Қандастар Ассамблея

Көпен ӘМIРБЕК: "Қоғамның жүгін қопарып айтатын жүректі сықақшы жоқ"

31.07.2014 2887
Көпен ӘМIРБЕК, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик.

Көпен ӘМIРБЕК, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик.

«СЫҚАҒЫМЫЗ ЖҮКАЯҚТЫҢ АСТЫНДА ӨСКЕН ШӨП СИЯҚТЫ»

 

Қазiргi кəсiби қазақ сатирасы қай деңгейде?

– Кəсiби қазақ сатирасының деңгейi өткен ғасырда өте жоғары болды. Сағат тiлiн керi қозғай алмайтынымыз секiлдi, өткен ғасырды да, қазақ сатирасының сол кездегi деңгейiн де керi қайтарып ала алмаймыз.

Неге қазiр ол деңгейге жете алмаймыз?

– Қазiр жаңа ғасыр басталды. Осы ғасырда ауыз толтырып айта қоярлықтай дүние жоқ. Неге? Өйткенi, ол заманда қоғамның дамуына сатира игi ықпал-əсерiн тигiзiп отырды. Егер де өткен ғасырдағы сатира желдиiрмен секiлдi болса, онда сықақшылар сол диiрмендi айналдыратын желдiң рөлiн атқарған. Егер судиiрмен болса, онда таудан құлап аққан сарқыраманың рөлiн атқарды. Қазiр диiрменi қайсы, желi қайсы, ажырата алмай дал болдық. Себебi, жаңа ғасырдағы сатира жаңа туған баладай аяғын қаз-қаз басып келе жатыр. Əзiрге топ жарып, жүзден жүйрiк шығып келе жатқан ешкiмдi көрген жоқпын. Халықтың өзi «ойбай, пəленше деген сықақшы шығыпты» деп, баяғы Оспанхан Əубəкiровтi, Асқар Тоқмағамбетовтi, Шона Смаханұлын iздегендей iздеп жүрген жас сықақшыны əлi байқамадым.

Оның себеп-салдары неде деп ойлайсыз?

– Егер жоқ болса, ол жоқтың себебiн қайдан iздейсiң? Бiздiң халық кеңестiк дəуiрдегi тəртiпке бейiмделiп қалған да, ал жас буын əлi өсiп жетiле қойған жоқ. Жүкаяқтың астында өскен шөптi көрiп пе едiң? Күннiң көзiн көрмей, жел тимей, өңсiз, түрсiз, ұзын боп сорайып өседi. Бiздiң сықақтарымыз да осы жүкаяқтың астында өскен шөп сияқты.

 

«МƏДЕНИ МҰРА» – ОРЫНДАЛАТЫН ЖОСПАР»

– «Мəдени мұра» бағдарламасының қазақ сатирасына тигiзер ықпал-əсерi бола ма? Əлде, тоқалдан туған баладай көрiп, ала көзiмен бiр қарап өте шыға ма?

– «Мəдени мұра» бағдарламасының дүниеге келуi – көп көркем шығармаларды тiрiлттi, санамызды сiлкiнттi.

Сықақшылардың етек-жеңiн жинайтын уақыты ендi келдi. Неге? Өйткенi, бiз осы бағдарлама аясында сонау Қожанасыр, Алдаркөседен бастап, бүгiнгi сықақшылардың шығармаларына дейiн жинақтап, елу болмаса да 30 – 40 том шығаруды қолға алып отырмыз. Бұл – болашақ үшiн сауабы мол қазына болар едi. Қазiр бiз тиiстi орындарға хат жазып, жоспар жасап жатырмыз. Бiрақ бұл – орындалатын жоспар.

Бұл iстiң басы-қасында Иманғали Тасмағамбетов жүр едi. Ол кiсi ат ауыстырып үлгердi ғой. Ендi «бұл бастама аяқсыз қала ма деген қауiп бар.

– Бұл бағдарлама – Елбасының қабылдаған бағдарламасы. Иманғали Нұрғалиұлы Президент аппаратының жетекшiсi болды. Қайта ол өз орнына уақтысында келдi. Өйткенi, бүкiл уəзiрлiк, бүкiл билiк қазiр Имекеңнiң қолында. Мемлекеттiк хатшы – бұрын салт атты болса, қазiр ол кiсiнiң атына арба жегiлдi. Ол арбаға жүк артылуы керек. Сол жүктiң бiрi – «Мəдени мұра» бағдарламасы болуы қажет.

Iлгерiде «Ара» журналына бiр фельетон шықса, оның кейiпкерiне мiндеттi түрде шара қолданылатын. Құдайға шүкiр деп айтайық, қазiр өзiңiз басқарып отырған «Ара» журналының əрбiр санында екi-үш фельетон жарық көрiп жүр. Ал олардың нəтижесi қандай?

– Бiрiншi, ондай дəрежеге жету үшiн журналды бұрынғыдай азуын айға бiлеген қалпына жеткiзу керек. Екiншiден, елiмiз егемен болғалы берi бұқаралық ақпарат құралдарында қан-шама өзектi мəселелер сыналды. Бiрақ ешкiм жауап берген жоқ. Керiсiнше, сол сыналған кейiпкерлерге сот алдында журналистердiң өзi жауап берiп жатты ғой. Сын мақалада айтылған, жазылған деректердiң 99 пайызы шындық, ал бiр пайызы ғана журналистiң сезiмге, əсерге берiлiп жазған тұстары болуы мүмкiн. Сондай осал жерiн ұстап алады да: «Менiң ар-намысыма тидi» деп байбалам салып, моральдық шығын өтеудi талап етiп жатады. «Ара» журналының бұрын азуын айға бiлеген себебi бұл – Орталық партия комитетiнiң саяси сатиралық жур-налы болған. Ол кезде заң басқа болатын. Аудандық газетте жарық көрген сын мақалаға дейiн жауап берiлетiн. Қазiр ондай сын мақалаларға жауап берiлсiн деген заң жоқ. Жауап берсе де, бермесе де, ол шенеунiктiң өз еркiнде.

 

«ƏЗIЛ-ОСПАҚ ОТАУЛАРЫ «МАТРЁШКА» ОЙЫНШЫҒЫ СИЯҚТЫ»

Қазақ сатирасы туралы сөз қозғала қалса, таяқтың бiр ұшы əзiл-оспақ отаулары мен комедия театрларына тиiп жатады. Ол «таяқтың» бiр егесi Сiз емессiз бе?

– Бiздiң «Тамаша», «Бауыржан-шоу», «Терiсқақпай», «Шаншар», «Күлкi керуенi» деген əзiл-сықақ отаулары орыстың «матрёшка» ойыншығы сияқты бiрiнiң iшiнен бiрi шыға берген. Түрлерi де бiрдей, түстерi де бiрдей. Тек аттары ғана басқа. Бiр қызығы – бiз оларды сынап аламыз да, «келесi жолы қызық болып қала ма?» деп қайта барамыз. Дегенмен, егер олар жоқ болғанда қайтер едiк? Бiз, қазақтар, жақсы жағынан гөрi, осал жағына көбiрек назар аударамыз. Мiнезiмiз сондай. Бiрақ бiз «бұдан да жақсы болсын, мазмұнды болсын» деп айтамыз ғой. Жалпы алғанда, олар орташа деңгейде.

Ал ендi осы отаулармен автор ретiнде байланысыңыз қандай?

– Ешқандай байланысым жоқ. «Тамаша» наурыздағы бағдарламасына қазiргi бетке ұстар сықақшымыз Сейiт Кенжеахметовтi шақырып, тек соның шығармаларын қойыпты» деп естiдiм. Мiне, мұның өзi режиссер Лұқпан Есеновтiң iзденiсiн байқатады. Негiзi, əрбiр театрда ре-дактор, редакциялық алқа болуы керек. Бəлкiм, сонда ғана қойылымдардың сапасы жақсаратын шығар. Қазақ – тумысынан əзiлкеш халық. Бiрақ көбiсi соңына түспеген. Өкiнiшке қарай, қоғамның жүгiн қопарып айтатын жүректi сықақшыларымыз жоқ.

Еуропа да, басқа да алыс-жақын шет мемлекеттер де сатираға ерекше көңiл бөледi. Тiптi, «Алтын кiрпi» деген қомақты жүлделер де тағайындаған. Бұл сыйлықты түрiктiң атақты сықақшысы Əзиз Несин екi рет иемденген. Əзiрге ондай жүлде алмақ түгiлi, сондай сатира сайыстарына қатысқан қандастарымыз əлi жоқ. «Өз-өзiне күле алмаған халықтың болашағы жоқ» деген қағида бар. Сонда бiздiң болашағымыз жоқ па, əлде сатиралық шығармаларымыздың насихатталуы нашар ма?

– Гобровода жыл сайын күлкi конкурсы өтiп тұрады. Оған «бiр қазақ сықақшысы қатысыпты» деген сөздi ешқашан естiген емеспiн. Ол конкурс та – спорттық олимпиада сияқты үлкен сайыс. Ал ондай сайысқа дəл қазiр кiмдi апарар едiк? Орын ала алмай масқара боп қайтқанша, қатыспағанның өзi жақсы...

Əңгімеңізге рақмет

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ» 

Ұқсас материалдар