Қандастар Ассамблея

«Кардинал» Гүлжан

24.03.2016 5006
Әлемдегі ең ықпалды қазақ қызы

Гүлжан Молдажанова. Бұл есімді қазақстандықтардың көпшілігі біле бермейді. Тіпті, өзі 27 жылдан бері тұрып келе жатқан Ресейдің өзінде ол журналистерге сирек сұхбат береді. Мірдің оғындай жауаптары тілшілердің өзін жаңылдырады. Журналистің сұрағына сұрақпен жауап қайыратыны да бар. Мінезді, талапшыл басшы екені оның әр сөзінен көрініп тұрады. Туған жерінде Гүлжанның есімі еміс-еміс естілсе де, әлемнің бизнес элитасы оны жақсы таниды. Аты-жөні Ангела Меркель, Елизавета ІІ, Хиллари Клинтон, Кондолиза Райс сияқты әлемнің ең ықпалды әйелдерімен қатар аталса қалай танымасын?! «Сіздер Гүлжан Молдажанова туралы ешқашан естімегенсіздер» деп жазады канадалық «The Globe and Mail» басылымы. Бұл газетте «Гүлжанның балалық шағы кеңестік республикалардың ішінде өз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялаған мұнайға бай Қазақстан деген елде өтті» делінеді.

Ал, Ресейде Гүлжан ханымның есімі, өзінің айтуынша, экзотикалық есім. «Сондықтан, мұнда мені жай ғана Гүлжан деп атағанның өзінде кім туралы айтылып жатқаны түсінікті» дейді өзі. Ресейлік БАҚ-тың оны «қалайы ханым», «сұр кардинал» деп атап кеткені қа-шан.

Сонымен, Гүлжан Молдажанова деген кім? Қазақтың қызы қандай жетістігімен бүкіл әлемге танылды? Ғаламтор бетінде ол туралы қазақ тіліндегі толыққанды ақпарат жоқтың қасы. Оқырмандарға кейіпкеріміз туралы кеңірек мағлұмат беру үшін оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сабақ берген ұстаздарымен тілдестік. Сондай-ақ, Гүлжан ханымның әр жылдары ағылшын және орыс тілінде берген сұхбаттарына шолу жасадық. Ал кейіпкерімізбен әлі күнге дейін хабар алмасып тұратын жақын құрбысы «ол күнде көпшілік алдына шығып жүрген адам емес» деп бізбен сұхбаттасудан үзілді-кесілді бас тартты. Расымен де, Гүлжан Талапқызы көпшілікке танымал болуға ұмтылмайды. Ал оның есімінің қоғамдық шаралар мен БАҚ беттерінде жиі аталатындығын тілшілер «өндірістік қажеттілік» деп түсіндіреді.

Гүлжан Молдажанова 1966 жылы 11 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Оның анасы фармацевт, ал әкесі металлургиялық институттың студенті болған. Ата-анасы Гүлжанның кішкентай күнінде ажырасып кеткендіктен, ол анасының қолында тәрбиеленген. Гүлжан қаладағы №56 орта мектепті және музыкалық мектепті фортепьяно сыныбы бойынша бітірген соң, бұрынғы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың физика-техникалық факультетінің «Қатты дене және бейсызық физика» кафедрасына оқуға түседі. Екінші курста өз өтініші бойынша ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын арнайы бөлімге ауыстырылады. Физика-техникалық факультетте алған білімі кейінірек Гүлжанға ең қиын деген мәселенің өзін шешуге және үздік нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Кейіпкеріміздің өзі де осыдан 5-6 жыл бұрын ресейлік «Forbes» журналына берген сұхбатында «мен қызымның математикалық мектепте оқығанын қалаймын. Себебі, математика мидың жақсы жұмыс істеуін реттейді» дейді.

Жоғары оқу орнында Гүлжан Н.Косов, С.Исатаев, Ш.Сәрсенбинов, З.Жаңабаев, В.Қашқаров секілді белгілі педагогтардан тәлім алады. Өзінің дипломдық жұмысын «Исследование кинетики роста кристаллов L-аргинин хлорида» тақырыбында үздік қорғап шығады. Физика-техникалық факультеттің бұрынғы деканы Әлия Сандыбайқызының айтуынша, Гүлжан Молдажанова студент кезінде университеттің қоғамдық өміріне, спорттық шараларға белсене араласқан.

1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын үздік бітірген Гүлжан осында ғылыми қызметпен айналысып, кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ресейлік жазушы Константин Боровой өзінің «12 талантливых топ-менеджеров» атты кітабында «ол атасының үмітін ақтады: мектепті үздік, университетті қызыл дипломмен тәмамдады. Аспирантурада оқыды, кандидаттық диссертациясын небәрі 27 жасында қорғады. Ал содан кейін барлық туысын таңғалдырған тосын шешім қабылдады. Ол 200 доллар жалақысы бар хатшылық қызметке орналасты» деп жазады. 90-жылдары, ғылымға көңіл бөлінбеген қиын-қыстау кезеңде Гүлжан өзіне «тамақ сатып алуға мүмкіндік беретін жұмыс» іздей бастайды. Осылайша, олигарх Олег Дерипасканың иелігіндегі холдингте «Росалюминпродукт» директорының хатшысы болып орналасады. Ол күндерді Гүлжан Талапқызы былайша еске алады:

«Мен алғашқы жұмыс күні компьютерден «Windows» бағдарламасын бірінші рет көрдім. Университетте менің экранымда «Norton Commander» тұратын. Бірақ, мен әріптерді өте жылдам теретінмін.  Ішкі байланыс телефондарының нөмірін жатқа білетінмін. Екі аптадан кейін мені қаржы жөніндегі директордың көмекшісі етіп тағайындады» («Forbes» журналына берген сұхбатынан).

Ал «The Globe and Mail» басылымында Гүлжанның алғашында тек пәтер сатып алуға жетерлік қаражат жинаудан басқа нәрсені армандамағаны айтылады. Журналист Ирина Телицынаның («Forbes») «сіз шешімін тапқан ең үлкен мәселе қандай?» деген сұрағына Гүлжан ханым «90-жылдары менің алдымда бөтен қалада өмір сүру деген үлкен мәселе тұрды. Сіз мәскеулік тұрғын емессіз, сондықтан да, мені түсінуге тиіссіз, басында баспанасы жоқ адам одан өзге нәрсеге бас қатырмайды. Мәскеудегі ең алғашқы пәтерімді 1998 жылы сатып алдым. Ал оған дейін күйеуімнің Орел қаласындағы үйінде тіркеуде тұрғанмын. Көшеден милиция көрсем, жүрегім зырқ ете қалатын. Өйткені, олар кез келген адамды тоқтатып, Мәскеуде тіркеуде тұрған-тұрмағанын тексере беретін».

Өзінің іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігінің арқасында Гүлжан қызмет бабында өсе бастайды. 1995-1999 жылдар аралығында ол есепші, қаржы менеджері, «Сібір аллюминийі» компаниясының сауда-саттық жөніндегі директоры қызметтерін атқарады. 2000-2005 жылдары «РусАлдың» сауда және маркетинг жөніндегі директоры, стратегия және корпоративтік даму жөніндегі директоры, «БазЭлдің» аллюминий бизнесінің басқарушы директоры болды. «The Globe and Mail» газетінде Гүлжан өзін Дерипаска мырзаның «БазЭлдің» бас директоры етіп тағайындағысы келетінін естігенде қатты таңғалғанын айтады. «Мен ең алдымен, өзіме артылатын үлкен жауапкершілікті ойладым. Сонымен қатар, осы қызметке өз еңбегіммен жеткенімді де сезіндім» дейді. 2005 жылдан бастап Гүлжан Талапқызы «Базовый элемент» компаниясының бас директоры қызметіне кіріседі («БазЭл»-дің активінде аллюминий, авиация, энергетика,  құрылыс, автомобиль және қаржы бизнесі бар). Осы аралықта компанияның табысы еселеп артып, 2007 жылы түсім айналымы 26,8 миллиардқа жетеді. Гүлжан Молдажанованы әйгілі «Forbes», «Fortune», «Wall Street Journal» басылымдары әлемнің ең ықпалды әйелдерінің қатарына енгізсе, ресейлік «Финанс», «Известия», «Карьера» сияқты басылымдар елдегі ең іскер әйелдердің алғашқы бестігіне қосады. Ең тамаша көрсеткіш деп Гүлжанның 2008 жылы Ұлыбритания ханшайымы мен сол кездегі АҚШ-тың бірінші ханымы Лора Буштың өзін шаң қаптырып, «Forbes» тізіміндегі 100 ықпалды әйелдің арасынан 37-орынға тұрақтағанын айтуға болады.

2009 жылы компанияны дағдарыс жағдайынан алып шығу үшін Олег Дерипаска «БазЭлді» басқару ісін өз қолына алады. Бұл аралықта Гүлжан ЕСН корпорациясын басқарды. Сонымен қатар, ол дәл осы жылы тәуелсіз директор ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына сайланған. 2012 жылдың шілде айынан бастап Гүлжан «БазЭл»-дің бас директоры болып қайта тағайындалды. Бүгінде ол «Базовый элемент»-тің әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан кәсіпорындарында жұмыс істейтін 200 мыңға жуық қызметкерді асқан шеберлікпен басқарып отыр.

Әріптестері мен серіктестері Гүлжан туралы әр алуан пікір айтады. Онымен 1997 жылдан бастап бірге жұмыс істеген Вадим Гераскин «мен оның өзі айтқан әр сөзіне, әрпіне, тіпті үтір-нүктесіне дейін жауап бере алатындығын ерекше айтар едім. Мұндай қасиет әйел түгілі, ер адамның бойында сирек кездеседі» дейді. Ал, Иван Глайзенберг есімді серіктесі Гүлжанның келісімшартты 10 минутта оқып тауыса алатындығына тамсанады. «Гүлжан қатал басшы және ол ешқашан далбаса нәрсеге алтын уақытын құртпайды» дейді Глайзенберг.

Молдажанова ханым өзінің талапшыл менеджер екенін мойындайды. «Мен қатал басшымын. Ақпаратты есту арқылы емес, көру арқылы жақсы қабылдаймын. Сондықтан, менің алдыма келген қызметкер мәселенің шешу жолдарын, мерзімі мен қажетті қаражат мөлшері, күтетін нәтижесін қағазға жазып әкелуі тиіс. Менің кабинетіме келіп алып, аспаннан жауап іздеп отыру – пайдасыз іс. Екі реттен көп жасалған қателікке төзбеймін. Өзімнің көңілім толмағандығын айғайламай-ақ жеткізе аламын. Кәсіби маман маған қайдағы бір далбасаны айта бастағанда, менің  наразы кейпімді оңай аңғарады. Көп қызметкерлердің жүзінде «бұдан гөрі ұрысқаны жақсы еді» деген жазу тұрады» дейді «Forbes» журналына берген сұхбатында.

Өзінің жұмыс барысындағы сабырлылығын Гүлжан «мен Даши Намдаковтың «Шыңғысхан» деген мүсінін жақсы көремін. Сол мүсіннің бітім-болмысы маған «сабырға кел, бәрі жақсы болады! Мен барлық жағдайды бақылап отырмын» деп айтып тұрғандай көрінеді. Екеуміздің қанымыз бір екенін сеземін. Егер, жетекші өз-өзіне сенімді болса, қызметкерлер жақсы жұмыс істейді» деп түсіндіреді.

Даши Намдаковтың "Шыңғысхан" атты мүсіні

Гүлжан Молдажанова өзінің жетістікке жету жолында сәттіліктің те үлкен рөл ойнағанын ұмытқан емес. Өзінің керек уақытта, керек жерден табыла білгендігін үнемі айтып жүреді. «Менің ең үлкен мақтанышым – қызым Алина. Жұмыс бабында аһ ұрып айтатындай үлкен бір жетістікке жеттім деп айта алмаймын. Біздің жұмыс – жылдар бойы біртіндеп істелетін жұмыс. Ол бірден көзге көрінбейді» дейді өзі.

Гүлжан өзінің қызы Алинаға қызметін қалтқысыз атқарған жанның өмірінде бәрі жақсы болатындығын жиі айтып отырады. «Адам жұмысын жақсы атқару үшін, алдымен, жақсы оқуы қажет» дейді. Расымен де, БАҚ өкілдері «әлемдегі ең ықпалды қазақ қызы» деп жарыса жазған Гүлжанның қазіргі деңгейіне жетуіне оның көрген тәрбиесі мен алған білімі ықпал еткендігіне ешкім шүбә келтірмейді.

