Қандастар Ассамблея

КӨНЕ ОБАЛАР

29.08.2014 10860
КӨНЕ ОБАЛАР, ежелгі дүние обалары – ежелгі дәуірлерден сақталған археологиялық ескерткіштер, жерлеу орындары.

КӨНЕ ОБАЛАР, ежелгі дүние обалары – ежелгі дәуірлерден сақталған археологиялық ескерткіштер, жерлеу орындары. Әлемнің көптеген елдеріне тараған. Әр жерде кездесетін адам жерленген кез-келген қабірдің барлығы оба санатына кірмейді. Оба деп қабір үстіне тастан, топырақтан немесе осы екеуін араластыра үйінді тұрғызылған жерлеу орындарын айтады. Бұрынғы кеңес археологиясында мұны түркі тілінен енген “курган” сөзімен атау қалыптасқан болатын. Адамзат тарихында мүрдені жерлеу салты орта палеолит кезеңінде пайда болса, қабір үстіне оба тұрғызу әлдеқайда кейін, яғни энеолит дәуірінде қалыптасты. Және де оба үю дәстүрі, ең алдымен, Еуразия далалық өлкелеріне тән. Әдетте, ғалымдар обаға жерлеу ғұрпының шығуының өзін көшпелі тұрмысқа бейімделген далалық бақташы тайпалар мәдениетімен байланыстырады. Археол. деректер бойынша, обалардың пайда болуы далалық өлкелердің батысында, Орал мен Днепр аралығында б.з.б. 3-мыңжылдықта қанат жайған энеолиттік көнешұңқыр мәдениетімен тұстас келеді. Көнешұңқыр мәдениетінің мал ш-мен шұғылданған көшпелі тайпалары алғаш рет аталмыш дәстүрді дүниеге әкелсе, осыдан кейін ол Еуразияның далаларына біржолата тұрақтады. Археологияда обаларды зерттеу, жүйелеу мен сипаттаудың қалыптасқан тәртібі бар. Оба – мұқият зерттеуді талап ететін күрделі құрылым. Зерттеушілер алдымен жер үстінде көрініп тұрған ерекшеліктерін, яғни қоршауларын, қосымша құрылыстарын (мыс., “мұртты” болуы мүмкін), негізгі өлшемдерін (диаметрі, биіктігі), оның сыртқы құрылымдық бейнесін анықтайды. Неден тұрғызылғаны (тас, топырақ), материалын немесе құрамын көрсетеді. Материалдардың өзі белгілі бір жүйемен пайдаланылатындықтан, оба стратиграфиясы үйіндінің қандай қабаттардан тұратынын зерттейді. Обаның астында, кейде жер астында, тіпті жер бетінде жерлеу камерасы орналасады. Мұның өзі әлдеқандай қосымша құрылыстың ішінде тұруы мүмкін. Жерлеу камерасының нақты түрлері бар (жер астындағы шұңқыр, жер бетіндегі ағаш қима, тастан қаланған қабірхана, т.б.). Камераның ішінде адам жерлеуге арналған қосымша қабір ішіндегі құрылыстар да ұшырасады. Мәселен, шұңқыр қабірдің ішінде бір бөлігін алып жатқан ағаш қима, тас жәшік, лақат, ақым-катакомбалар осыған жатады. Осы ерекшеліктердің барлығына мүрденің жату тәртібі (шалқасынан, бүйірінен), басының қаратылуы (солт-ке, бат-қа, т.б.), бірге қойылған түрлі заттар және олардың орналасу тәртібі қосыла келе жерлеу ғұрпы деп аталатын археологияның аса үлкен зерттеу саласын туғызады. Әр дәуір ескерткіштерінің, бір дәуірде өркендеген түрлі мәдениеттердің жерлеу ғұрпының өзіне ғана тән ерекше сипаты болады. Обалардың көмегімен көне мәдениеттердің жерлеу ғұрпын анықтау, әсіресе, Еуразия далалық тайпаларының ескерткіштерін зерттеуде өте маңызды орын алады. Қазақстан өлкелерінде сан мыңдаған түрлі дәуір обалары бар. Сақ дәуірінен бастап үлкен “патша обалары” күрт көбейеді. Тарих, археология ғылымдарына баға жетпес деректер берген Есік обасы (Алтын адам), Бесшатыр, Шілікті обасы, Тасмола, Берел қорымы, Сынтас, Бесоба қорымы еліміздің бірегей ескерткіштеріне жатады.

Әдеб.: Акишев К.А., Кушаев Г.А., Древняя культура саков и усуней долины реки Или, А.-А., 1963; Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М., Древняя культура Центрального Казахстана, А.-А., 1966; Акишев К.А., Курган Иссык, М., 1978; Методические рекомендации по исследованию курганных памятников, К., 1986. 

"Қазақ энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар