 2011 жылы жұбайы Гүлайхан Ақтаймен бірге 20 мың сөзді қамтитын «Қазақша-полякша сөздік» құрастырып шығарды.

Пан Х. Янковскидің Қазақстанмен байланысы 1993 жылдан басталады. Сол жылы Ақмола облысына Қазақстанда тұратын поляктардың тұрмыс-салты мен тілдік ерекшеліктерін зерттеу мақсатындағы топпен келген екен. Кейін оның елімізбен байланысы нығайып, Қазақстанның көптеген қалаларында болып, жоғары оқу орындарымен тығыз ғылыми байланыс жасап келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ғылымының Құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері (2009), Түркістандағы Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің (2004), Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің (2009) Құрметті профессоры.

 

– Хенрик мырза, университетімізге қош келдіңіз. Өзіңізбен емен-жарқын әңгімелескім келеді. Алғашқы сауалымыз – сіз түркітану ғылымына қалай келдіңіз?

Мен түркітану ғылымына тікелей жеткем жоқ. Оған мажар тілін зерттеу арқылы келдім. Университетте мажар тілін оқып жүргенде мажар тіліндегі кірме сөздер – түркі сөздерінің көптігі мені қызықтыра бастады. Олар өте ескі нұсқалар, V-X ғасырлар аралығындағы ортақ тілдік қолданыста болған сөздер қоры. Міне, содан бастап түркі тілдерін үйренемін деген шешімге келдім. Үйрене жүріп зерттедім. Солайша түрколог атандым.

Бәрекелде! Ал, енді Қазақстанмен байланысыңыз қашаннан басталды? Қазақ тілін қалай, қайдан және кімдерден үйрендіңіз?

Сол студенттік жылдарымда мені бүкіл түркі тілдері қызықтырды. Бірақ, әрине, бәрін бірдей үйренуге шама болған жоқ. Жетпісінші жылдары тек түрік тілін ғана жүйелі түрде үйренуге мүмкіншілік болды. Ал, басқа тілдерді өз бетімше кітаптардан, баспасөзден – газет-журналдардан оқып, пайымдап үйрене алдым. Мажарстанда өте жақсы ұстаздарым болды. Белгілі мажар ғалымы, түркітанушы Иштван Қоңыр Мандоки сияқты әріптес-достарым да көп болды. Олар еңбектерімді қыпшақ тіліне аударды. Сөйтіп мен ақырын-ақырын кітап, газет-журналдар алып, сөздікпен оқи бастадым. Ол кезде тіл үйрететін курстар да болған жоқ, оқулықтар да өте аз. Тек американдық ғалым Ричард Крюгер құрастырған: “In Kazakh language” («Қазақ тіліне кіріспе») және Борис Шнитниковтың «Қазақша-ағылшынша сөздігі» болды. Басқа ешқандай әдебиеттер жоқ.

Бізде: «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақал бар. Ал, сіз оншақты тіл біледі екенсіз. Өте қызығып отырмыз. Хенрик мырза, өз тәжірибеңізден айтыңызшы, өзге ұлттарға қазақ тілін үйрену оңай ма?

Жүйелі түрде оқытатын курс болса, қазақ тілін үйренемін деген ниет болса, қиын болмайды. Сөздіктері мен оқулықтар болса, әрине, үйренуге болады. Шет елге шыға алса, сол елдің ішінде жүріп те үйрену оңай.

Алты тілдік топтан, қырық тілден жүзден аса диалектілерден тұратын түркі тілдерін зерттейтін жалпы түркітану ғылымында қазақ тілінің зерттелу деңгейі қалай?

Менің ойымша, түркітану ғылымында қазақ тілінің зерттелу деңгейі әлі де жеткілікті емес. Қазақ тіл білімімен айналысқан ғалымдар саусақпен санарлық қана. Әсіресе, Батыста. Америкада Филлман, Карл Криппэс деген тілтанушылар, одан кейін Германияда екі ғана ғалым бар: Инджборг Балдауф, Марк Кирчнер сияқты. Ұлыбританияда Баавна Дэйв деген ғалым бар. Польшада мен, басқа жоқ сияқты. Әрине, Қытай, Моңғолия сияқты қазақтар тұратын мемлекеттерде және түркі тектес елдерде жағдай басқа.

Сондай-ақ шет елде жүрген қазақтар да бұл салада өз үлестерін қосып жатыр. Атап айтқанда, Америкада Тана Аяпова, Ақмарал Мұқан, Мажарстанда Раушан Мұқышева, Германияда Райхан Мұхаммедова, біздің Польшада Гүлайхан Ақтай, т.б. қазақ тілін зерттеуде.

Қазіргі түркология ғылымындағы көрнекті тұлғалардың бірісіз. Халықаралық деңгейдегі тілші ғалым ретінде қазақ тілін өзіңіз қалай бағалайсыз?

Қазақ тілі, әрине, бірыңғайлы емес. Кез-келген басқа тілдер сияқты қасиеттерге ие. Байтақ даладай кең, телегей теңіздей терең, асқар таудай биік. Қазақтың әдеби тілі – жыршы-жырауларының, ақын-жазушыларының көркем тілі таң қаларлық. Сонымен бірге қазіргі қоғамдық қатынастағы тіл өз алдына. Бұлар біркелкі емес. Түркі тілдері арасында ескі мәдени мұраның қазақ тіліндегі нұсқалары ғажайып бай. Бірақ қазіргі қоғамда ауызекі сөйленетін тілдік қолданыстағы қазақ тілі әртүрлі. Кейбір қалаларда жүрсек, Қазақстанда емес, Ресейде жүргендейміз. Жарайды, ол ауызекі тіл десек, жазуларға қарайықшы: «Штраф», «Не курить, не сорить», дүкенге емес, «Магазинге» кіресіз, онда жиі қолданылатын сөздер қандай: «цвет», «размер», «кошелёк», «сдача», т.б. Тіпті ең жақын туыстық қатынастағы сөздерді де араластырамыз – «папа-мама», «подруга», көшеде жүрсем маған «брат» дейді. «Женщина, мужчина» немесе «молодой человек» деп шақырып жатады. Сондай шұбарлаушылық бар.

– «Сырт көз – сыншы» деген. Қазақстанның қазіргі тіл саясатына көзқарасыңыз қалай?

Әрине, тарихтан білеміз, қазақ тілінің осы жағдайының өзі Қазақстанда саяси факторға айналып кетті. Тіл туралы әңгіме Қазақстанда күн сайын айтылады. БАҚ-та – теледидарда, баспасөз беттерінде өте жиі көтеріледі. Ал, енді тіл саясаты Қазақстанда тиімсіз деп ойлаймын. Тіл саясатында біріншіден тіл жоспарлау бар. Оның ішінде статусты жоспарлау бар, басқаша айтқанда, тіл мәртебесін жоспарлау. Одан кейін корпусты жоспарлау. Одан кейін саяси жоспарлау бар, демек, шешімдерді жүзеге асыру. Енді бұл салада тіл саясаты, меніңше, тиімсіз. Көптеген мысалдар айтуға болады. Қазақстанға келетін шетелдік өкілдер қазақ тілін емес, орыс тілін үйреніп жүр. Мәселен, Ұлыбританияның елшісі Қазақстанға орыс тілін үйреніп келген. Мен Алматыда бір конференцияға қатыстым, сонда Францияның бас консулы сөз сөйлеуге мінберге шықты. Ол жұртшылыққа: «Мен Қазақстанға келгенде орыс тілін еш білмейтін едім. Осында қызмет еткен бір жыл ішінде ептеп орыс тілін үйреніп қалдым. Шамалы сөйлей аламын, түсіне аламын, күнделікті қолдана аламын», – дейді. Дәл осындай жағдай керісінше, шет елдерде, Еуропа мемлекеттерінде Қазақстанның бірнеше елшілері қазақ тілін білмейді. Сондықтан тіл мәртебесі өз биігіне жете алмай келеді.

Өткен жылы жұбайыңыз Гүлайхан Ақтаймен бірге 20 мың сөзді қамтитын «Қазақша-полякша сөздік» құрастырып шығарыпсыз. Ол қолымызға тиді, ғылыми айналымға енді. Демек Польшада да қазақ тілі оқытылады ғой? Яғни, өзіңіз басқаратын «Азиятану» кафедрасында немесе басқа да университеттерде...