ҰСТАЗ ПІКІРІ

Мэльс БОРАНБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, физика-техникалық факультеті, «Қатты дене және бейсызық физика» кафедрасының доценті:

            Гүлжанның жолы болды деп ойлаймын

– Мен өзім рентген құрастырушымын. Гүлжан менің жетекшілігіммен осы тақырыпта дипломын қорғады. Ол оқу бітіргелі де 25 жылдай уақыт өтті. Көп нәрсе есімде қалмапты. Гүлжан өте ұқыпты студент болды. Берілген тапсырманы бастан-аяқ орындайтын. Кез келген жұмысты тыңғылықты атқаратын. Қазір мұндай ұқыптылық көптеген студенттерге жетіспейтінін өзіңіз де жақсы білесіз.

Гүлжан оқуды қызыл дипломмен бітірді. Мен оған «Қатты дене физикасы» және «Рентгендік кристаллография» пәндерінен сабақ бердім. Жақсы оқыды, білімге құштар қыз болатын. Оның жауапкершілігі жоғары еді. Есеп шығару қажет болса, шығаратын. Түсінбей қалған жерін ұстаздардан сұрап алып, қалайда жауабын табуға тырысатын.

Гүлжанның жолы болды. Оның М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына түскені – жақсы көрсеткіш. МГУ – әлемнің маңдайалды университеттерінің бірі. Алайда, Гүлжан  өз мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Уақыт өз дегенін істетті деуге болады. Себебі, ол кезде біздің саланың мамандарына сұраныс болмады. Менің жалғыз-ақ айтарым, біз студенттеріміздің бойына дарытатын физикалық ойлау қабілеті өзінің нәтижесін көрсетті. Гүлжан басқа салада жүріп-ақ, жетістікке жетті, жетекші маманға айналды.

Суюмбика МАКСИМОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, физика-техникалық факультеті, «Қатты дене және бейсызық физика» кафедрасының профессоры міндетін атқарушы:

  Тамаша карьера жасағанына таңғалмаймын

– Ұмытпасам, Гүлжан Молдажанова ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетін 1989 жылы бітірді. Ол кезде студенттер 5 жыл оқитын. Ал, арнайы топтағылар ағылшын тілін тереңдетіп 6 жыл оқыды. Гүлжан осы арнайы топтан бітіріп шықты. Мен оларға «Жартылай өткізгіштер физикасы» пәнінен сабақ бердім.

Мен білетін Гүлжан  ақылды, еті тірі қыз болатын. Бізге мектептен өте жақсы дайындықпен келді. Жігерлі, белсенді, талапшыл студент болды. Ол өз тобында дараланып тұратын.

Гүлжан менің жетекшілігіммен өзінің алғашқы курстық жұмысын жазды. Кейінірек ол М.Ломоносов атындағы МГУ-дің аспирантурасына оқуға түсті. Оқуын бітіргеннен кейін бір кездестіріп қалғанымда, Гүлжан маған өзінің тұрмысқа шыққанын, жолдасы математик екенін айтқан еді. Сол кездері оның жолдасына АҚШ-тан жұмысқа шақырту келіп, өзі екіойлы пікірде жүр екен. «Алдымда екі таңдау тұр. Бірі – Мәскеуден кету, екіншісі – физика кафедрасында қалып, жұмыс істеу» деген болатын.

Мен Гүлжанның осындай тамаша карьера жасағанына таңғалмаймын. Себебі, оның белсенділігі, мықтылығы бірден көзге ұрып тұратын. Ол өз тобындағы ең үздік студенттердің бірі болды. Бойындағы қасиеттерімен біреулердің көлеңкесінде қалуы тіпті де мүмкін емес еді. Оны әрдайым студенттеріме үлгі етіп айтып отырамын. Шәкірттеріме «Болашақтарыңның қандай болатыны тек өздеріңе байланысты» деп айтамын.

P.S. 2015 жылдың қорытындысында, Гүлжан Талапқызы Ресейдегі ең табысты 25 менеджердің қатарына төртінші мәрте енді. Ресейлік «Форбстың» есебіне сенсек, Молдажанова ханымның өткен жылғы табысы 6 миллион долларға дейін жеткен екен.


Роза ӘРЕН