Қандастар Ассамблея

Кемел тұлғалы кемеңгер

02.11.2015 2669
Өзбекәлі Жәнібек туралы

Әр замандарда, әртүрлі ортада ғұмыр кешкен кемел тұлғалардың намысты болмыс-һарекеті – шайырлардың тілінде, сал-серілердің әндерінде, күйшілердің күйінде, ғұламалардың тер төгілген еңбектерінде «мәңгілік ғұмырын» жалғастырып келеді. Халқымыздың рухани құндылықтарын ой таразысынан таратып, «өлмейтұғын өмір кілті - өнерде» деген қағида қалдырған екен  бұрынғылар.

Қилы-қилы замандарда қазақтың мерейі үстем, рухы басым тұруына «Елім», «Атамекенім», - деп, «Қара қазан, сары бала» үшін «Нартәуекелмен» ғұмырлары ат үстінде өткен ата-бабаларымызды, қадірлі аналарымызды, ел жақсыларын қазақы көзқараспен «әулие» деп қабылдауымыздың еш оғаштығы жоқ.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Еліне пайдасы тиген ерлерді айтпасаң, ертең өсетін бозбала, бордай үгітіліп, өз жерінде өгей бала болады да» деген екен. Азамат соғысы жылдарында әулиенің батасын алуға сарбаздар жинап жүрген Бәшеке  батыр келгенде Мәшекем: «Аузынан от шашқан қаруы бар әскерге сойылмен қайрат қылмайсыңдар, қойдай қырып тастайды», Бәшеке батыр! Мен бата беріп, таман боздақтың обалына қала алмаймын, айтқанымды ақылыңа сыйғыз, тіл-көзден сақтайтын тұмар жазып берейін», - деген екен.

Халқына рух беріп, ар-намысын биікте ұстауына демеу болатын тарихтағы белгілі тұлғалардың елінің тағдырына қосқан салиқалы үлестері мен көрегендікпен айтылған сөздері мен өсиет-баталарының рухани құндылықтары алдағы өмірдің тіршілік-тынысына қозғау саларлық нысан екені айдан анық.

Тоталитарлық режимнің пендешілігіне айналмай, өз ұлтының рухани әлемін, ең алдымен оның дәстүрлі өнерінен қарастырып, толыққанды тұжырымдармен түйіндеп, болашақ ұрпаққа соны еңбектер жазып қалдырған, белгілі қоғам қайраткері тарихшы-этнограф, өнертанушы ғалым Өзбекәлі Жәнібек тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.  «Қазақ қолтумасының мәдениеті», «Жаңғырық... Алтын домбыра жайындағы аңыздың ізімен», «Уақыт керуені», «Жолайырықта» атты ғылыми еңбектері уақыт ағымымен тығырыққа тірелген заманда туындаған сүбелі туындылар.  Ұлттық мәдениеттен мол мағұлмат беретін еңбектерінде халқымыздың қазақ, қыпшақ деп аталып жүріп, төрт түлік мал ұстап, көшпелі өмір кешкен тұстарындағы тұрмыс-тіршілігімен қабаттаса туындаған сан-салалы өнер туындыларын рухани қазына көзі деп таныған қайраткер: «...аумалы-төкпелі ұйытқуларға қарсы тұра алатын жалғыз ғана құдірет бар. Ол ғасырлар бойы мысқалдап жиналған мәнді қазына – жалпыадамзаттық, халықтық, ұлттық игі қасиеттер. Елдің елдігі де халықтың өзі қастерлейтін асыл қазынасы сол – игі қасиеттердің болмысына сай келеді...» деп, қоғамның рухани өміріне қажеттілердің бәрін түбегейлі зерттеп, бағыт-бағдарларын саралап, соған орай бұхара арасында тәлім-тәрбие жұмыстарын өрістетудің жолдары аса жауапты мәселе екенін қадап айтқан.   

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың имандылық-эстетикалық тәлім-тәрбиесінің - ұлттық ойындарынан бастап,  әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрінің қырқыла бастағаны, бұрын екінің бірі шешен, жүздің бірі дүлдүл болған халықтың сөйлеу мәдениетінің жұқалана бастағаны, орфоэпияның қарапайым заңдылықтарының сақтала бермейтіндігі, ұлылардың шын мәніндегі ұлылығын танытатын қырларының қағажу қалып бара жатқандығы, ақын шығармаларын текстологиялық тұрғыдан мұқият зерттеу қажеттігі сынды сол кездегі түрен тимей тың жатқан тақырыптарды тізе берсек, Өзағаның «өкініштерін» түсінерлік дәрежеге жете алмауымыз  кемшіліктерге жол беруден туындайтындығын ескеру ләзім.  Сөз төркінін мәңгүрттіктен сақтандырып, білмеген іске орынсыз араласа берудің қажеті жоқ екендігін еске сала отырып, рухани жүдеушілікке жауап ретінде - рухани экология, имандылық экологиясы, тілдегі экология, адамгершілік, мейірімділік, мәдени экология т.с.с. мәселелерді көтерді.  Рухани жүдеушілікке ұшырау - халықтың табиғи болмысынан, жан дүниесінен, тарихын танудан ажырату пиғылының нәтижесі екендігін Өзбекәлі Жәнібеков қазақ тарихы мен жасампаздығына байланысты өзі зерттеген мәселелерді 1992 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Уақыт керуені» кітабында қабырғасы қайыса жазған. «Ұлттық сана-сезімнің тамырланып қюлана түсуі, халықтың рухани қазынасының молаюы, әдебиет пен өнер арқылы жұрттың санасына ұялайтын ой салмағының арта түсуі қайта құрылу кезеңіндегі жетістік екенінде дау жоқ» деп түйіндейді автор.

«Ойға айналған адамдардың жаны құрдас, рухы замандас» -деген ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби кемелді, рухты азаматтың сипатын төрт тағанды ілімді  тұтастықта қабылдап, оны ұдайы дамытуға ұмтылған тұлғадан қарастырады. (Ол тағандар: 1) әлемтану-жаратылыстану; 2) ізгілікті-азаматтық; 3) логикалы-математикалық; 4) әуезді-музыкалық.) Өзбекәлі Жәнібековты тереңнен тану үшін, оның болмысынан қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының, ізгі қасиеттерінің бағытталған іс-һарекетіне байыппен көз жүгірту ләзім.

Жалпы қазақ елі үшін ХХ ғасырдың әсіресе  1930-1950 жылдар зобалаң әкелген, ұлт зиялыларының қуғындалған кезеңі – қайғы-шердің кеңістігі екендігі тарихтан мәлім. 1956 жылғы Коммунистік партияның ХХ съезінің шешімдерімен ұлт зиялылары ақтала бастады. Десек те, жазған еңбектері өртеліп, өздері атылып кеткен, өмірін елінің болашағына бағыштаған ұлт зиялыларын шым-шытырық жаладан аршып алып, халқымен қауыштырған тек  «Нартәуекел!» деген азаматтардың арқасы. Одақтық талап-мүдденің шектеулі шеңберінде тұсалмай, қазақтың дәстүрлі мәдениетінің рухани құндылықтарын сақтау мен жаңғырту үрдісінде ұлттық сипаттың жойылмауы үшін ізгілікті істерге ғұмырын арнаған Өзбекәлі Жәнібековтің көңілге ой салатын  тұжырымды еңбектерінің халқына берер рухани тағылымы мол демекпіз.


Сымбат Мүталапхан, этнограф

 

Ұқсас материалдар