Дұрыс айтасың, Польшада А. Мицкевич атындағы Познань университетінде «Түркітану» мамандығын оқыту 2002 жылы басталды. Онда түркологияның басты тілі – түрік тілі еді. Бірақ мен өзім сол қазақ тілі болсын деп ойладым. Сөйтіп Қазақстанға іссапармен келіп, бірнеше университеттерге барып, олардан білікті мамандар сұрадым. Бірнеше оқытушылар келді. Содан біз жоқтан бар жасап, өзіміздің студенттерімізге жүйелі түрде қазақ тілін оқыту курстарын ашып, тұрақты үйретудеміз. «Түркітану» мамандығында оқитын студенттеріміз қазір қазақша оқып жатыр. Үш жыл ішінде бакалавр курсында оқып, одан кейін магистратурада жалғастырады.

Бәрекелде, Хенрик мырза, біздің университетіміздің де студенттері алмасу бағдарламасы арқылы жыл сайын Польшаның Вроцлев университетіне барып оқып келеді. Сонда олар тіл үйрену үшін ең алдымен осы сөздікті пайдаланады.

Енді тарихқа шегініс жасасақ. Бір кездері Қазақстанға жер аударылып келген поляк зиялылары А. Янушкевич «Күнделіктер мен хаттар» (Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар) атты кітабында қазақ тілін жетік білмегендіктен кезінде көп деректерді тілмаштар арқылы жазып алған. Әрі ол көркем шығарма немесе ғылыми зерттеу емес, деректі сапарнама, жолжазба түрінде хатқа түскен. Сонда ол қазақ сахарасында өткен бір ақындар айтысын тамашалап, таң қалған. Оны ақын Г. Зелинский де өз поэмаларында жазады. Қазақ музыкасын дүние жүзіне, бүкіл Еуропа халықтарына алғаш рет кеңінен таныстырып, таратқан музыкатанушы-этнограф А. Затаевич саз өнерімізді аса жоғары бағалаған.

Сіз өзіңіз оқырман ретінде қазіргі қазақ әдебиетін қалай бағалайсыз? Қазіргі қазақ поэзиясын, прозасын оқып тұрасыз ба?

Өкінішке орай, менің бос уақытым бола бермейді. Маман ретінде ең алдымен қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттерді оқимын. Яғни, тілтану мен әдебиеттану. Бірақ мүмкіндігімше әдеби шығармаларды да оқуға тырысам. Менің жеке ойымша, қазақтың өлеңі, поэзиясы күшті дамыған. Қазіргі көптеген қазақ ақындарының ішінен, әсіресе, Мұхтар Шахановтың, Жүрсін Ерманның шығармаларын оқимын. Ал, проза жанрында мен өзім өте ұнататын жазушым – Мұхтар Мағауин. Қазіргі әдебиетке келсек, қазақ прозасында тарихи бағыт бар. Менің ойымша, Қазақстанның жазушылары қазіргі мәселелерден қашығырақ жүреді. Көбіне тарихи тақырыптарға барады. Тіпті мен ұнататын Мұхтар Мағауин де қазір «Шыңғыс ханды» жазып жүр, «Қыпшақ аруын» жазды. Басқа қаламгерлерде де осындай тарихи бағыт баршылық. Ал, қазіргі қоғамдық мәселелерді көтеретін жазушы аз. Жастар арасында, жасөспірімдер ішінде де мен ерекше ұнатып оқитын жазушым – әрине, ол қазақ емес, башқұрт, бірақ қазақ тілінде жазатын Машһар Ғұмар.

– Тек біздің университетіміз емес, еліміздің басқа өңірлерінде де ЖОО-да дәріс оқып жүрсіз. Ғылым саласында, қазіргі білім беру жүйелері жөнінде не айтасыз?

Кез-келген нәрсенің сынайтын да, мақтайтын да жақтары болады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстандағы саясатты мақтау керек. Мұнда білімге, ғылымға өте зор мән беріледі. Соның арқасында мен осында жүрмін. Қазақстанда білім мен ғылым саласын қаржыландыру жағы өте жақсы. Мен өзім көптеген қазақстандық университеттермен, институттармен байланыстамын. Қазақстанға жиі келіп, әр түрлі университеттердегі тілтанушы мамандармен тығыз байланыста тәжірибе алмасып тұрамыз. Студенттерде де өте зор даму бар. Ағылшынша білетін студенттердің саны күн сайын көбейіп келеді. Бұл өте дұрыс. Қысқасы, қазіргі қазақ тілінің зерттелу жағдайы әзірге аса жеткілікті болмаса да болашақ үшін жақсы перспективалар бар.

– Рахмет, Хенрик мырза! Қазақстанға жиі ат басын бұрып тұрыңыз.


Сұхбаттасқан – Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің магистранты

Ұқсас материалдар