Қандастар Ассамблея

Караоке қалай пайда болды?

23.10.2015 3119
«Караоке» ұғымы жапонның: «кара» (бос) және «окесутора» (оркестр) сөздерінен шыққан.

«Караоке» ұғымы жапонның: «кара» (бос) және «окесутора» (оркестр) сөздерінен шыққан. Бірнеше онжылдық бұрын пайда болған бұл көңіл-көтеру құралы бүгінгі таңда біздің өмірімізге кеңінен еніп кетті: оны сіз кафелерден, туристік орындардан, телебағдарламалардан немесе дәл өзіңіздің үйіңізден көре аласыз. Алайда карокенің тарихы мен оны ойлап тапқан адам жайлы білетін адам кемде-кем.

Караоке ХХ ғасырдың екінші жартысында Жапонияда ойлап табылды. Нақтырақ айтқанда, әуесқой әншілерге арналған алғашқы автомат 1971 жылы ашылды. Караокенің әкесі – Иноуэ Дайсукэ есімді жапониялық барабаншы. Ол әр жерде жүріп ақша табатын және оны талантты сүйемелдеуші ретінде бағалайтын. Шын мәнісінде, ол өзі ән айтпайтын, тек «тірі караоке» болып қызмет ететін. Бір жыл бұрын Иноуэнің танысы іс-сапарға бармақ болып, одан сүйемелдеуші ретінде бірге баруды өтінеді. Алайда оның қолы бос болмай, оның орнына өзінің музыкалық туындысы таспаға жазып, өзінің алғашқы «клиентіне» тапсырады.

Иноуэ Дайсукэ: «Ол адам ән айтуға өте икемсіз еді. Нотаны да дұрыс ала алмайды, ритмді де ұстай алмайды. Сол үшін оған арнайы аранжировка әзірлеп бердім. Білесіз бе? Оған қатты ұнады! Өзіме келер болсақ, нотаға қарамай жақсы ойнай алмадым, ал жаңа әндер болса бірінің үстіне бірі келіп жатты. Сол кезде: «Бәлкім маған көмектесетін машина керек шығар?» – деген ой келді. Караокенің ойлап табу менің жалқаулығымның арқасында мүмкін болды: жаңа әндерді жаттауды мүлдем ұнатпайтынмын»

Бұл караокенің дүниеге келуінің алғышарты ғана, алайда бұл кезде караоке халықтық құралға айнала қоймаған еді. Шешуші кезең осыдан кейін басталды. Бірде Кобэ қаласында бір рок-топ (Иноуэ осы топтың сапында болатын) өнер көрсетіп жатады, бір кезде халықтың көңілін аулай тұру қажет болады. Осы кезде барабаншы әнді өлеңінсіз ойнататын аппарат құрастырып шығарады. Музыканттар болса, әннің мәтінін бұқараға таратып, өздері демала тұрады. Адамдар болса қуана-қуана ән салады. Алайда дәл осы концертте жаңа туындыны ешкім өз деңгейінде бағаламайды. Тек 15 жылдан кейін ғана адам көңіл көтерудің жаңа түрінің «дәмін» татты. Одан кейін караоке тек Жапонияда емес, бүкіл әлемде танымал бола бастады.

 Көптеген компаниялар караокені дамыту идеясын жүзеге асырумен айналысты. Бір қызығы автор өз туындысын патенттеп үлгермеген. Осылайша, Иноуэ Дайсукэ өзінің туындысы үшін ақшаға кенеле алмады (бастапқы кездегі алғашқы аппараттарды сатудан түскен қаражатты қоспағанда).

Дегенмен, 2004 жылы оған пайдасы жоқ және күлкілі әзірлемелер үшін тағайындалатын «Шнобель премиясы» (Ig Nobel Prizes) берілді.   


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар