Қандастар Ассамблея

Камил Муллашевтің көрмесі

05.07.2016 3369
Бояумен өрілген өмір

Астана күні қарсаңында Ұлттық музейде «Камил Муллашевтың ретроспективасы. Менің заманым» атты көрме ашылды.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай автордың туындыларына жоғары баға берді.  

– Камил Муллашевті тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де жақсы таниды. Ол – өз туындыларында балалық шағынан бастап өмір жолын сәтті бейнелеген суретші. Автордың шығармашылық жұмыстарынан қазақы мінезді аңғаруға болады. Оның еңбектері сонысымен де құнды, – деді Дархан Мыңбай.  

Ал, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев көрмеге қойылған туындылардың көркемдік мәніне тоқтала келе, Камил Муллашевтің қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты суретшілердің бірі екенін айтты.

Суретші көрмеге қойылған жұмыстарын Астананың туған күніне орай арнайы дайындаған. Оның айтуынша, мұндағы туындылардың барлығы дерлік 1990 және 2000-жылдардағы ауыр жағдайды бейнелейді.

 

Анықтама

Камил Муллашев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Франция көркем өнер академиясының күміс медалі иегері, Татарстан Республикасының Ғабдулла Тоқай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері, Қытай өнер академиясының академигі. Оның шығармалары Мемлекеттік Третьяков галереясының, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік музейдің қорларында, сонымен қатар, Қазақстанның жеке коллекцияларында және АҚШ, Франция, Германия, Лхтенштейн, Түркия, Қытай және т.б. елдердің топтамаларында сақтаулы тұр.

Көрме 2016 жылғы 1 тамызға дейін жұмыс істейді.


Әзірлеген Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер Ұлттық музейден алынды

Ұқсас материалдар