Халық ауыз әдебиеті

21.10.2015 5923
Халық ауыз әдебиеті

Қазақ ауыз әдебиеті — халықтың бұқаралық көркем сөз шығармашылығы. Жазу-сызу өнері болмаған ерте кезде қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүние танудағы көзқарасы т.б. жайында неше түрлі өлең-жыр, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды ауызекі айту күйінде тудырган.

Бұқар жырау - қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Павлодар облысының Баянауыл ауданында ғұмыр кешкен, атақты Абылай ханның тұстасы. Әкесі аты аңызға айналған Қалқаман батыр. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Бұқар Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді.

Бұқар жырау Абылайдың іс-әрекеттерін асыра ақтап, оның асқақ бейнесін жасауға дейін («Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» т.б.) барады. Алайда, жырау ханның барлық іс-әрекет, ішкі-сыртқы саясатын түгелдей қостай бермеген. Үлкен мәні бар әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі келелі кеңеске көнбеген ұста ол ханды аяусыз сынап, ашы шындықты бетке айтып отырған, Бұл тұста біз жыраудың көрші орыс елімен соғысуды ойлаған Абылайға тоқтау айтып, болашағы зор елмен тату-дос болуға шақырғанын көреміз.

Ақтамберді жырау - атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Әкесі Сары мен шешесі Сырбикеден жалғыз туған. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар. Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады.

Жоңғарларға қарсы күресте жауынгерлердің рухын өлеңмен көтерген. Сонымен қатар толғауларында жыраудың жетімдіктің мехнаттарын көргені, батырлық өмірдің қиыншылықтары, әлеуметтік теңсіздіктердің көріністері шынайы бейнеленген. Өз отанын қорғау жолында қасық қаны қалғанша күресуге дайын екенін әрбір жырында тереңнен толғап, тебірене жырлайды. Жырларының басты тақырыбы - ер тұлғаның Отанын жаудан қорғауы, өмірдің өкініші екенін білдіріп, естен шығармай, әр сәтті қадірлей білуі. Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болп келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.


Ұқсас материалдар