Қандастар Ассамблея

Келешек кілті – кемел білімде

20.10.2015 5556
Ұлттық қорғаныс университеті

«Білім мен ғылым – астыңдағы пырақ, алдыңдағы шырақ»,- деп тегін айтпаса керек дана халқымыз.  ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда  жаңа міндеттер қойып отыр. Қазақстанда төрт жоғары әскери оқу орыны бар. Атап айтар болсақ, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Я.Бегелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты, Құрлық әскерлерінің Әскери интситуты сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университеті. Осылардың арасында шоқтығы биік білім мекемесі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің Қарулы Күштерімізде алар орыны ерекше. Толығырақ танысу үшін Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Рыспаев Асхат Наурызбайұлын әңгімеге тарттық.

– Асхат Наурызбайұлы, Ұлттық қорғаныс университетінің жаңа ғимаратын ашу салтанатында ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев  Ұлттық қорғаныс университетін дамыту  тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған еді. Тұжырымдама туралы не айтар едіңіз?

– Кез-келген дамыған мемлекет ең әуелі жоспарлау,  ұзақ мерзімді даму және экономикалық өсу саясатымен айналысады. Бұдан өзге, мемлекеттің күші өзінің ұлттық мүдделерін қорғау, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілетінде деп білемін. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жауынгерлік қабілетін тиімді іске асырудың шешуші  факторы – басшылық құрамның  заманауи үндеулер мен қауіп-қатерлерді дұрыс қабылдай алуы, басқару органдары мен әскерлерді даярлауды ұйымдастыру, мақсатқа сай әскери күштер мен құрылымдардың іс-әрекетке даярлығын қамтамасыз ету болып табылады. Ел Президенті- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Басқолбасшысы Н.А.Назарбаев қазіргі заманғы  жағдайларда мемлекет армиясының жауынгерлік қабілетінің мықты болу керектігіне баса назар  аударды. Сондықтан жоғары кәсіби офицерлік кадрларды даярлайтын арнайы жоғары әскери оқу орнын құру туралы оның идеясы Ұлттық қорғаныс университетінде іске асты.

Аса маңызды бағыттардың бірі XXI ғасырдың жаңа талаптарына сай келетін кадрлардың кәсіби даярлығы болып табылады. Біз жетекші жоғары оқу орындарының дипломдары шет елдерде мойындалуы үшін білімді әлемдік стандарттарға сай беруіміз керек. Бұл талап әскери білім беру жүйесіне, оның ішінде Ұлттық қорғаныс университетіне де қатысты. Халықаралық білім беру кеңістігінде ұлттық жүйенің ықпалдасуы, әлемнің жетекші білім беру орталықтарында оқыту мүмкіндігін беру Қазақстанның техникалық және технологиялық үдерісінің кепілі болады.

Ұлттық қорғаныс университеті Орталық Азияда әскери кадрларды басқарудың стратегиялық, оперативтік-стратегиялық және оперативтік- тактикалық буындарында  даярлау жөнінде бірегей жоғары әскери оқу орны болып табылады. Ұлттық қорғаныс университетінің Даму тұжырымдамасына келер болсақ, онда әскери қауіпсіздікті, әскери  экономиканы, әскери өндірісті, әскери ғылымды жетілдіру мәселелерін шешу қаралған. Сондай-ақ білім мен ғылымның ықпалдасуы негізінде жаңа қорғаныстық технологияларды әзірлеуге қабілетті,  жаңа сипаттағы әскери басқарушылық және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін құру көзделген. Тұжырымдаманы іске асыру барысында Университет мемлекеттің бірыңғай білім беру кеңістігінің талаптарына жауап беретін болады. Әлемнің шет ел армияларының,  әскери ғылыми-зерттеу орталықтарының  озық тәжірибелерін тұрақты және жан-жақты талдау негізінде біздің университет оқытудың озық технологияларын енгізуді және әскери қолданбалы зерттеулер жүргізуді, Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерінің, арнайы әскер түрлерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың талаптарына сәйкес армияны білікті мамандармен жасақтауды қамтамасыз ететін болады.

– Генерал мырза, алдағы уақытта әскери білімнің ұлттық жүйесінің қандай  даму перспективалары  күтілуде?

 Ұлттық қорғаныс университеті жаңа үлгідегі әскери оқу орны екенін қайталағым келеді. Әскери білім аясындағы инновацияларды енгізу  бойынша көш басында тұр. Еліміздегі әскери жоғары оқу орындары мен  Қазақстандағы өзге де қуатты құрылымдардың жоғары әскери оқу орындары үшін біздің мекеме ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық болып табылады. Іргелі және әскери қолданбалы зерттеулер, тәжрибелік конструкторлық жұмыстар, ғылыми-техникалық және технологиялық әзірлемелер орталығы десек болады. Сонымен қатар ең жақсы отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен және ғалымдарымен  серіктесе отырып, еліміздің қорғаныс өнеркәсіп кешенімен бірлесе отырып, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер  жүйесін қалыптастыратын болады.

Болашақта өз ғылыми технопаркімізді құру арқылы зерттеулерді дамыту көзделіп отыр. Бұл университет пен басқа да оқу орындарында,  ғылыми ұйымдарда зерттелетін әскери ғылымның  көп еңбек сіңіруді қажет ететін салаларын біріктіруге мүмкіндік береді.

Университет – ҚР Қарулы Күштері  Бас штабы, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының зияткерлік инновациялық орталығына айналады.  Нәтижесінде  сыналатын контенттердің қызмет ету технологиясын үлгілеу және олардың тиімділігі мен мақсатқа лайықтығы туралы ғылыми дәлелденген қорытындылар беретін ғылыми әлеуетке ие болатын болады.

Жоғарғы Басқолбасшы-Елбасының ұзақ мерзімді саясатының арқасында біз Қарулы Күштерді дамыту жолында әлем елдерінің әскери тәжрибелерін сұрыптай отырып, ең жақсысын, ең керегін алдық. Қазақ  армиясының көптеген офицерлері шет елдердің жетекші білім беру орталықтары мен әскери оқу орындарында даярлықтан өтті. Бұл әлемдік әскери теорияның жинақталған әлеуеті мен тәжірибесін тиімді қарастыру деген сөз. Біз біртіндеп әскери білім  жүйесіне кешенді бейімдеудеміз. Бұдан басқа, Елбасының қолдауымен әскери білім берудің бірыңғай көпдеңгейлі ықпалдасқан жүйесін құру жоспарланып отыр. Ұлттық қорғаныс университетінің бастамасымен қолға алынған бұл жүйе – Қорғаныс  министрлігінің барлық әскери оқу орындарын, еліміздегі өзге де қуатты құрылымдарды біріктірмек.  Бұл – бакалавриат- магистратура- докторантура деп түзілген оқу тізбесі әлемдік білім беру кеңістігінің қазіргі заманғы талаптарына сай білім беруге мүмкіндік ашты.

– Ұлттық қорғаныс университетінің халықаралық ынтымақтастығы жайлы айтып өтсеңіз?

 Университеттің халықаралық ынтымақтастығы  бірқатар шетелдік жетекші әскери оқу орындар, ғылыми мекемелермен  серіктесе отырып,   әскери білім мен ғылым саласында әлемнің озық үлгісінен тәжірбие алу,    енгізу мақсатында жүзеге асады. Біріншіден, жетекші шетел  ғалымдары мен оқытушыларын Ұлттық қорғаныс университетінде жұмыс істеу үшін келісімшарт негізінде тарту.  Екіншіден, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, жоғары білім берудің әлемдік стандарттарына сәйкестендіру  үшін Қазақстанның әскери оқу орындарында даярлау бағдарламаларын қайта өңдеу. Үшіншіден, акаедмиялық жинақылық шеңберінде оқытушылардың біліктілігін арттыру болса, магистранттардың  ғылыми  тағылымдамасын серіктестердің   жоғары оқу орындарында өткізуді жоспарлау. Төртіншіден, шетелдік  жетекші жоғары оқу орындары кітапханаларының  және  ғылыми орталықтарының ақпараттық қорларына  рұқсат алу. Бесіншіден, әскери технологиялар саласындағы жетекші ғалымдармен және  ғылыми ұйымдармен  бірлсекен зерттеу қызметін жолға қою.  Ынтымақтастықты дамыту, ақпарат алмасу, ғылыми кадрларды даярлау  және білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында Ұлттық қорғаныс университеті Украинаның Ұлттық қорғаныс университетімен,  Беларус Республикасының Академиясымен және Омбы мемлекеттік педагогикалық университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған. Жуықта ғана Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінде өткен Университеттердің Еуразиялық Ассоциациясының ХIII съезіне қатыстық.   Университетіміз бір ауыздан Ассоциацияға мүше болып қабылданды. Бізге аталмыш маңызды сәтті растайтын диплом табысталды.

– Сіздің пікіріңізше, осы заманғы офицер қандай болуы керек?

 Қарулы Күштеріміз  технологиялық тұрғыдан қалай жетілген болса да, қандай қуатты қаруға ие болса да, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор – кәсіби даярлығы жоғары адами әлеует болып табылатындығын естен шығармаған жөн.  Осы заманғы офицер – бұл қарулы күрестің заманауи тәсілдерін, тактикалық амалдардың даму беталыстарын, ақпараттық қамтамасыз етудің ерекшеліктерін  білетін, әскери құрылымдарды тиімді жоспарлау мен  қолдану, қарсыластың ақпараттық мүмкіндігіне әсер ете алатындай ақпараттық технологияларды тиімді қолдана алатын жаңа тұрпаттағы офицер болуы керек. «Заманына қарай адамы» демекші бүгінгі таңда офицерге қойылатын талаптар айқын. Олар мемлекеттік ой-өріске ие,  менеджментке жаңа көзқарастарын енгізетін, инновациялық әдістерді қолдана білетін, яғни  басқа салалардағы  ең жақсы басқару технологияларын зерделей алатын әрі әскери ерекшеліктерді ескере отырып енгізетін, тек әскерилерге ғана  емес, жетекші азаматтық жоғары оқу орындары үшін де үлгі болатындай тұлға болулары керек.

Жаңа оқу жылы басталғалы бірнеше кафедралар ашылғаны белгілі. Тоқтала кетсеңіз.

 Ұлттық қорғаныс университетінде Ракета әскерлері және артиллерия кафедрасы,  Әуе қорғанысы күштері кафедрасы салтанатты түрде ашылды. Бұған қоса университет тарихында 2014 жылдың аяғында орын алған орын алған тарихи сәт деп әскери тарих және әскери өнер кафедрасының ашылу салтанатын айтар едім. Бұл – мемлекеттік «Халық тарих қойнауында» атты тарихты зерттеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін міндеттелген тапсырманың бір парасы. Ұлттық тарихтың бір бөлшегі – әскери тарих болып табылады. Әскери тарихты тереңірек зерттеп, толықтыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Біз жоғарыда сөз еткен Тұжырымдаманың аясына кіретін үлкен міндеттің бірі. Тағы бір айта кетерлігі білім ордасында әлем тілдері сыныптары ашылды. Алдағы уақытта хинди сыныбын ашу жоспарланып отыр. Бұл сынып университет қабырғасындағы бұрыннан келе жатқан түрік, ағылшын және қытай тілдерін үйрену сыныптары қатарын толықтырмақ. Түрлі ұлттардың тілдерін меңгере отырып, тыңдаушы офицерлер белгілі бір мемлекеттің тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрі туралы, сол мемлекет әскерінің мен әскери ісінің қалыптасуы жайындағы құнды еңбектермен танысуға мүмкіндік алады.

Жаңа оқу ғимараты туралы, оқу кешенінің мүмкіндіктері туралы айта кетсеңіз?

– Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы  Бас Қолбасшысының нұсқауына сәйкес Астана қаласында Ұлттық қорғаныс университетін салу жөніндегі инвестициялық жоба 2008 жылы қолға алынып, іске асқаны мәлім. Жаңа кешеннің сәулеті қалай болады деген сұрақ алғашқы кірпіштері қаланған сәттен бастап біздің назарымызда болды. Өздеріңіз көріп отырғандай, оқу кешенінің жалпы ауданы 63 000 ш.м. асады. Бұл – 5 оқу корпусы, әкімшілік корпусы, сондай-ақ 306 пәтерлік жатақхана. Жобаға сәйкес бес блоктың топтық және дәрістік аудиториялары бір уақытта 1100 тыңдаушыларды сыйғызып, оқу процесін толық қамтамасыз ете алады. Әскери білім ордасының кешені қазіргі заманғы оқыту құралдарымен жабдықталған оқу корпустарынан тұрады. Бұл топтық және дәрістік аудиториялар, компьютер сыныптары, лингафон кабинеттері, конференц-залдар, 200 орынға арналған кинозал, жылдамдығы жоғары интернет. Университеттегі кітапхана қоры ғылыми, оқу, көркем және құпия әдебиеттерден тұрады. Кітап қоры 75 мыңнан асып жығылады.  Имитациялық модельдеу орталығы оқу-жаттығулар өткізіп, виртуалды қарсыласпен ұрыс жағдайын көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған университеттің жаңа әскери-ғылыми зертханасы әскери салада кең ауқымды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Әскери ғылымды дамыту мақсатында ведомствоаралық және мемлекетаралық авторлық ұжымдардың әскери ғылым проблемалары мен қоғамдық, нақты және техникалық ғылымдардың әскери проблематикасы бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуі үшін заманауи ғылыми-экспериманталды базамен жабдықталған ғылыми-зерттеу институты құрылды. Алдағы уақытта Ұлттық Қорғаныс университеті ғылыми-зерттеу институтының ішінен әскери-тарихты  зерттеу басқармасын ашу міндеті тұр. Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың нақты тапсырмасына сай әскери тарих бойынша базалық оқулықтар шығару, әскери-тарихи журнал ашу, 2020 жылға дейін Ұлттық қорғаныс университеті жанынан әскери институт ашу жоспарланып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!


Сұхбаттасқан Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас материалдар