Қандастар Ассамблея

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығы

21.07.2014 7819
Комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімі Бахыт Жаханов ауданда биылғы жыл халық батыры «Жанқожа Нұрмұхамедұлы жылы» болып жарияланғандығын жеткізе отырып, шараны жоғары деңгейде өткізу мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралармен таныстырды.

Комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімі Бахыт Жаханов  ауданда биылғы жыл халық батыры «Жанқожа Нұрмұхамедұлы жылы» болып жарияланғандығын жеткізе отырып, шараны жоғары деңгейде өткізу мақсатында ұйымдастырылып жатқан шаралармен таныстырды.

Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары, мекеме басшылары, аудан активі қатысты.

Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мира Әбуова, Арал аудандық мәслихат хатшысы Данабаев Көлбай Соңғыбайұлы және Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Қаржаубаев Арман Молдабайұлы бастаған екі ауданнан арнайы делегация келіп қатысты.

Алдымен, ісшараны өткізуді ұйымдастыру және қаржылық жағдай туралы аудандық мәслихат хатшысы, ұйымдастыру комиссиясы төрағасының орынбасары Бөріқұлақов Талайлы Әмитжанұлы хабарлама жасады.

Атаулы жыл аясында мерейтойлық шараларды ұйымдастыру мақсатында облыс әкімінің өкімімен арнайы ұйымдастыру комиссиясы құрылды.

Сонымен бірге, ақпараттық-насихат, қаржылық қамтамасыз ету және көркейту-абаттандыру бағыттары бойынша 3 топтан тұратын аудандық ұйымдастыру комиссиясы жұмыс жасауда.

Бүгінде ақпараттық насихаттық топ Қызылорда, Арал қалалары мен Жосалы, Төретам, Ақай кенттерінде тұрғындармен кездесіп, насихаттық жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта мұндай шараларды облыстың қалған аудандары мен Байқоңыр, Шымкент, Тараз, Алматы және Астана қалаларында өткізу жоспарлануда.

Мұнан өзге, Жанқожа батырдың өмірі мен ерлігі жайлы 4 кітап шығару қолға алынып, бүгінгі күні жазушы Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» трилогиясы жарыққа шықты.

Алда «Жазушы Молдахмет Қаназдың деректі шығармасы», Сардарбек Қожағұлдың «Жанқожа батыр дастаны», Нұрлан Көбегенұлының – «Жанқожа батыр туралы, терме, өлең – жырлар жинағы» шығарылатын болады.

 Сондай-ақ, Қызылқұмдағы шекара бекетіне Жанқожа батыр есімін беру туралы облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы шығып, бұл мәселе де оң шешімін тапты.

Осы ретте, аудан әкімі Бахыт Жаханов «бұл жұмыстарды орындауда жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың еңбегін атап өткім келеді», - деді.

Сонымен бірге, облыстық ономастика комиссиясының Төретам кентіндегі №269 орта мектебіне де баба есімімен атау туралы қорытынды шықты.

Мерейтой аясында негізгі шаралар осы Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылда өткізіледі. Сондықтан, ауылды көркейту, абаттандыру, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, құрылысын салу жұмыстарына бюджеттен барлығы 600 млн. теңгенің үстінде қаржы бөлінді.  

Қазіргі таңда ауыл абаттандырылып, орталығынан  баба атындағы саябақ пен «Тағзым» алаңын ашу жұмыстары жүргізілуде.

Мектеп, мәдениет үйі, әкімшілік ғимараттары қайта жөндеуден өтуде.

10 шақырымдай көше жарықтандырылып, асфальттануда. Жаяу жүргіншілер жолы да салынуда. 90 орындық жаңа балабақшаның құрылысы да  басталып, «Жауқазын» балабақшасының ауласына жасанды ойын алаңы орнатылуда.

Бұл жұмыстардың барлығы тек осы ауылда жасалатын жұмыстар.

Қазіргі күні, аудан бойынша абаттандыру жұмыстары қолға алынып, бюджеттен бөлінген 56,0 млн.теңгеге Жанқожа баба кесенесін абаттандыру, көркейту жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, кесене маңынан аялдамалар, автожол бойынан көліктердің жылдамдығын тежейтін жол кедергілері орнатылып, кесенеге барар жаяу жүргіншілер жолы салынды.  

Ақтан батыр ауылында 4 көше асфальтталып, Жанқожа батырдың сенімді серігі болған Ақтан батыр ескерткіш-кесенесін жөндеу, абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің қолдауымен тәрбиелік маңызы бар баба мерейтойын атап өту ағымдағы жылдың 10-12 қазан күндері болып белгіленді.  

Сонымен бірге, облыс орталығында ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, баба рухына ас берілетін болады.

«Мерейтойды жоғары деңгейде өткізу біздің басты мақсатымыз. Бұл елдігімізге сын – халықтық іс. Көпшіліктің қолдауы қажет.

Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген аталық сөз бар. Яғни, бабамыздың ерлігі мен өмір жолын жас ұрпаққа насихаттап, оларды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеу баршамыздың азаматтық парызымыз.

Осы мақсатта, Жанқожа бабамыздың 240 жылдығы аясында өткізілетін шаралардың қоғамға маңыздылығын ескере отырып, баршаңыздың атсалысатындарыңызға сенім білдіремін, - деді аудан әкімі, комиссия төрағасы Бахыт Жаханов.

Алдымен аталарымыз Өтеген, Нұрымбеттің бейіттеріне барып рухтарына  тағзым етіп,   құран бағыштады. Одан әрі Жанқожа ауылында өткен отырыс соңында жиналған қауымға ас беріліп, ақсақалдар батасын алып, баба рухына құран бағыштады. 

 

Ұқсас материалдар