Қандастар Ассамблея

IV.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

31.03.2014 2903
Жыраулар поэзиясы – реалистік және романтикалық көркемдікәдістерді тел тоғыстырған әдеби құбылыс.

Жыраулар поэзиясы – реалистік және романтикалық көркемдікәдістерді тел тоғыстырған әдеби құбылыс. Аталмыш екі әдістің жыраулар шығармашылығында өзара ұштаса көрініс табуының негізгі екі себебі бар. Оның бірі – өзде­рінің жыр-толғауларына арқау еткен мәселені жыраулардың өмірлік шындықтан алуы және сол шындықты халық көңіліне ұялайтындай мазмұнда шынайы жырлауға ұмтылуы болса, екінші себебі, – яғни романтикалық әдістің көрінуі, – жыраулардың шығармашылық ұстанымының халықтық арман-мұраттардан өріс алуында жатыр. Дәл осы романтикалық әдіске ден қоюшылық, әсіресе, қазақ жұртының дербес ел болуға бет түзеген кезеңінде өмір сүрген жыраулар поэзиясына етене болып келеді. Оның сыры өз билігін өз қолына алып, өзінің жаңа мемлекетін құруға ұмтылған халықтың романтикалық сезімге толы асқақ арманымен байланысты. Жалпы, мұндай жағдай жаңа өмір құруға ұмтылған кез келген халықтың тарихына тән көрініс болып келетіні белгілі. Осындай халықтық романтика жыраулар поэзиясына да әсер еткені анық.

Осы орайда ескеру абзал, романтикалық әдістің негізгі ерекшеліктерініңбірі суреттеген жәйтті я асқақтата, я құлдырата жеткізуі болып келеді. Нақтылай айтқанда, романтизмге бағдар ұстанған шығармашылық иесі абзал сезімдерді, игілікті іс-әрекеттерді асқақтата көрсетсе, соған керісінше, қайғылы жағдайды, келеңсіз мінез-құлықтарды, ұнамсыз жәйттерді мейлінше құлдырата ұсынатыны белгілі. Мысал үшін ХV ғасыр жырауларының төмендегі жолдарына зейін салып көрелік. Ата жұрт – Еділдің суретін Қазтуған жырау былайша асқақтатса:

...Салп-салпыншақ анау үш өзен – Салуалы менің ордам қонған жер, Жабағылы жас тайлақ Жардай атан болған жер, Жатып қалған бір тоқты Жайылып мың қой болған жер; Жарлысы мен байы тең, Жары менен сайы тең, Ботташығы бұзаудай, Боз сазаны бұзаудай...

Қайран менің Еділім!..

Шалкиіз жырау толғауында Орманбет биден айырылған елдің қайғысы былайша бейнеленеді:

Орманбет би өлген күн – Он сан ноғай бүлген күн; Жез қарғылы құба арлан Жетіп түлкі ала алмай, Жалған аңын ала алмай, Қорашыл төбет болған күн; Оң қанатын теріс соғып, 

Лашын құс қу ала алмай қалған күн...

Дәуірлес қос жыраудың бірі Еділдің қайырлы қоныс ретіндегі қадірін, енді бірі Орманбет бидің қалың елдің тұтастығына сызат түсіруге жол бермеген қасиетін өмірлік реалиялардан асыра, романтикалық мәнерде бейнелесе, оның сыры ата жұрт – Еділ мен қабырғалы елді әділ төрелігіне ұйытқан Орманбет биді халықтың қастер тұта бағалауында жатыр.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар