Қандастар Ассамблея

Халықаралық жеке құқықтағы неке-отбасы қатынастары

27.11.2015 14970
Халықаралық жеке құқықтағы неке-отбасы қатынастары

Халықаралық жеке құқықтағы неке-отбасы қатынастары мәселелері: алименттік міндеттерді реттеу, бала асырап алу, суррогат ана.

Халықаралық жеке құқықтағы неке-отбасы қатынастары мәселелеріне халықаралық сипаты бар некені тоқтату, некені жарамсыз деп тану, жұбайлар арасындағы мүлікті анықтау, алименттік міндеттерді реттеу, бала асырап алу және басқа да қатынастарын жатқызамыз.  

Отбасы-неке қатынастарын сипаттай отырып, мынадай жағдайды ескеру керек, әрбір мемлекет өзінің тарихи, діни, салт-дәстүр түрлерін, моральдық және тұрмыстық нормаларын құрайды. Міне, осы қатынастардың өзі отбасы құқығындағы коллизиялық және материалдық мәселелер үйлестіруіне алып келеді.

Көптеген мемлекеттердің заңнамаларында некеге тұрушы азаматтардың материалдық шартын анықтайтын ерекшеліктері бар. Мысалы, Ресейде некеге тұру шарты ерікті негізде құрылған ер мен әйелдің келісімі және міндетті жас шамасына жетуі, яғни 18 жас. Басқа мемлекеттерде неке жасы әлдеқайда төмен мөлшері белгіленуі мүмкін. Кейбір мемлекеттердің заңнамаларында мысалы мұсылман елдерінде, келесі шарттарды қарастыруға болады: күйеу бала мен қалыңдық арасындағы жас шамасы айырмашылығы, жұбайының бірі қайтыс болғаннан кейін белгілі уақыт шамасын өтуінен кейінгі жаңа некенің тіркелуі. Ресей Федерациясында жоғарыда аталған шарттардан өзге, РФ АК-де некеге кедергі болатын ерекше бап көрсетілген (14 бап). Соның ішінде егер некеге Францияда тұрғысы келген жағдайда, 21 жасқа толмаған азамат әке-шешесінің рұқсатын алу міндетті емес.

Ал кейбір ғалымдардың пікірі бойынша отбасылық құқықтар мен міндеттердің басым көпшілігіне ие болу және жүзеге асыру үшін отбасылық қатынастардың қатысушылары әрекет қабілеттілікке ие болуы қажет. Сонымен қатар әрекет қабілеттіліктің болуы барлық отбасылық құқықтық қатынастардың пайда болуының, өзгертуінің, тоқтатылуының алғышарты болып табыла бермейді.

Отбасы  құқықтық қатынастарынының классификациясы мазмұны бойынша қиын болғандықтан, өзіндік күрделілік туғызады. Неке құқықтық қатынастары өз алдына жеке құқықты және ерлі-зайыптылардың міндеттерін қамтитын қатынастарды қосады, сонымен қатар олардың құқықтары мен ортақ мүлкі мен материалдық табыс міндеттерін қамтиды. Осыған орай, неке құқықтық қатынастары бір құқықтық қатынастың ба, әлде бірнеше құқықтық қатынастардың жиынтығын құрайды ма деген сұрақ туындайды?   

Отбасы құқықтық қатынастарының классификациясы әр түрлі негіздерге қарай бөлінеді:

- мазмұны бойынша;

- субьектілерінің құрамы бойынша;

- субьектілердің құқықтарын қорғау сипаты бойынша.

Мазмұны бойынша отбасы құқықтық қатынас жеке мүліктік және мүліктік емес болып бөлінеді. Осындай бөліну мүліктік құқықтар мен міндеттерде белгілі экономикалық сипатының болуына байланысты негізделінген. Мұндай мазмұндағы жеке құқықтар мен міндеттер, жеке тұлғадан айырылмайтын, өзге тұлғаларға берілмейтін материалдық емес игіліктерге байланысты жоғарыда аталған бөліністерге жатқызылмайды.

Неке-отбасы қатынастарының қазіргі заманғы құқықтық қоғаммен талқыланатын өзекті мәселелердің бірі- Қазақстанда және шет ел мемлекеттерінен алимент өндіру мәселелері. Өкінішке орай, отбасылар ажырасқан кезде баланы асырап, тәрбиелеу мәселесі бұрынғы ерлі-зайыптылар өзара ақылдасып, кеңесіп емес, сотқа жүгіну арқылы талас тартыспен шешеді. Содан кейін бала бағып, өсіру сот үкімімен өндірілетін алимент арқылы қамтамасыз етіледі. Ал мәжбүрлі алимент өндіру өз кезегінде әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік сияқты мәселелерді туындататыны жалтарып, әртүрлі әрекеттерге барып жатады.

Отбасы құқығында алимент сөзі (лат. alimentum- ұстау, асырау) деген мағынада, яғни заңдарда көзделгендей бір отбасы мүшесі басқа отбасы мүшесін асырауға міндеттенеді.

“Алимент” деген сөзге мінездеме беретін болсақ, ол: отбасында баланың өмір сүру көзі болып қызмет атқарады; тура бағытталған мақсаты кәмелетке толмаған баланы асырау; ай сайынғы тұрақты төленетін сомма; ата-аналардың жеке міндеттеріне жатады; аса дербес мінездемесі бар; баланың тумысынан төлеу басталып және баланың кәмелет жасқа толып, толық әрекет қабілеттілік бар болған тоқталады; әрбір кәмелетке толмаған балаларға төленеді (ол қай жерде болмасын, яғни балалар мекемесінде, басқа да табыс көздері болған жағдайда төленеді.); міндеттеме ретінде қарастырылады, егер төленбеген жағдайда қылмыстық жазаға тартылады.

Алименттік міндеттемелер “Неке және отбасы” Кодексімен ғана емес, сонымен қатар кейбір шет елдерде Азаматтық кодекспен реттеледі. Мысалы, Грузия, Франция, Германия, Перу, Испания, Греция, Португалия және т.б. кей мемлекеттерде отбасы қатынастары Азаматтық кодексте реттеледі. Беларуссия, Украина, РФ, Вьетнам, Куба және т.б. мемлекеттерде отбасы кодекстерімен реттеледі.

АҚШ-та ата-аналар некелерін бұзған жағдайда сот кәмелетке толмаған балаға әкесіне алимент төлеттіреді. АҚШ-тың соттары және көптеген Еуропа мемлекеттерінің алименттік міндеттемелері борышкердің қайтыс болғаннан соң тоқтатылады деген пікірді ұстанады. Бірақта кейбір штаттарда (Uniform Marriage and Divorse Act) – (некені бұзу туралы біркелкі заң) алимент төлеу міндеттемелері борышкердің өлімімен тоқтатылмайды, алименттік міндеттемелер баланың кәмелетке толғанша жалғасады екен.

Англияда балаға алимент төлеу бала он алты жасқа келгенше төленеді. Баланың алуын он алты жастан кейін оқу орнына түссе, әрі қарай кәсіптік дайындықтан өтіп жатса, баланың осы жаста жұмыс істеуіне не істеуіне қарамастан сот тәртібімен алиментті өндіріп алуға болады. Балаға алимент өндіру түрлері: тұрақты анықталған соммада; кезеңдермен төлеу соммасы; мүлікті қайта бөлу. 

Кейбір шет мемлекеттерінде ата-аналар және балалардың алименттік міндеттемелері (РФ, Сербия, АҚШ), ата-аналар алименттік міндеттемелері екі ата-анада баланың кәмелетке толғанша және оқуын толық аяқтағанша қамтамасыз етеді. Алимент алушы болып, заңды некеде және некеден тыс туылған балалар, кәмелетке толған балалар егер де олар еңбекке қабілетсіз, көмекке мұқтаж болғандар алимент алуға құқығы бар. АҚШ заңнамасы бойынша бұрынғы ерлі-зайыптылары біреуі біріне 3 түрлі алименттерді анықтайды. Олар: тұрақты, уақытша, қалпына келтіру(реабилитациа). Тұрақты алимент аз қолданылады. Кейбір штаттарда мұндай алимент түрін мүлдем қолданбайды екен. Уақытша алимент ажырасу сатысындағы уақытта төленетін алимент. Мұндай алимент түрі басқа штаттарда әйел жақ жеңіп шығады. Қалпына келтіру алиментінің мақсаты-алимент алушы алимент ала отырып өзінің кәсібилігін арттыру, қайта мамандандырылуы, тәжірибе алуына, әрі қарай өзін асырауға мүмкіндік беру үшін қажет. Алимент егер алимент алу жұбайы басқа некеге отырса немесе басқа азаматпен азаматтық некеде бірге тұрса тоқтатылады.

Англия елінде бұрынғы ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері бойынша алимент төлеу тек бұрынғы жұбайына артылатын. Англияда бұрынғы ерлі-зайыптылардың ең төменгі ең жоғарғы алимент төлеу қаражаты анықталмаған. Бірақ тәжірибеде өте қызықты жағдай, Англия соты ажырасқан ерлі-зайыптылардың алимент төлеуді көбіне бұрынғы жұбайына артады және ол әйелін өмір бойы асырауға міндеттенеді. Англия соты қазіргі уақытта үш жылға дейін асырауға міндеттейді, алайда бұлда баламен қалған аналардың жағдайы түзеліп жатқан жоқ.

Франция мемлекетінде алименттік міндеттемелер Азаматтық кодекспен реттеледі. Францияның Азаматтық кодексінің 217-бабы бойынша “ерлі-зайыптылар отбасыға мүмкіндігінше өздерінің үлесін қосу қажет”. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы бір-бірінен алимент талап етуге құқылы. Бұрынғы жұбайы апатқа, денсаулығына, белгілі жасына байланысты әйелінен алимент сұрауға құқығы бар. Франция соты ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде мынадай жағдайларды ескереді:

-Ерлі-зайыптылардың материалдық жағдайын, табыс көздерін таба алатындығын, мүліктік жағдайын және өзге табыс көздерін анықтайды;

-Баланың бар екенін және егер араларында бала болса, баланың материалдық жағдайын және қажеттілігін анықтайды;

-Ерлі-зайыптылардың жастарына байланысты денсаулығын анықтайды;

-Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының қаржы және біліктілігін анықтайды.

Франция мемлекеті АК-нің 281-бабы бойынша “ерлі-зайыптылардың ажырасуға себепкер болуға ерлі-зайыптылардың біреуі толығымен материалдық жауапкер болады”. Сонымен келе жауапкер толығымен материалдық және екінші жұбайды ұзақ уақытқа немесе өмір бойы асырауға міндеттенеді.

Германия мемлекетінде алимент өндіру “алиментті жағдайы жақсы, алимент төлей алатын жақ болуы қажет” деген қағида ұстанады. Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде мүлікті қайта бөлу, қажеттілікті толтыру мақсатында алимент төлей алатын жаққа ауырлық түседі. Сот алимент алушыны жағдайларға байланысты анықтайды:

-  Белгілі бір жағдайларға байланысты жұмыс істей алмайтын болса танылады;

-  Ажырасқаннан кейін өмірге бейімделу;

-  Некеге тұру кезінде бала босану немесе біліктілігін арттыру.

Сот кейбір жағдайларға байланысты алимент алуға шешімін бермеуі мүмкін.

-  Некенің ұзақ болмауына;

-  Ерлі-зайыптылардың біреуі қылмыс жасаса, отбасы мүшелеріне қарсы пайдақорлық мақсатымен қылмыс жасаған кезде;

-  Пайдақорлық мақсатпен алимент сұрайтын болса;

-  Өзге де жағдайлар және жоғарыда айтылғандар орын алса.

Германия мемлекетіндегі отбасы қатынастарын реттеуде “бірінші кезекте” алименттік қамтамасыз ету жағдайы бойынша некеден тыс туылған балаларға алимент төленеді және алимент төлеуші қайтыс болған соң, оның алимент төлеу міндеттері некедегі балаларына өтеді екен. Сонымен қатар Заңда “жүкті кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы бұрынғы әйелінің бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығы” көрсетілген. Осыған орай кейбір авторлар мысалы, В.П.Шахматов “осы кезеңде әйелдің уақытша еңбекке қабілеті жоқ, сондықтан алимент алуға құқылы” деп санайды.

Ал Италия мемлекетінің заңнамасы бойынша, егер алдыңғы некесін бұзғанына он ай толмаса, жаңа некеге тұруға болмайды. Жаңа неке құру үшін итальянстар коммунадан арнайы рұқсатнама қағаздарын алуы қажет. Бұл мемлекеттің өзіне тән, құқықтық материалдық нормаларымен ерекшеленгенімен, өзге елдер секілді, алименттік өндіру қатаң жүргізіледі, яғни ажырасқан және бөлек тұратын жұбайына, сондай-ақ балаларының шығындарына көмектесуге міндеттенеді.

Мысалға Израиль мемлекетін алатын болсақ, “Алимент өндіру туралы” Заңы бойынша екі жағдайда алимент өндіруге болады. Біріншіден, Ұлттық сақтандыру қызметіне жүгіну (Битаух муми). Егер алимент алушы шет ел мемлекеттерге шығатын болса, алимент алу құқығынан айырылады.

Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері, сонымен қатар балаға деген алимент, біздің заңнама бойынша талапкердің талабы бойынша баланың қай мемлекетте тұрақты тұрады, сол мемлекеттің заңнамасы қолданылуы мүмкін. Бұл норма, яғни баланың басқа мемлекеттің азаматы, бірақ тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасының қолданылуы. Заңнама баланың тұрақты тұратын жердің заңнамасын қолдану туралы сотқа міндет артпайды, сот талапкердің талап етіп отырған заңнамасы егер де баланың мүддесіне қайшы келмейді деп шешетін кезде ғана қолданады. Тұлғаның қай мемлекетке жататыны және қай мемлекеттің заңы қолданылуы мүмкін екенін сот шешім қабылдағанша шешеді. Егер бала бір мемлекеттің азаматы болып, шешім шыққанша басқа мемлекеттің азаматы болып танылса, онда сот соңғы азаматтығына қарайды. Егер ерлі-зайыптылар неке шартын және алимент төлеу туралы келісімшартқа отырмаса, ортақ азаматтығы жоқ немесе бірге тұрмаса, олардың белгіленген құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін белгілі мемлекеттің заңнамасын таңдай алады.

Кәмелетке толған балаларының ата-аналарының пайдасына алименттік міндеттемелері, сондай-ақ басқа да отбасы мүшелерінің алименттік міндеттемелері аумағында олардың бірге тұратын жері бар мемлекеттің заңдарымен белгіленеді. Бірге тұратын жері болмаған жағдайда мұндай міндеттемелер алимент алуға құқығы бар адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңдарымен белгіленеді. Мысалы, егер шет ел мемлекетінің азаматы болып табылатын әйел баласымен басқа елде тұратын болса, қазақстандық азаматынан Астана қаласында тұратын алимент өндіру туралы біздің елдің сотына талап арыз берген болса, сот бұл дауды қарастыру барысында, баланың қай мемлекеттің азаматы болса, сол мемлекеттің заңнамасын қарастыру керек. Ал бала мен ана Қазақстан жерінде тұрып, басқа мемлекеттің азаматына алимент өндіру туралы талап арыз түскен жағдайда, сот егер бала Қазақстан азаматтығында болса, біздің елдің заңнамасын қолданады.

Алимент төлемейтін азаматтармен жақсы күрес жолын тапты, АҚШ-та жаңа өзгерістер енгізілді, мысалы, 1998 жылы жаздан бастап, шет елге шығатын азаматтарға паспортын уақытылы ала алмайды, мемлекеттік департамент егер алимент уақытылы және қасақана төлемейтін және алимент мөлшері $2500 асатын жағдайда берілмейді. Азамат алиментті толық жапқан соң, паспортын алу үшін ресми сұрау жасайды, ал төленген ақшалары штат әкімшілігі қазынасына әріқарай баланың асыраушысына жіберіледі екен [9].

Шет елінен алимент өндіру бойынша құқықтық көмек және азаматтардың бірқатар құқықтарының жүзеге асырылуы мақсатында құқықтық реттелетін нормалардың бірі ҚР Минск Конвенциясына қосылғанын айта аламыз. 1993 жылы қаңтар айында Минскте ТМД 10 мемлекеттерінің басшылары арасында (Армения, Беларусь, ҚР, Қырғызстан, Молдова, РФ, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина) азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер бойынша құқықтық өзара көмек беру туралы Минск конвенциясына қол қойылды. Бұл келісімшарт азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер бойынша соттардың және құқық қорғау органдарының арасында және қай жерде тұратынына қарамастан, азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету мақсатындағы механизмі және күш көрсететін тұтқасын шығарды десек те болады.

Сонымен қатар, 1994 жылы 9 қыркүйекте Москва қаласында Әзірбайжан, Армения, ҚР, Қырғызстан, Молдова, РФ, Түркменстан, Өзбекстан, Украина Үкіметтері жасасқан қол қойылған әлеуметтік жәрдемақы, балалы отбасыларғы өтемақы төлеу және алимент төлеу саласындағы азаматтардың құқықтық кепілдіктері туралы келісімге отырды. Бұл келісімнің мақсаты балалы отбасыларға және алимент төлеу саласындағы азаматтарға құқықтық кепілдіктер беру болып табылады. Тараптардың азаматтарына алименттер белгілеу мен өндіріп алу (төлету) олар тұрған аумақтағы тараптың ұлттық заңдарына көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Отбасы қатынастары бұл шеңбер тәрізді оған мемлекет аса қамқорлықпен қарауы тиіс. Алименттік қатынастар бұл өзінің табиғатына қарай біріншіден, отбасы қатынастарында қатысушылардың өзара көмек көрсетуі қамқорлықтың белгісі, екіншіден, алименттік құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырудағы мемлекеттің құжат жүзінде жазылуына кепілдік береді, ал бұл ісшаралардың орындалмағанына мемлекет құқықбұзушыларды қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Ендігі кезекте, отбасылық қатынастарынан туындайтын келесі мәселенің бірі – бала  асырап алу. Ол құқықтық институттардың ежелден келе жатқан бір түрі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың ең тиімді формасы болып табылады.

Бала (ұл немес қыз) асырап алу – асырап алушы мен асырап алынушы арасында ата-анамен бала арасында пайда болатын қатынас сияқты құқықтық қатынасты (жеке және мүліктік) көздейтін заңды акт.

Бала асырап алу ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың өзге түрлерімен мынадай негіздер бойынша салыстыруға болады: құқықтық қатынастардың туындау негізі бойынша; құқықтық қатынастың сипаты бойынша; субьектілердің құқықтары мен міндеттерінің мазмұны бойынша.

Халықаралық бала асырап алудың негізгі ережелері бірқатар халықаралық құжаттарда бекітілген “Халықаралық деңгейде бала асырап алудың әлеуметтік және құқықтық қағидалары” Декларациясын айтуға болады және 1989 жылғы 20 қарашада Нью-Йоркте қабылданған БҰҰ “Бала құқықтары туралы” Конвенция (20-21 баптар) бойынша, бала асырап алу ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, елінде асырап алу мүмкін болмаған жағдайда ғана асырауға беру болып табылады. Бұл жерде, өзге мемлекетте бала асырап алу барысында өз мемлекетінде қолданылатын қажеттілігі туралы айта кету керек. Аталған қағидалар толық мөлшерде 1993 жылы 29 мамырда арнайы халықаралық асырап алу мәселелеріне арналған “Балаларды қорғау және шетелдік бала асырап алу қатынастарындағы ынтымақтастық туралы” Гаага Конвенциясында өз көрінісін тапты.

Ұлттық заңнама Қазақстандық балаларды шетелдік азаматтардың асырап алуына рұқсат береді. Алайда ұл бала(қыз бала) асырап алу мәселелерін шешу кезінде артықшылық қазақстандық азаматтарға беріледі және тек балаларды оларға беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана халықаралық бала асырап алу көзделеді. Қазақстан азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға үміткер шетелдіктерді шақыру және оларға рұқсатнамалық қолдау көрсету құқығы ҚР-ның Білім және Ғылым Министрлігі мен Облыстық білім беру басқармаларына тиісілі. Қазіргі уақытта шетелдік азаматтардың осы санаты үшін рұқсатнамалық қолауды жоғарыда айтылған ведомстволардың шақыруы негізінде тек Астана қаласындағы Консулдық қызмет департаменті жүзеге асырады. 

Шетелдік азаматтарға асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды ҚР шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері жүзеге асырады. ҚР СІМ шетелдік мекемелеріне жүргізілген талдауы соңғы уақытта қазақстандық балаларды асырап алуға ниет білдіруші шетелдік азаматтарының өтініштерін өсу үрдісі байқалғанын көрсетті. Алынған деректер бойынша 6 баланы жалғызбасты шетелдік азаматтар асырап алған. Жасы келген шетелдік азаматтардың да бала асырап алу фактілері де орын алған.

Шетел азаматтары бала асырап алғысы келетіндігі және балалар туралы ақпараттар орналасқан есеппен танысу туралы жазбаша арыз жазады. Шетелдіктердің ҚР азаматы болып табылатын баланы асырап алуы, егер ҚР тұрақты тұратын азаматтары, баланың туған туыстары асырап алмаған жағдайда ғана мүмкін болады.

Бала асырап алуға тілек білдірген шетел азаматтары ҚР рұқсат беретін визалар негізінде келе алады. Бұл визаларды, оған сәйкес басқа да құжаттарды ҚР дипломатиялық және консулдық өкілдіктерімен беріледі.

Сонымен, шетел азаматтарын ҚР азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың бала асырап алу үшін мынадай дәлелдемелері болуы тиіс:

1. ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың балалардың мемлекеттік есебінде тұрғандығын дәлелдейтін құжат;

2. мемлекеттік есепке қойылған соң 3 ай мерзімінің өтуі;

3. баланы ҚР азаматтарына, баланың туыстарына тәрбиеленуге берудің мүмкін емес екендігін дәлелдейтін құжат.

Бала асырап алуға үміткер шетелдіктер бала тұрақты тұратын жерде тиісті тәрбие, емдеу – алдын алу мекемесінің ережесіне сәйкес режим талаптарын сақтай отырып, қорғаншылық және қамқоршылық органы өкілінің және қажет болған жағдайда аудармашының қатысуымен баламен тікелей қарым-қатынаста кемінде екі апта болуға міндетті.

Шетелдіктердің бала асырап алу қатынастарын реттейтін арнайы нормативтік база құрылды:

- 1989 жылғы “Бала құқықтары туралы” Конвенция, 1994 жылы 8 маусымында ҚР Жоғарғы сотымен ратификацияланған;

- 2002 жылғы “ҚР Бала құқықтары туралы” Заңы;

- ҚР Үкiметiнiң 2002 жылғы 12 қарашадағы N 1197 “ҚР азаматтары болып табылатын балаларды шетелдiктерге асырап алуға беру ережесiн бекiту туралы” Қаулысы;

- ҚР Үкiметiнiң 1999 жылы 24 маусымындағы № 842 “Бала асырап алушыларға, қорғаншыларға, патронатқа бала асырап алуға тыйым салатын аурулардың тізімін бекіту туралы” Қаулысы;

- ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР СІМ, ҚР Ішкі істер министрлігінің 2002 жылғы 8-22 тамызындағы  № 123,614,537, 08-32 “Шетел азаматтарына асырап алуға берілген балалар жөнінде жедел ақпарат алмасу мекемесі туралы” бірлескен бұйрығы;

- ҚР Жоғарғы сотының 2000 жылғы “Соттардың бала асырап алу туралы істерді қарағанда Неке және отбасы туралы заңын қолданудың кейбір мәселелері туралы” Нормативтік қаулысы.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бала құқықтарын қорғау комитетінің статистикалық ақпараттарына сәйкес 2006-2015 жылдар аралығындағы 9 жыл ішінде 9791 бала шетел азаматтарымен асырап алынған, ал ҚР-ның азаматтары 27012 бала асырап алған [20].

ҚР азаматтары болып табылатын балаларды ең көп асырап алатын мемлекеттерге – АҚШ, Испания, Бельгия, Ирландия, Германия, Канада, Франция, Италия, ОАР, Израильді жатқызуға болады. Республикада көбінесе, Алматы облысының балалары асырап алуға беріледі. Ең аз мөлшерде бала асырауға берген балалар Атырау мен Маңғыстау облысында болған. Асырап алуға берген балалардың негізгі бөлігі 06-3 жас мөлшердегі балалар. Олардың ішінде 3242 – ұл балалар, ал 3549 – қыз балалар болып табылады. 6791 шетелге берілген балалардың 6662 әртүрлі ауруларға ие.

Жоғарыда көрсетілген факт қоғамды және мемлекетті толық алаңдатуы керек. Шетелге берілген балалардың саны жыл сайын көбеюде. Бір жыл ішіндеорташа есеппен мемлекетімізден 755 бала сот шешімімен шетелдіктерге берілген және бұл балалардың жартысынан көбі қазақ балалары.

ҚР халық санына шаққанда бұл мәселе жаһандық сипатқа ие болып отыр. Халықаралық балаларды асырап алудың себептері көп. Оларға: отбасы құндылығының төмендеуі; отбасының материалдық және тұрғын үйге байланысты туындайтын қиындықтар; мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғаудың әлсіздігі; ата-ана мен балалардың денсаулық жағдайы; некеден тыс бала туу санының жоғарылауы; миграциялық процесс жатады.

Балалардың мәселелері, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау осы күнде шексіз. Оларды ұлттық бағдарлама шеңберіне енгізуді, сол мәселелерді қоғамның, әр отбасының және әр баланың мүдделеріне жан-жақты жауап беретін мемлекеттік бала саясатының сапалы жаңа нысандарын қолдана отырып, халықаралық қағидалар мен міндеттерге сәйкес заңнамалық деңгейде шешуді қажет етеді. Әрине, балаларды қорғау және олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуде кейбір мәселелер туындап отырады. Мұндай мәселелерді шешудің ең басты құралы – оларды заң шығару шығару арқылы реттеу.

Осы идеяны жүзеге асыру үшін заңнамалық жұмыс дамуының демократиялық нысандары, үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеті, қоғамдық институттарды құру және т.б айрықша маңыздылыққа ие. Қоғамда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жатқызуға болатын ең осал халықтың жағдайын жақсартатын базалық заңдар қажет. Осы мәселе еліміздің отбасы қатынасындағы мәселелерінің бірі болып саналады.

Қазіргі таңдағы неке-отбасы қатынасынан туындайтын мәселенің танымал түрінің бірі – суррогат жағдайы. Суррогат ана - баланы ұрықтандыру мен тууында үш адам қатысатын (генетикалық әке, генетикалық ана, суррогат ана) қосымша репродуктциялық технология (ҚРТ). ҚРТ - ұрықтану мен эмбриондардың ертеден дамуының жеке немесе барлық сатылары ағзадан тыс жүзеге асырылатын белсіздікті емдеу әдісі. Суррогат ана - бала туатын жастағы, ақылы немесе ақысыз негізде генетикалық ата-аналардан бала көтеруге және тууға келіскен және осы баланың анасы рөліне таласпайтын әйел.

Қазақстанда суррогат ана өзінің бастауын 1998 жылдан бастайды, ол ҚРТ әдісін пайдалану құқығын берді. 1999 жылы Адам репродукциясы орталығында суррогат ананың бірінші бағдарламасын жүргізді. 2004 жылы «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Заң шықты. 2009 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс шықты. Бұл құжаттарда суррогат ананың құқықтық негізі баяндалды.

“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” ҚР Кодексінде 9-бөлім “Суррогат ана және қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолдану” бөлімі бар.

Кодекстің 54-бабы суррогат ана шартын қарастырады, ол ҚР азаматтық заңнамасының талаптарын сақтау арқылы жазбаша түрде жасалады және міндетті нотариалдық куәландыруға жатады. Суррогат ана шартымен бірге ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) сәйкес қызмет көрсететін, қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйыммен шарт жасайды.

Кодекстің 56-бабы суррогат анаға қойылатын талаптарды бекітеді.

Біріншіден, суррогат ана болуды қалайтын әйел жиырмадан отыз бес жас аралығында болуы, медициналық ұйымның қорытындысымен расталған қанағаттанарлық дене, психикалық және репродукциялық денсаулыққа ие болуы тиіс, сонымен қатар өзінің дені сау баласы болуы тиіс.

Екіншіден, егер суррогат ана тіркелген некеде (ерлі-зайыптылық) тұрған жағдайда, суррогат ана шартын жасағанда ерінің жазбаша келісімін беруі тиіс, ол нотариалдық тәртіпте расталуы тиіс.

Үшіншіден, қосымша репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйым олардың қолданылуы туралы балалы болуды қалайтын тұлғалар немесе донорлық банк үшін қолданылған биоматериалдар туралы толық және жан-жақты ақпарат бар қорытынды шығаруға міндетті.

Кодекстің 59-бабына сәйкес, суррогат ана шарты негізінде қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туылған баланың ата-анасы болып ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) танылады. Басқа сөзбен айтқанда, баланың генетикалық анасы туылғаннан кейін бірден сәбидің анасы болып ресми жазылады және сол сәттен бастап суррогат ананың бұл балаға ешқандай қатысы болмайды.

Генетикалық ата-аналар суррогат ананың медициналық бақылау, қосымша репродукциялық әдістер мен технологиялардан өтуімен байланысты материалдық шығындарды өтеуге; жүктілік кезеңінде, босану және босанған кейін елу күн ішінде, ал жүктілік және босанумен байланысты асқынулар болған жағдайда - босанғаннан кейін жетпіс күн бойы медициналық қызметтерді төлеуге міндетті. Суррогат ана үнемі дәрігерге қаралып, оның нұсқаулықтары мен тағайындауларын қатаң орындауы тиіс; «тапсырыс берушілерге» жүктілік ағымы туралы үнемі ақпараттандыруы тиіс, ал ең бастысы - суррогат ана бағдарламасы бойынша оның туған баласын «тапсырыс берушілерге» беруі тиіс.

Суррогат ана мен сәйкес медициналық процедураларды іріктеу бойынша қызметтерді Қазақстанда ЭКО орталықтар мен мамандандырылған суррогат ана орталықтары жүргізеді (Суррогат ана агенттігі, «Болашақ» суррогат ана орталығы).

Суррогат ана қызметтері заңмен тыйым салынған әлемнің Франция, Германия,Австрия, Норвегия, Швеция тәріздес елдерімен салыстырғанда, суррогат ана Қазақстанда заңнамалық деңгейде рұқсат етілген.

Әлемде бұл әдіспен қанша сәби дүниеге келгені туралы ресми мәлімет жоқ, алайда бейресми сараптамаларға сенсек, дүниежүзінде суррогат ананың көмегімен 220 мыңдай сәби туылыпты. Мәселен, Бразилия заңы бойынша, бірге тумаған адамдардан басқаларға суррогаттық ана болуға тыйым салынған. Тек шынайы жаны ашыған туысқаны ғана суррогат ана болуы шарт. Тіпті Австрия, Норвегия, Швеция, Франция және Американың бірқатар штаттарында, Италия, Швейцария, Германия сияқты Еуропа елдерінде де оған тыйым салынған. Ал Италия, Франция, Германия елдерінде бұл тыйымды бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті түрмеге жабу да көзделген. Австралия, Ұлыбритания, Дания, Италия, Израиль, Испания, Канада, Нидерланды суррогат ана болуға рұқсат етілген, алайда есесінде ақы төленбейді. Бір қызығы, суррогат ана болуды табыс көзі ретінде заңмен реттеген елдер қатарында Американың бірқатар штаттары, Оңтүстік Африка Республикасы, РФ, Грузия, Украина, Белоруссия және Қазақстан бар. Бәлкім, біздің заңнамаға да толықтырулар мен өзгерту енгізу керек шығар. Айтып-айтпай не керек, елімізде суррогат ана іздеушілер де, болғысы келушілер де күн санап өсіп барады.


Ақмөлдір АСАН

 

Ұқсас материалдар