Қандастар Ассамблея

Кемел келешектің куәлігі

03.08.2015 2667
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік АЛДАШЕВПЕН сұхбат

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасы жарияланғалы көп бола қойған жоқ. Әйтсе де, ел арасында оны түсіндіру, насихаттау және жұмыс жүргізуді бағдарламаға қарап оңтайлау, тапсырмаларды жүзеге асыру жұмыстары жүруде. Осы орайда, киелі Маңғыстау өңірінде жасалып жатқан жұмыстардың барысы қандай деген оймен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік АЛДАШЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Сүйіндік Тасеменұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстанның бұдан әрі лайықты дамуы, ішкі және сыртқы қауіпсіздіктердің алдын алу бағытында ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасының еліміздің өзіндік ұста­нымын айқындай түсудегі рөлі қандай?

– Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жариялаған «100 нақты қадам» бағдарламасы еліміздің даму жолы үшін айқындалған ерекше құжат және оны Елбасының Үкімет алдына қойған 100 нақты тапсырмасы деуге болады. Тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де қызығушылық туғызған бұл аса маңызға ие құжат нақты да айқын. Елбасы өзі айтқандай, «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз». Ұлт жоспары қоғамымыздың барлық саласын, яғни экономиканы, білім мен ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, мемлекеттік басқаруды, ұлттық қауіпсіздікті және басқа салаларды қамтиды. Ал аталған жоспар аясын­да жасақталған «100 қадам» атты іс-шараларды жүзеге асыру әрбір қазақстандық үшін басты міндет болып табылады. Бағдарламада айқындалған бес институттық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынылған 100 қадамның әрқайсысы – қазіргі таңда әлемде орын алған экономикалық және саяси дағдарыстар кезеңінде еліміздің осы күрделі шақтан сенімді өтуіне, келешекте тұрақты дамып, жаңа деңгейге көтерілуі үшін жасалған нақты стратегиялық іс-шаралар. Осындай маңызды міндетті, салмақты жүкті арқалауымен-ақ бұл бағдарлама еліміздің келешек өміріне жасалған бағыт-бағдар деуге толық негіз бар.

 – 46-қадамда рұқсат алуды оңтайландыру үшін құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы («30-20-10») қағидаты енгізіледі» делінген. Маңғыстау – құрылыс салуға қолайлы және халық санының артуы мен экономикалық-әлеуметтік қажетті­ліктерге байланысты құрылыс ала­ңына айналу мүмкіндігі мол аймақ. Бұл қадам бұған дейін біздің өңірде жолбайлау болып келген қандай кедергілерді жоюға көмектеседі?

– Құрылыс саласы біздің өңірімізде қарқынды түрде дамып келеді. Ірі жобалар іске асырылып, халықтың игілігіне табысталуда. Тек қана осы жылдың жарты жылында Маңғыстау облысында атқарылған құрылыс жұмыстарының нақты көлемі 55 млрд. 944 млн. теңгені құрады. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында ағымдағы жылы «Ақтау – Жетібай», «Шетпе – Бейнеу» асфальт жолдарының, «Боржақты – Ерсай» теміржолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, халықты әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету үшін, соның ішінде 3 ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою үшін Мұнайлы, Қарақия аудандарының елді мекендерінде мектептер құрылысы жүргізілуде, 3 пен 6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін өңіріміздің елді мекендерінде 13 балабақша құрылысы жүріп жатыр. Халықты сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін облысымыздың орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде 7 дәрігерлік амублатория және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталды. Тұрғындарымызды өмір сүруге керек коммуналдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың, соның ішінде орталықтандырылған ауыз су құбыр­ларының, электр және газ желілерінің құрылыстары жүргізілуде. Маңғыстау облысында құрылыс нарығы тиісті деңгейде дамуда екендігін айтуға болады. Сонымен қатар, Ұлт жоспары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамдарының бірі – құрылысқа рұқсат алуды оңтайландыру үшін құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы («30-20-10») қағидаты құрылыс нысандарын салуға қолайлы жағдайлар туғызады. Яғни, құрылыс нысанын жобалауға, сәулеттік жоспарлау тапсырмасын (АПЗ) алуды, эскиздік жобаға келісім алу және құрылысты бастауға рұқсат алу мерзімін нақты анықтайды және бұрынғы рұқсат алу мерзімдерімен салыстырғанда қысқартады. Осы қадамды жүзеге асыру мақсатында қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдармен тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде құрылыс нарығының одан әрі дамуына үлесін қосады.

– 57-қадамда туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту керектігі атап көрсетілген. Маңғыстау – туристік мүмкіндігі зор аймақ, бір ғана Кендірлі аймағының өзі туристік орталық болуға сұранып тұр. Сондықтан, бұл қадамды жүзеге асыру – Маңғыстау облысының күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазіргі таңда бұл қадамды жүзеге асыру бағытында қандай жұмыстар жүруде?

– Иә, өзіңіз білетіндей, республикамыздағы тарихи-мәдени ескерт­кіштердің 70 пайызы орналасқан, халқымыздың тарихи-мәдени өмірінің мол мұрасын сақтай алған, Каспий теңізінің алтын құмды жағалауын жайлаған Маңғыстау өңірі туризмді дамыту үшін қажетті алыс-жақын елдерден келген туристерді қызықтыра алатын мүмкіндікке ие. Қазақстандық туризмді дамыту мәселесіне орай бұл бағытта қолға алынған істер мен шаралардан, жобалардан Маңғыстау өңірі тыс қала алмайды. Әсіресе, қазір біздің алдымен ауызға аларымыз – Кендірлі мүйісі. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен «Кендірлі» курорттық аймағының даму стратегиясын айқындауды, инвесторларды тарту үшін ерекше жағдайлар жасауды және курорттық аймақты дамыту үшін басқа да зерттеулер жүргізуді қарастыратын «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту бойынша Жүйелік жоспары әзірленіп, бекітілді. 5 ұлттық туристік кластер айқындалған, Қазақстан Республикасында Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалып, бекітілді. Кластерлердің бірінде Батыс Қазақстанды жағажай туризмі ретінде, оның ішінде «Кендірлі» курорттық демалыс аймағын дамытуға болжау жасалған. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ және «RIXOS» компаниясы тобы арасында 1500 орындық екі қонақүйдің ( 5 және 4 жұлдызды) және ойын-сауық аймағының құрылысын салумен «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту бойынша келісімге қол қою, «CITIC Group» инвесторлық компания­сымен «Кендірлі» әуежайын қосқанда сыртқы инженерлік инфрақұрылымның құрылысы мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізу мәселелері, сонымен қатар, «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту бойынша отандық және шетелдік инвесторлармен және Маңғыстау облысы әкімдігі мен еліміздің Инвестициялар және даму министрлігімен «Gemini Hol­dings» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңірде «Кендірлі» курорттық аймағын электр желісімен газбен қамтамасыз ету және автожолдар салу сияқты сыртқы инженерлік инфрақұрылымның құрылысын салу бойынша жұмыстар жүйелі жүруде. 2014 жылдың соңында «Окарем – Бейнеу» магистральды газ құбырынан «Кендірлі» курорттық демалыс аймағына дейінгі автоматтық газды тарату желісі және газ құбырын бұру құрылысы аяқталды. Өңірдің туристік әлеуеті бұл ірі жобамен шектелмейді, келешекте бұдан басқа да жобалар көзделетін болады.

– Сүйіндік Тасеменұлы, аталған бағдарламада түгелге дерлік саланың болашақта жүру бағыты, міндеттері анық айтылды. Сіз мемлекеттік қыз­меткер ретінде ғана емес, еліміздің азаматы ретінде де бұл айтыл­ғандарды жүзеге асырған кезеңдегі Қазақстанды қалай елестетер едіңіз?

 – Бұл, біріншіден, дамыған 30 мемлекеттің қатарына кірген заманауи, кәсіпқой және әділ мемлекет, екіншіден, халқының рухы биік, ауызбіршілігі мығым біртұтас бақытты ел, үшіншіден, әрбіріміз сапалы білімді, жоғары қабілетті, жанашыр, өз елінің тарихы мен дәстүрін құрмет етіп, отбасы құндылығын дәріптейтін азаматтар болуына арман-тілегім бар. Жалпы, біз және біздің ұрпақтары­мыз болашағы зор, кемел мемлекет­те өмір сүретініне сенімдімін.

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасы біздің елімізді дамыған кәсіби мемлекеттік аппараты бар, барлық салада жетілген, тәртіп аясынан ауытқымайтын болашаққа алып барады. Яғни, бұл құжат – біздің кемел келешегіміздің куәлігі.

– Әңгімеңізге рахмет.


 Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

 Ақпарат көзі: "Егемен Қазақстан" газеті

Ұқсас материалдар