Қандастар Ассамблея

IV.Асан қайғы

31.03.2014 5656
Асан қайғының ел мен жер қадірі, ел мен жер алдындағы Ер парызы хақында кеңінен қамти жырлаған туындысы – «Қырында киік жайлаған...» толғауы.

Асан қайғының ел мен жер қадірі, ел мен жер алдындағы Ер парызы хақында кеңінен қамти жырлаған туындысы – «Қырында киік жайлаған...» толғауы. Жалпы мәтінге қарай отырып, бізге дейін толық көлемде жетпегенін аңғаруға болатын бұл толғаудың баршаға белгілі нұсқасы:

...Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің... – деп басталатыны мәлім. Осы үзіндідегі соңғы тармаққа назар аударсақ, бұл шумақтың алдында бізге белгісіз шумақтар болғанын байқаймыз. Дегенмен, кейінгі шумақтарға сүйене отырып, аталмыш толғаудың жалпы құрылымы қалай түзілгенін пайымдауға болады. Яғни әр шумақта әуелі нақтылы бір жердің ерекше қадір-қасиеті бейнелене келіп, шумақ түйінінде сол жерге тұрақтай алмаған ел билеушісіне деген жырау реніші ашық айтылады.

Бұдан кейінгі шумақтарда жырау Ойыл мен Еділ бойын сипаттай келіп:

...Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге.

Мұнда кеңес қылмадың.

Кеңестің түбі нараду... – деп түйеді.

Үзіндінің соңғы екі жолынан анық көрінетіндей, Асан қайғының реніш-наразылығы бір жерге тұрақтамай, көше беруге байланысты ғана туындамаған. Жырау наразылығы жеке бастыңқамынан туған реніш емес, ата қонысқа ие болып отырудың жолдарын ортаға салар алқалы кеңес болмағанына, ақылдасқанның өзінде, ел тірлігіне ықпалды жандардың ортақ бәтуаға келісіп, ортақ тіл табыса алмай жүргеніне қатысты туған, ел тағдырына алаңдаудан туған әрекет.

Ел күйіне алаң Асан қайғы ел тізгінін ұстағандарға ренішін білдірумен, кемшілігін бетке айтумен ғана шектелмейді, көргені мен түйгені мол парасат иесі болғандықтан, әрі халыққа да, ханға да сөзі өтімділігін сезінгендіктен және өзінен сол жұрттың салиқалы ой күтетінін түсінгендіктен, ендігі жерде ел көңіліндегі алаңды тарқату үшін не істеу қажеттігін де, сол әрекетті жасаған жағдайда нені мақсат ету керектігін де айқындай көрсетеді. Жыр түйінінде жыраудың:

...Еділ менен Жайықтың Бірін жазға жайласаң, Бірін қысқа қыстасаң, Ал қолыңды маларсың Алтын менен күміске!.. –

деп кесіп сөйлеуі сондықтан. Демек, жырау мақсаты – ата қонысты қолда ұстау. Өйткені қарт жырау ата жұртты қайырлы қонысқа айналдырғанда ғана, ел тірлігіне құт-береке кіреді деп түсінеді.

Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде ел мен елдің бөлінуін өз көздерімен көріп, әрекет ортасында болған Қазтуған жырау мен Асан қайғы күні кеше бір хандық аясында тірлік кешкен жұрттың ендігі жерде бөлінуі қажеттігін қапысыз түсінсе де, қалай бөлінуі қажеттігіне келгенде екі түрлі бағыт ұстағанға ұқсайды. Нақтылай айтқанда, Қазтуған: «Қайырлы болсын сіздерге Менен қалған мынау Еділ жұрт!..» – деп, өз елінің басындағы ахуалға көндіге, ата қоныстың ендігі иесі – кешегі қоңсылас, бауырлас жұртқа қасиеттісін аманат ете, өз жұртына басу айта түйіндесе, жоғарыда айтқанымыздай, бұл жағдайға Асан қайғының көзқарасы басқаша танылады. Асан қайғы жыр-толғауларында құтты қоныс – Жерұйық идеясының жетекші маңыз иеленуінің бір ұшы да осы тұста жатса керек.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар