Қандастар Ассамблея

Халықаралық бақылаушылардың сайлауға қатысты пікірлері

24.03.2016 2575
Парламент депутаттары мен мәслихат депутаттығына сайлау процесін бақылаған сарапшылар өз пікірлерімен бөлісті.

Парламент депутаттары мен мәслихат депутаттығына сайлау процесін бақылаған сарапшылар өз пікірлерімен бөлісті.

Германиядан бақылаушы ретінде қатысқан Бундестагтың сыртқы саясаты бойынша аға кеңесшісі Андреас Ян:

«Мен Қазақстанға халықаралық бақылаушы ретінде қатысу үшін шақырту алдым және бұл менің Қазақстанға жасалған алғашқы сапарым. Біз жұма күні кешке келген болатынбыз. Жалпы, елдегі дайындықты, процесті көзбен көру қызықты болды. Кеше біз 4 түрлі сайлау учаскелерінде болып қайттық. Сайлауға қатысушылардың саны көп болғанын атап өткім келеді. Біз сондай-ақ, күн соңында дауыстарды санауға да көмектестік. №120 сайлау учаскесінде жұмыстардың қызу жүргенін байқадым. Менің ойымша, сайлау процесі әділ және ашық өтті. Сонымен бірге, сайлауға әйелдердің көптеп қатысқанын байқадым. Бұл кәдімгідей рухтандырады екен».

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев:

«Бірінші орынға бұған дейін де Мәжілісте болған үш партия шығып отыр. Олардың заң шығару қызметінде тәжірибесі мол. Түптеп келгенде, партиялардың әрқайсысы сайлау науқанын тиімді өткізді. Парламентке заң шығару саласында тәжірибесі бар депутаттар келеді деп ойлаймын, бұл өз кезегінде Мәжілістің жұмысына да оң әсерін тигізеді. Алда үлкен мақсат-міндеттер тұр. Жаңарған парламент күрмеуі қиын мәселелерді шешуге белсенді атсалысады деген ойдамын»

Грузия Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Георгий Шарабидзе:

«Біздің миссия 10-нан астам сайлау учаскесінде бақылау жүргізді. Сондай-ақ Астана қаласындағы №90 учаскеде дауыс беру қорытындысын шығаруға және дауыс санауға қатысты. Бақылау миссиясының қорытындысын шығара келе, біз біріншіден сайлау процесі тыныш өткенін айтқымыз келеді. Және сайлаушылар үшін, олардың өз еркімен өкілдерін таңдауға барлық жағдай жасалғанын атап өткен дұрыс деп ойлаймын».

Канададан бақылаушы ретінде қатысқан Қазақстандағы Канаданың бұрынғы елшісі, Халықаралық басқару инновациялары орталығының бас ғылыми қызметкері Маргарет Скок:

«Күні кеше мен 12 сайлау учаскесінде бола алдым. Мені адамдардың үлкен мақтанышпен өз таңдауларын жасап, дауыс бергені таңғалдырды. Сонымен қатар, олардың сайлауға сәнді киініп келгеніне таңырқап, олардан мұның себебі Наурыз мерекесі ме, әлде сайлау ма деп сұрағанымда, олар екі себепті де атап өтті. Сондай-ақ, жасы үлкен азаматтардың бюллетенді белгілеп, оны жәшіктерге тастауына балалардың көмектескені де жүрекке жылу ұялатты. Тіпті, қарт кісілер де дауыс беріп, ел болашағына үлес қосуға ниетті екенін байқадық. Таңертең де, күндіз де, тіпті кешке де дауыс берушілер сайлау учаскелеріне келіп жатты. Жалпы, сайлау процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тәнті болдым. Сайлау комиссиясы өз міндетін жақсы біледі және оны тиісті деңгейде атқарып шықты. Мен Қазақстанды сайлаудың сәтті өтуімен құттықтаймын».

Wikistrats талдау қауымдастығының сарапшысы Ричард Вейц:

«Мен Қазақстанға бір күн ерте келіп, мұндағы жоғары оқу орындарында дәріс оқыдым. Сол кезде мені студенттер мен жергілікті сарапшылардың алғырлығы таңғалдырды. Яғни, қазақстандық жастар әлемде, АҚШ-та орын алып жатқан экономикалық процестерді жақсы түсінеді және халықаралық ақпарат сіздер үшін қолжетімді екені қуантады. Сол себепті, мен Қазақстан халқын ел болашағы осы алғыр да зерек жастардың қолында екенімен құттықтағым келеді».

Австриядан келген бақылаушы, Парламенттің Ұлттық кеңесінің бұрынғы депутаты, ЕҚЫҰ ПА экс-төрағасы Вольфганг Гроссрук:

«Біз сайлау кезінде өзіміз куә болған процеске көңіліміз толды. Бастапқы уақытта Қазақстанда өткен алғашқы сайлау кезінде бірқатар келеңсіздіктер болғаны белгілі. Бұл сайлау комиссиясына, сайлаушылардың өздеріне, процесс сапасына қатысты. Ал қазір біз сайлау процесінің ілгерілегенін көріп отырмыз. Кеше біз күні бойы сайлау учаскелерінде болып, бұл процестің өте жақсы ұйымдастырылғанын байқадық, ол жоғары сапаға сай және қызметкерлер үлкен дайындықтан өткен. Біз сайлаушылар тарапынан наразылықтар туындай ма деп едік, оған себеп туындаған жоқ. Австрияда мүмкіндігі шектеулі адамдардың хат арқылы дауыс беру жүйесі дамыған. Бұл Еуропада да бар тәжірибе. Қазақстан осы жүйені дамытып, келесі сайлауда процеске енгізеді деп сенемін».

Ислам ынтымақтастық ұйымы тарапынан бақылаушы болған ИЫҰ Хатшылығы саяси мәселелер департаментінің директоры Аболхассани Али:

«Бұл Ислам ынтымақтастығы ұйымы қатысып отырған Қазақстандағы төртінші сайлау. Сайлауды сәтті өткізуде қазақстандықтардың да тәжірибе жинағандары байқалады. Астанадағы сайлау учаскелерінде болған уақытта біз барлық процестің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына куә болдық. Сондай-ақ, дауыс беруге келген азаматтардың қарасы көп болғанын көрдік және олардың сайлауға қатысуы демократияны нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жете түсінетіндері айқын көрінді. Ешқандай шағым мен наразылықтар тіркелмегенін де атап өткім келеді».  


Рүстем ӘЛПИ 

Ұқсас материалдар