Қандастар Ассамблея

Күн райын болжау

23.11.2015 4687
Күн райын болжау

Шаруашылық істері мен тіршілікқамы қарекетін тиімді, ұтымды ұйымдастыру мақсатында бұрынғы және сол сәттегі табиғат құбылыстарына қарай отырып, болашақтағы күннің райын, табиғаттың жай-күйін анықтау, болжамдар жасау. Күн райын болжау этностың өмір сүру барысында пайда болған, шаруашылық жүргізуде, ұйымдастыруда аса маңызды орын алатын халық білімінің бір саласы, дәстүрлі тіршілікқамы мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі. Ауа райын болжау этностың қоршаған ортасының табиғи-климаттық жағдайымен, ауа ағынымен тығыз байланысты.

Күн райын болжау мерзімі – бір күннен бастап бір жылға, тіпті бір мүшелге дейінгі уақытты қамтиды. XX ғасырдың басында «Туркестанские ведомости» газетінің оқырмандарының алдағы жылдың ауа райын болжап беруі туралы өтінішіне байланысты жергілікті қазақтар (Түлкібаста) аспан жұлдыздарына қарап, келер жылы күн райының қандай болатынын болжаған екен.

Этностың тіршілік әрекетіне негізделген күн райын болжау арқылы мал шаруашылығымен айналысатындар көшудің уақыты мен ережелерін белгілеп, егіншілікпен айналысатындар шаруашылық жұмыстарын жүргізсе, ал балықшылар теңізге шығатын уақытта анықтаған. Қазақтардың осы саладағы дәстүрлі халықтық білімдері аспаптық бақылаудың шығуына дейінгі есепшілердің, яғни, халық астрономдарының күнтізбелік бақылауларында сақталған.

Күн райын болжау үшін – жұлдызға, Айға және жердегі табиғат құбылыстарына, оның ішінде тіршілік иелері (құс, балық, жануарлар, өсімдік, адам сезімдері), аспан құбылыстары (таң шапағының түсі, жұлдыздардың жарқырауы, айдың түсі), заттардың белгілері мен өзге де қайталанып тұратын құбылыстарды т.б. бақылауға алып отырған. Жалпы адамдардың аспандағы құбылыстарды зерттеуі сонау көне заманға кетеді. Белгілі ғалым Б.А. Фролов палеолит дәуірінде салынған түрлі ою-өрнекті суреттердің Айдың, Күннің циклына негізделген күнтізбе екенін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берді. Қазақстанда Саймасай, Таңбалытас жерінен табылған бірнеше бедерлі суреттер осының айғағы.

Ғылымға дейін ауа райын болжауға қатысты тиімді (рационалды) және өлшемге келмейтін (иррационалды) бақылау бойынша, есепшілер халықтық білімнің синкретикалық жүйесін жасады. Соңғы кездегі жаратылыстанудағы жасалған ғылыми жаңалықтар ауа райын болжаудағы дәстүрлі халықтық білімдердің ғылыми негізі екендігіне тоқталып отыр. Ауа райын болжаумен байланысты негізінен ауызша сақталған дәстүрлі білімдердің жүйесіне қатысты ақпараттарды этнографиялық және фольклорлық деректермен бірге қазақ тіліндегі космонимдерден, атмосферонимдерден, зоонимдерден, фразеологизмдер мен паремиологиздерден, сондай-ақ, кейбір прецедентті мәтіндерден т.б. кездестіруге болады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар