Қандастар Ассамблея

Итіке батыр

03.09.2014 2285
Аталарымыз айтып отыратын жаугершілік заманда қазақтан көптеген батырлар шығып, жаудан ел мен жерді ерлікпен қорғаған ғой.

Аталарымыз айтып отыратын жаугершілік заманда қазақтан көптеген батырлар шығып, жаудан ел мен жерді ерлікпен қорғаған ғой. Сол батырлардың бірсыпырасы ұмытылып, аттары аталмай қалуда. Кейбіреулерінің аттары белгілі болса да, олар туралы деректер аз болғандықтан, баспа бетіне түспеуде. Сондай батырлардың біреуі – жерлесіміз Итіке батыр Жандосұлы.

Енді осы батырдың кім болғанын және оның ататегін таратып көрейік. Итіке Жандосұлы 1759 жылы осы күнгі Шал ақын ауданындағы Коноваловка елді мекенінің маңындағы ауылда туып, 1831 жылы 72 жасында қайтыс болады. Ол әуелі ауыл молдасынан, кейін Қазан қаласындағы медреседен оқыған. Онда діни біліммен қатар араб, парсы, ежелгі түркі және татар тілдерін үйренген.

Итіке Ашамайлы Керей ішінде Балтадан тарайды. Итіке батырдың өзі құрастырған шежіресін қазір Қызылжар қаласында тұратын бесінші ұрпағы, зейнеткер Қайырбек Қамзаұлы жинап толықтырған. Осы шежіре бойынша Балта ішінде Мұраталыдан – Өтеулі, Өтеуліден – Жандос, Жандостан – Итіке, Айтуар, Қыпшақбай туған.

Итіке батырдан – Аулабай би, Жаулабай, Жүсіп туған. Аулабайдан – Жақып, Жарылғас. Жақыптан – Ахмет, Мырзахмет, Молдахмет. Ахметтен – Сағи, Байжұман, Балдырақ, Қази, Кәмел. Мырзахметтен туған Қамза 1885 жылы туып, 1965 жылы 80 жасында дүние салған. Қамзадан – Қайырбек, Жасұлан деген екі ұл және Нұржамал, Қайни, Құсни атты үш қыз қалған.

Итіке батыр өз аталарының ғана емес, Керейдің біраз аталарының шежіресін де білген екен. Бұл туралы тарих ғылымының докторы, профессор, қазақтың этникалық, жүздік, рулық шежіресімен айналысқан Марат Сәбитұлы Мұқановтың «Из истории прошлого» (Алматы, 2000 ж.) атты еңбегінде былай делінген: «К ХІХ веку шежире кереев дошло в единственной рукописи. В первой четверти ХІХ века ее дополнили образованные люди из кереев, такие как Табей сын Барлыбая, Шонке сын Маманая, Есеней сын Естемиса, записав родословные из уст Итеке батыра, Тленши батыра, Шакшак бия, Токсан бия, Кикбай бия и дополнив своими сведениями».

Итікенің батырлығы ХVІІІ ғасырдың 70­80 жылдары байқалады. Сол кезде Еділ бойынан Қытай жеріне ауа бастаған қалың қалмақ қолымен Абылайдың соңғы соғысы болғаны тарихтан аян. «Шаңды жорық» атанған осы соғыс туралы Шоқан Уәлиханов өзінің «Исторические предания о  баты­ рах ХVІІІ века» деген еңбегінде: «Последнее  преследование бежавших торгоутов в преданиях народа известно под названием «Пыльного похода». В этом походе народу было без счета», – деп жазады (Ч.Ч. Валиханов. Собр. соч. в пяти томах. Том 1. – Алма-ата, 1984. – С. 221). Осы соғысқа жас Итіке де қатысқан екен. Ал негізінен ол өзінің туған жерін қалмақтардан, естектерден (башқұрттардан) тазарту кезінде батырлық көрсетіп көзге түскен.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов