Қандастар Ассамблея

ҚИЯЛ ҚУҒАН ЕЛГЕЗЕК

27.08.2014 3896
ҚИЯЛ ҚУҒАН ЕЛГЕЗЕК

Алла тағала адам баласына сансыз қабілет сыйлаған. Соның бірі «қиял» деген ғажайып қабілет. Ал, менің шет елдерде туған бауырларымның қиял əлемі өзгешелеу екенін де айтуым керек. Өйткені өз отанында туған сəби есейе келе, оқуды, ғалым болуды, кəсіпкер болуды, өнер адамы болуды, бастық болуды не қоғам қайраткері болуды армандайды. Сосын арманын қиялдайды.

Ал, тағдыр тəлкегіне түсіп, шет елдерде туған сəбилердің арманы адам сенгісіз қиял əлеміне ұласып жатады. Оған шет елде туған мыңдаған қазақ балаларының өмір жолы, қиялдаған арманы куə. Мен сол мыңдаған қазақ балаларының бірімін. Мен Сұлтан абад ауылында туып, Горган қаласына көшкенше, одан əрі мектеп жасына жетіп біршама ес біліп, Рақбай атамның сөздерін бойыма сіңіргенше кəдімгідей балалық кезеңінің əсем де тəтті уақытын ананың, нағашылар мен ағайындардың жылы алақанында, мейірлі құшағында, сүйсіне қараған нұрлы жанарларының сəулесінде нағыз ұжмақта өткізгенмін.

Қалаға келген соң ана мен əкенің жанында жүріп шаһардың көк базарын көрдім, мектеп ауласында қаптап жүрген балаларды көріп, оқуды армандым. Мектепке барғым келеді деп, еркелік мінезбен əкемнің мазасын алатынды шығардым. Əкем жарықтық сол кездің өзінде қоғамның беделді азаматтарының бірі еді. Горган қаласының орталық көшесінің бойында иранның ортағасырлық əйгілі шайырларының бірі болған Мəнаучери атындағы мектеп тура қаланың орталық алаңында, көк базар маңында орналасқан болатын. Оның директоры Һашеми деген иманды адам менің əкемнің жақын досы болған. Қала орталығына барған сайын əкем оған жолығып, екеуі шүйіркелесіп қалатын. Һашеми ағаның нұрлы бейнесін, маған ілтипат көзімен қарағандығы да менің мектепке ынтазарлығымды одан əрі қамшылай түскені де шындық. Мен ол кісіні күні бүгінге дейін ұмытқан жоқпын. Оны сағына еске алып жүремін. Тым ұзын емес бойы, сиректенген шашы, жасыл тарқан көздерінің түсі, көзіне таққан көзəйнегі, салмақты киінісі тіпті бар болмысынан тек қана шапағат жаудыратын ондай адамды ұмыту да мүмкін еместей болып көрінеді маған.

Бəрі осылай əдемі басталып, аталған мектепке де бардым. Сəбилік сезімнің ырғағында тербеліп, мектепте тез арада парсы тілін үйреніп, ортаның кейпіне де ене бастау балалар үшін қиын емес екенін де сезбедім. Мектепке дейін үйде бір ауыз парсыша сөйлемей, оқуға түскенде не үшін өзге тілмен білім ала бастағанымды да таң қала ойланған жоқпын. Бəрі дұрыс, бəрі өмір заңы сияқтанып тіршілік алға жылжып бара жатты.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"