Қандастар Ассамблея

IV. Жиырмасыншы Мундиаль!

13.05.2014 2445
Камерун құрамасы Африка футболының тарихындағы ең мықты құрамалардың бірі. Камерундықтар өздерінің алғашқы мачтарын тәуелсіз ел ретінде 1960 жылы өткізді.

Это’О-сы бар ел бақытты

Камерун құрамасы

Бас бапкер: Фолькер Финке

Команда капитаны: Самуэль Это’О

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Ригобер Сонг (138)

Ең көп гол соққан ойыншы: Самуэль Это’О (55)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 50

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Камерун құрамасы Африка футболының тарихындағы ең мықты құрамалардың бірі. Камерундықтар өздерінің алғашқы мачтарын тәуелсіз ел ретінде 1960 жылы өткізді. Оған дейін бұл ел Францияның отары болды. Бірінші ойындарын Мадагаскарда Жибути құрамасына қарсы ойнады. Ол кезде Жибути елі Францияның отары болғандықтан француздық Сомали деп аталатын. Кездесу 9:2 есебімен Камерунның жеңісімен аяқталады.

Арада 10 жыл өткенде, тұңғыш рет Африка кубогына қатысты. Топтық кезеңдегі үш матчтың екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде ұтылды. Алты ұпай жинаса да, плей-офф кезеңіне шыға алмаған болатын. Келесі Африка кубогы 1972 жылы осы елде өтті. Өз жерінде өткізілген құрлық біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізді. Одан кейінгі 1974-1980 жылдары өткізілген құрлық біріншілігінде жоғары нәтиже көрсете алмады.

         80-шы жылдары Камерун футболы жаңа қарқынмен дами бастады. Африка құрлығында ғана емес, әлемдік деңгейге көтерілді. 1982 жылы Испаниядағы әлем біріншілігіне жолдама алды. Топтық кезеңдегі қарсыластары Италия, Польша, Перу құрамаларының барлығымен тең ойнады. Келесі кезеңге шығу үшін тек Италияға доп айырмасы жағынан жол берді. Африка кубогы жолындағы бәсекеде 1982-1988 жылдары үш рет финалға шығып, 1984 және 1988 жылдары чемпион атанды. Осы жылдардағы құраманың көшбасшысы болған, командасын алға сүйреген ойыншы Рожа Милла болатын.

Ал 1990 жылы Камерун құрамасы әлем біріншілігіне екінші рет жолдама алды. Бірінші кездесуде сол кездегі әлем чемпионы Диего Марадона бастаған Аргентина құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, сенсация жасайды. Екінші ойында Румыния қақпасына 38 жастағы Рожа Милла екі доп соғып, келесі кезеңнің жолдамасын шешіп қояды. Соңғы матчта КСРО құрамасынан 0:4 есебімен ойсырай ұтылды.

Плей-оффта Колумбия құрамасына қарсы ойында ардагер Милла тағы да дубль орындап, құрамасына жеңіс сыйлады. Тек ширек финалда Англияға қарсы аса тартысты бәсекенің қосымша уақытында 2:3 есебімен қарсыластарына жол береді. Әлемнің үздік сегіз құрамасының қатарына қосылу Камерун үшін үлкен жетістік болды. Әлем чемпионатының символикалық құрамасына қорғаушы Жуль Онан мен шабуылшы Рожа Милла енді. Ол кездері бұл елдің құрамасын мундиалға бастап барған бас бапкер КСРО футбол мектебінің өкілі Валерий Непомнящий болатын.

Камерун құрамасы әлем чемпионатына бұдан кейін 1994, 1998, 2002, 2010 жылдары қатысты. Тек 2006 жылы ғана төрт жылдықтың басты додасынан сырт қалды. Жалпы Африка аймағынан әлем біріншілігіне ең көп қатысқан құрама (6 рет).

Арада 10 жыл өткенде тағы бір сенсация орын алды. Жасыл құрлықта өткен жазғы Олимпиада ойындарында Камерунның олимпиадалық құрамасы топ жарады. Сидней алаңдарында олар – Бразилия, Чили, Испания құрамаларын тізе бүктірді. Сол жылдары Африка қубогында нәтижелі ойнап, қатарынан екі рет бас жүлдені иемденді (2000, 2002 жылдары).

Патрик Мбома, Самуэль Это’О, Марк-Вивьен Фоэ секілді футболшылар жарқырап көзге түсті.

Африка кубогының жеңімпазы ретінде Конфедерация кубогына екі рет қатысты. 2003 жылы Бразилия, Түркия, Колумбия құрамаларын ұтып, финалға дейін жетеді. Колумбия құрамасымен ойында құрманың көшбасшы ойыншыларының бірі Марк-Вивьен Фоэ есінен танып, ауруханаға жеткізіледі. Ауруханаға жеткізілгенімен сол бойы есін жинай алмай, жүрек талмасынан өмірден өтті.

Қазіргі құрам

Қақпада Штанд Итандждың («Коньяспор»)  тұратыны белгілі. Кез келген уақытта әріптесін Лоик Фейду («Котон Спорт»), Ги Н’Ассембе, Самми Н’Док («Фетиеспор») алмастыра алады.

Қорғаныстың орталық шебін Орельен Шеджу  («Галатасарай»),  Николя Н’Кули («Марсель»)  құрайды. Қос қапталда өнер көрсетуге КПР қорғаушы Бену Ассу-Экотто («Тоттенхэм»), Анри Бедимо («Лион»)  мен Гаэтан Бонг («Олимпиакос»)  дәмелі. Сондай-ақ Аллан-Ромео Ньом («Гранада»), Дани Нункеу («Бешікташ»), Седрик Джегу («Котон Спорт»), Жан-Армель Кана Бийик («Ренн») бар.

Қорғанысқа тірек болатын яғни артқы жартылай қорғаушының қызметін «Барселона» ойыншысы Александр Сонг («Барселона»)  атқарады. Сонг пен бірге жұп құрауға Жоэль Матип («Шальке» 04) лайықты. «Шальке 04» клубының футболшысы жас болса да, жақсы қырынан көзге түсіп жүрген ойыншы. Жартылай қорғаушылардың арасында тәжірибелі Жан Макун («Ренн»)  мен әмбебап Ландри Н’Гемо («Бордо») шабуылды өрістетуі тиіс. Бас бапкер қажет кезде бұл ойыншылардың орнына Эйонг Эно  («Антальяспор»), Седрик Лоэ («Осасуна»), Стефан Мбиа («Севилья»), Бенджамин Муканджо («Нанси»), Эдгар Салли («Ланс») шығара алады.

Ал шабуылда команда капитанды Лондондық «Челсидің» футболшысы Самуэль Это’О ойнайды. Самуэльдің шабуылдағы жұбы Пьер Бебо («Фенербахче»)  болуы мүмкін. Олардан бөлек Эрик Шупо-Мотинг («Майнц»), Мохаммаду Идриссу («Кайзерслаутерн») Бенсан Абубакар («Лорьян») Фабрис Олингалар («Малага») бар.

Алғашқы ойын:

Камерун – Француздық Сомали – 9:2

(Мадагаскар; 1960 жыл, 13 сәуір)

Ең ірі жеңіс:

Камерун – Француздық Сомали – 9:2

(Мадагаскар; 1960 жыл, 13 сәуір)

Ең ірі жеңіліс:

Норвегия – Камерун – 6:1

(Осло, Норвегия; 1990 жыл, 31 қазан,)

Ресей – Камерун – 6:1

Пало-Альта, АҚШ; 1994 жыл, 28 маусым)

Коста-Рика –Камерун – 5:0

(Сан-Хосе, Коста-Рика; 1997 жыл, 9 наурыз)

Жетістіктері:

Әлем чемпионаты

6 рет қатысқан, 1994 жылы ширек финалға дейін жеткен

 Африка кубогы

Бас жүлде –1984,1988, 2000, 2002 жылдары

Күміс жүлде –1986, 2008 жылдары

Олимпиада ойындары

Бас жүлде – Сидней 2000

Конфердерация кубогы

Күміс жүлде – 2003 жылы

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

13 маусым.Натал. Мексика – Камерун

18 маусым. Манаус. Камерун Хорватия

23 маусым. Бразилиа. Бразилия – Камерун.

Әзірлеген – Бек Төлеуов.

Ұқсас материалдар