Қандастар Ассамблея

Күзгі демалыс уақытында көріңіздер

05.11.2014 4943
Осы апта ішінде еліміздің кинотеатрларында болатын ең үздік фильмдер тізімі.

Қараша айының 3 мен 11 аралығы Қазақстан мектеп оқушылары үшін күздік демалыс уақыты. Осы уақыт аралығын қалай тиімді де, пайдалы өткізуге болатындығы жайлы жазғанбыз. Бұл жолы осы апта ішінде еліміздің кинотеатрларында болатын ең үздік фильмдер тізімін ұсынамыз.

Қаһар /Fury/Ярость (2014 ж)

Қазақстандағы премьерасы – 30 қазан 2014 ж.

Басты рөлдерде: БРЭД ПИТТ, ЛОГАН ЛЕРМАН, ШАЙА ЛАБАФ...

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңін суреттейтін америкалық фильм көрсең - 4 жылдық қантөгіс әдемі, эффектілі, тіпті көңілді өткендей әсер аласың. Онысы аздай, америкалықтар әлемді фашизмнен азат етуші болып шыға келеді. Бірақ "Қаһар" сәл өзгешелеу.
Менің ойымша, жаһандық қырғынды барынша шынайы көрсетуге тырысқан Голливудтың сирек фильмдерінің бірі - осы "Қаһар". Бірақ осы арқылы картинаны тарихи дәйегі бар материал деп қарастыруға тағы болмайды. Қатігездік мен шынайылықты үйлестіріп көрсетемін деп тым артық кеткен тұстары да баршылық.
Техникалық тұрғыдан фильмнің түсірілуі керемет. Арнайы эффектілерсіз "таза" соғыс. Әсіресе танкілердің жекпе-жектері ерекше әсер береді.
Актерлік құрам да сәтті таңдалған дер едім. Шағын танкіге бес адамнан құралған экипаждың тым көптеу көрінгені болмаса, "соғыс барысында" әрқайсына берілген рөлдің өз маңызы бардай көрінді.
Америкалық боевик қашан пафоссыз болып еді?! Бұл жолы да жалынды сөздер мен мақтаныш сезімін туғызуы тиіс іс-қимылдар көрініс тапты. Мүмкін мен қателесетін шығармын, бірақ кей сәттерінде Екінші Дүниежүзілік соғыс заманына тән емес, қазіргі заманға сай сөздер мен сөз тіркестері қолданылғандай болды.
Айтылған артық-кемшіліктерді былай қойып, философиялық сарапсыз көрерменнің көзімен қарасақ "Қаһар" - ерлік пен достықты әдемі көрсете білген кинотуынды.

Ернар Бекенов www.kinostan.kz  


Тропинка к облакам (2014 ж.)

Басты рөлдерде: Ерболат Тоғызақов, D-Tank

Жақында "Тропинка к облакам" деген қазақстандық картина прокатка шығады. Фильмде негізгі рөлдерді Ерболат Тоғызақов пен D-Tank есімді рэпер орындайды.

Шынайы оқиғаларға негізделген фильм түрлі буын өкілдерінің құндылықтарын сөз етеді. Түсірілім барысы қиын кезеңдерден өтіпті: кинотуынды 4 жыл бойы түсірілген, бірнеше түсіру тобы мен режиссер өзгерген. Жоба жұмысын Оскар Бах аяқтаған. 

Картина Берлинде өткен фестивальде көрсетіліп, сыншылардың оң бағасын алып үлгерген. "Тропинка к облакам" драмасы Қазақстан кинотеатрларында 2014 жылғы 16 қазаннан бастап көрсетілмек.

Ернар Бекенов www.kinostan.kz  


Түннен де қараңғы/ Más negro que la noche/ Темнее ночи (2014 ж.)

Қазақстандағы премьерасы - 30 қазан

Басты рөлдерде: Сурия Вега, Адриана Лувьер және Эрендира Ибарра

Гретта есімді жас қыз өзінің қайтыс болған Офелия есімді тәтесінен 1 ғана шартпен зәулім үйді мұраға алып қалады. Ол – Беккер есімді тәтесінің сүйікті қап-қара мысығына қарап, асырау. Өмірдің берген бұндай сыйына Гретта қуана-қуана келісіп, өзінің 3 құрбысымен үйге көшіп келеді. Алайда, қыздардың абайсыздығынан мысық бір күні өліп қалады. Шартты бұзғандар енді жазасын алады...


Қазақша тонау/ Ограбление по-казахски

Басты рөлдерде: Аружан Жазылбекова, Байкенже Белбаев, Ерік Жолжақсынов

Қазақстандағы премьерасы – 6 қараша

Фильмнің басты кейіпкері қазақстандық банктердің бірінде жұмыс істейтін көп кісінің бірі. Жақсырақ өмірді армандап жүріп, достарымен қоса жемқор полицейлердің қолдарына банкті тонады деген айыппен тап болады. Қызық сол кезде басталады.  


Интерстеллар (2014 ж.)

Слоган: «Адамзаттың келесі қадамы - ең Ұлы қадам болады»

Басты рөлдерде: Мэттью МакКонахи, Энн Хэтэуей, Уэс Бентли

Орын алған қуаңшылықтың кесірінен жер бетінде аштық пен кризис болады. Бір топ зерттеушілер мен ғалымдар уақыт кеңістігінің қуысымен (ол қуыс, шамамен үлкен уақыт арасында саяхаттауға мүмкіндік береді) саяхатқа кетеді. Бұл саяхаттың негізгі мақсаты – уақыт қуысын қолданып, адамзатты басқа планетаға көшіріп, аман алып қалу.  

 

Суреттердің дереккөздері: wallwidehd.comvechastana.kz/moviewallpapers

http://cinema-hd.kzgirlmeetscinema