Қандастар Ассамблея

«Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы»

30.10.2014 4497
10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті.

10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті.

Мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды.

Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты.

GIFA сыйлығы дегеніміз не екендігін түсіндіре кетсек. Таратып айтсақ, GIFA (Global Islamic Finance Award) Әлемдік ислам қаржыландыру сыйлығы деген мағына білдіреді. Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді.

Форумға қатысушы сарапшылар мен мәртебелі қонақтар Президентіміздің Ислам экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқандығын айтып, қолдау көрсетті.

– Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын ескере отырып, оның исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретіндігін атап өтті.

Көптеген экономистер мен сарапшы мамандар Қазақстан елінің 2011-2012 жылдары Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) төрағалық етуі ислам әлемінің қайта жанданып, тарихи жады қайта тірілгеніне мұрындық болғанын айтады. Сондай-ақ, Қазақстан – Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын алтын көпірге айналды деп есептейді.

Мемлекет басшысы жоғары наградамен марапаттағаны үшін GIFA-ға алғыс айтып, ұйымның алдына қойған мақсаттарына жету жолында табысты болуына тілектестік білдірді.

GIFA сыйлығы әлемдік және аймақтық деңгейде исламдық банкинг пен қаржыландыруды дамытудағы маңызды жетістіктері үшін беріледі. Осыған дейін бұл сыйлыққа 2011 жылы Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Тан Абдулла Бадави, 2012 жылы Малайзияның Премьер-Министрі Наджиб Разак пен 2013 жылы Пәкістанның бұрынғы Премьер-Министрі Шаукат Азиз ие болған еді.

Қазақстандағы Исламдық қаржы бойынша 5 дерек:

1. Исламдық қаржыландыру жүйесі Қазақстанға 1997 жылдың тамыз айынан бастап ене бастады. Ең алғаш ислам банкінің аймақтық офисі Алматы қаласында ашылған болатын.

2. Қазақстан ТМД көлемінде исламдық қаржыландыру жүйесін заңды түрде бекіткен алғашқы ел.

3. Ең алғаш «әл-Хилял» («Полумесяц») атты ислам банкінің негізі 2007 жылы Қазақстанда қаланды. Басты офисі Алматы қаласында, Астана және Шымкент қалаларында филиалдары ашылды.

4. Қазақстандағы «әл-Хилял» ислам банкі 176 млн. доллармен қаржыландырған және болашақта көлемі одан сайын арта түспек.

5. Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың негізгі тұтынушылары көтерме сауда ұйымдары, байланыс қызметі, көлік компаниялары, құрылыс орындары, тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруалығы нысандары.

Досжан МЕЙІРБЕК, фотолар akorda.kz сайтынан.

Ұқсас материалдар