Қандастар Ассамблея

Керей мен Жәнібек туралы толықметражды анимациялық фильм түсіріліп жатыр

28.10.2015 6233
Тарихи фильмдер, әсіресе патриоттыққа үндейтін туындылар артық етпейді.

Тарихи фильмдер, әсіресе патриоттыққа үндейтін туындылар артық етпейді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша оңтүстікқазақстандық «Сақ» киностудиясы Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандарға арналған «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм түсіруде. «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» атты мультфильмнің өте сәтті шыққанын айта кету керек.  

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Ортаық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан мәлім етті. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жыл соңында «Қазақ елі» атты көпсериялы картина көрерменге жол тартады. Асылхан Темірханның айтуынша, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек туралы толықметражды анимациялық фильмнің премьерасы осы жылдың 16 желтоқсан күні Астана қаласында өтпек. Аталған фильмнің режиссеры «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков.

Оңтүстікте Қазақ хандығының мерейтойына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. «Қазақ хандығының 550 жылдығына орай облыста тарихи-мәдени және ғылыми конференциялар сынды 75 іс-шара өтті. Ал, өңірдегі 8 кәсіби театрда осы датаға арналған қойылымдар қойылды», – деді А.Темірхан.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлы дала өсиеті» атты кітап жарық көрді. Баспасөз мәслихатында басқарма басшысының орынбасары Қазақ хандығының туы тігілген - Тараз қаласында өтетін мерейтойға Оңтүстік Қазақстаннан екі жүзге жуық делегат қатысатынын айтты. Айтулы мерейтой Тараз қаласында қазанның 7-9 күндері аралығында Елбасы мен шетелдік қонақтардың қатысуымен өтеді. «Бізден барған делегат мүшелері мерекелік шарада үш киіз үй тігіп, жәдігерлерден құралған жүзден астам экспонаттарды көрмеге ұсынбақ. Сонымен қатар оңтүстікқазақстандық өнер майталмандары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілеріміз би билемек. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақ хандығының 550 жылдығына Тараз қаласына тартуы ретінде Оңтүстік қақпаны қайта құрып, екі барельеф орнатты. Қақпаның төменгі қабатын гранитпен, екінші қабаты травертинмен қапталды. Ал кіреберіс жағындағы жоғарғы бұрыштары барельефпен көркемделіп, қақпаның екі жақ бетіне тротуар төселіп, абаттандыру жұмыстары жасалды.

Тарихи-анимацияның көрсетіліміне аз қалды.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар