Қандастар Ассамблея

Х. Жиырмасыншы Мундиаль!

19.05.2014 2023
Колумбия құрамасының атағы соңғы кездері асқақтап тұр.

Колумбия құрамасының атағы соңғы кездері асқақтап тұр. ФИФА-ның соңғы жариялаған рейтінгісінде төртінші сатыда орналасқан.  Сондай-ақ жекелеген ойыншылары да Еуропаны мойындатып жүр.  Әсіресе «Монако» командасының шабуылшысы Радамель Фалькаоны жұрттың бәрі біледі.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Колумбия құрамасы

Бас бапкер: Хосе Нестор Пекерман

Команда капитаны: Марио Йепес

Ең көп ойын өткізген ойыншы:  Карлос Вальдеррама ( 111)

Ең көп гол соққан ойыншы: Арнольдо Игуаран (25)

ФИФА рейтінгісіндегі орны: 4

Колумбия құрамасы бірінші ресми ойынын 1938 жылы Мексикаға қарсы өткізіп,  «ацтектер» 3:1 есебімен ұтып кетеді. Ал халықаралық жарысқа алғашқы рет 1945 жылы ғана қатысты. Бұл Америка кубогы болатын. Содан кейін 1962 жылы тұңғыш рет әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алды. Бірақ, Чилидегі төртжылдықтың басты бәсекесіндегі нәтижелері көңіл қуантарлықтай емес. Қатысудың өзі олар үшін үлкен мәртебе саналды.

«Кафетеростардың» (құраманың лақап аты) тарихи ірі жетістіктері Франсиско Матурано бапкермен тікелей байланысты. Матурано Колумбия құрамасын бес рет жаттықтырған. Алғаш 1987 жылы тізгінді ұстаған тұста Америка кубогында 3-орынға қол жеткізеді. Осы кезде Карлос Вальдеррама, Леонель Альварес, Луис Карлос Переа, Рене Игита, Виктор Аристисабаль, Оскар Кордоба, Фарид Мондрагон, Иван Рамиро Кордоба бастаған бірнеше талантты футболшылардың жарқырап көрінуіне себепші болды. Әсіресе 1990 жылы Италиядағы әлем біріншілігінің плей-офф кезеңіне шығуы көп елді таңғалдырды. Жалпы, Матурано бапкер Колумбияны 2 рет әлем чемпионатына апарған  (1990, 1994 жылдары). 2001 жылы 4-рет бас бапкер болып тағайындалғанда, «кафетеростар» тұңғыш рет Америка кубогында топ жарды. Сондай-ақ 2003 жылы Конфедерация Кубогының жартылай финалына дейін жетті.

Бразилияда өтетін әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде Фалькао бастаған футболшылар керемет ойын өрнегін көрсеткен болатын. Хосе Нестор Пекерманның шәкірттері 16 ойынның 9-ында жеңіске жетіп, Аргентинадан кейінгі 2-орынға ие болды. Команданың басты сұрмергені Радамель Фалькао 9 доп соғып, Луис Суарес пен Мессиден кейінгі мергендердің көшінің 3-сатысына жайғасты.

Қазіргі құрам

Хосе Нестор Пекерманның қарамағындағы футболшылардың көпшілігі Еуропаның маңдайалды клубтарында ойнайды. Бразилия жерінде қақпаны Францияның «Ница» клубында өнер көрсететін Давид Оспина күзетеді. Одан бөлек, 42 жастағы ардагер Фарид Мондрагон мен жас қақпашы Камило Варгас бар.

Қорғаушылардың арасында кезінде ПСЖ, «Милан» клубтарының намысын қорғаған, бүгінгі күні «Атланта» командасында өнер көрсететін тәжірибелі Марио Йепесті ерекше айтуға болады. 38 жастағы футболшы әрі құраманың капитаны. Йепеспен бірге қорғанысты тас қамал қылып ұстауға Кристиан Сапата («Милан»), Сантьяно Ариас (ПСВ), Павло Армеро («Вест Хэм»), Луис Арманто Переа («Крус Асуль») секілді футболшылар тас-түйін дайын.

Жартылай қорғаныстың сол қанаты өткен жылы «Портудан» Францияның «Монако» клубына ауысқан Хамес Родригестің мойнында. Оң қапталда 25 жастағы Хуан Куадрадо («Фиорентино») өнер көрсетеді. Шабуылды ұйымдастыратын, яғни плеймекер қызметін атқаруға Фредди Гуарин («Интер») мен Макнелли Торрес («Аль-Шабаб») лайықты. Ал, қорғанысқа тірек болатын артқы жартылай қорғаушылардың қатарында Абель Агилар («Тулуза»), Карлес Санчес («Эльче»), Альдо Рамирес, Алексендр Мехья (екеуі де – «Атлетико Насьональ»), Эдвин Валенсия («Флуминенсе»)  бар.

Колумбия құрамасының шабуылшылар шебі кілең жұлдыздардан құралған. Бірақ Радамель Фалькао өткен жылы алған жарақатынан сол күйі айықпады. Бұл әлем біріншілігі Фалькаосыз өтетіні ресми түрде белгілі болды. Енді оның орнын Джексон Мартинес («Порту»), Адриан Рамос («Герта»), Карлос Бакка («Севилья»), Теофило Гутьеррес («Ривер Плейт») басады. Әсіресе Мартинес пен Адриан Рамостан жанкүйерлер үлкен үміт күтеді.

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

14 маусым. Белу-Оризонти. Колумбия – Грекия

19 маусым. Бразилиа. Колумбия  – Кот-д’Ивуар

24 маусым. Куяба. Жапония – Колумбия.

Бек Төлеуов