Қандастар Ассамблея

ІХ. Жиырмасыншы Мундиаль

19.05.2014 2009
Бразилияда өтетін футболдан XX әлем чемпионатына қатысатын 32 құраманы таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз.

Бразилияда өтетін футболдан XX әлем чемпионатына қатысатын 32 құраманы таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгіннен бастап  назарларыңызға «С» тобында өнер көрсететін құрамаларды  ұсынбақпыз.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Грекия құрамасы

Бас бапкер: Фернанду Сантуш 

Команда капитаны:  Костас Кацуранис

Ең көп ойын өткізген ойыншы:  Йоргас Карагунис ( 128)

Ең көп гол соққан ойыншы: Никос Анастопулос  (29)

ФИФА рейтінгісіндегі орны: 13

 

Грекия құрамасы ірі халықаралық додаларға 1980 жылдан бері қатыса бастады. Сол жылы олардың алғаш рет Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдары түсті. Оған дейін гректердің футболдағы басты жетістігі 1971 жылғы «Панатинаикос» клубының Еуропа чемпиондар Кубогының финалында өнер көрсетуі болатын. Бұдан бөлек, 1994 жылы АҚШ-тағы әлем біріншілігіне жолдама алды. Әйтсе де, осы екі турнир де олар үшін аса сәтті бола қойған жоқ. Соңғысында жеңіс тұрмақ, бір доп та соға алмай, пұшайман күйде елдеріне оралған.

Ал арада 10 жыл өткенде ежелгі Эллада елінің ұландары өздерінің жұлдызды кезеңдерін өткізді. Португалияда өткен Еуропа чемпионатына қатысып қана қоймай, тұңғыш рет құрлық біріншілігінде топ жарды.

Алдымен Португалия жеріне жолдама алу үшін іріктеу турниріне қатысты.  Бастапқы қос ойын сәтсіздікпен басталғанымен (Украинадан да, Испаниядан да 0:2), артынша қатарынан 6 рет жеңіске жетіп, өз тобында бірінші орын алды.

Осылайша 16 үздіктің қатарына қосылған Отто Рехагельдің шәкірттері турнир шымылдығын алаң иелеріне қарсы өткізді. Деку, Фигу, Карвалью, жас талант Криштину Роналду секілді футболшылары бар Португалияны 2:1 есебімен ұтып, алғашқы сенсацияны жасады. Одан соң, Испаниямен тең түсіп (1:1), Ресейден жеңілсе де (1:2) плей-оффқа жолдама алды.

Ширек финалдан бастап Рехагельдің командасы мүлдем басқаша ойын көрсетті. Алдымен Зидан, Анри бастаған жұлдызды құрама Францияны 1:0 есебімен ұтса, жартылай финалда осы турнирде ерекше ойын көрсеткен Чехияны жарыстан шығарды (1:0). Ал финалда алаң иелерімен қайта жолықты. Сколаридің футболшылары топтық кезеңдегі ұтылысты кездейсоқ екенін дәлелдегісі келгенімен, оған Ангелос Харистеас келіспеді. Харистеастің 57-минутта соққан жалғыз голы Португалиядан басым түсуге жеткілікті болды. Бұл осы ел футболының тарихи жеңісі ғана емес, күллі грек халқын бақытты еткен табыс еді. Бір қызығы, плей-офф кезеңдеріндегі үш матч та 1:0 есебімен аяқталған. Отто Рехагель бапкер негізінен стандартты жағдайды тиімді пайдалануға тырысты. Соның нәтижесінде голдардың көпшілігі бұрыштама кезінде баспен соғылған.

2004 жылдан бері Грекия құрамасы Еуропа біріншіліктеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Ал әлем чемпионатына 2010 жылы жолдары түсті. Енді, міне, Бразилияға баратын 32 құраманың қатарына еніп отыр.

Қазіргі құрам

Бразилиядағы әлем біріншілігінде команда топтан суырылып шыға алмаған соң, он жылға жуық тізгінді ұстаған неміс маманы Отто Рехагель қызметінен кетті. Оның орнына португалиялық маман Фернанду Сантуш келді.

Қазір команда қақпасының кілті 28 жастағы тәжірибелі шебер Орестис Карнезистің қолында. Испанияның «Гранада» командасында өнер көрсететін қақпашы іріктеу сыны қаһармандарының бірі болды. Қажет жағдайда оны «Атромитос» клубының қақпасын қорғайтын Михалис Сифакис алмастыра алады. Үшінші қақпашы ретінде Александрос Цорвас та («Аполлон») Бразилияға барады.

Грекия – өз қақпасына өте аз гол жіберетін, қорғанысты басты назарға алатын команда. Қорғаныс шебінің ортасын Сократис Папастатопулос  («Боруссия» Д)  пен Авраам Пападопулос («Олимпиакос») берік ұстайды. Қос қапталда көбінесе Вассилис Торосидис («Рома») пен Никос Спиропулос (ПАОК) ойнайды. Олардан Дмитрис Сиовас, Хосе Олебас  (екеуі де – «Олимпиакос»), Кирьякос Паподопулос («Шальке-04») бар. Яннис Маниатис, Костас Манолас ( екеуі де «Олимпиакос») Гиоргос Цавеллас (ПАОК), Лукас Винтра («Леванте») кез-келген уақытта алаңға шығуға дайын ойыншылар.

Әлсіздеу қарсыластармен 4-3-3 үлгісімен ойнағанды тәуір көретін Ф.Сантуш өздерінен әлдеқайда әлеуетті командаға қарсы шыққанда, дереу 4-5-1 схемасына көше қояды. Яғни ол ортаңғы шеп ойыншыларына ерекше сенім артады. Олардың ішінде осыдан 10 жыл бұрын алтыннан алқа таққан Костас Кацуранис (ПАОК) пен Йоргас Карагунис («Фулхэм) те бар. Қорғаныс пен алғы шептің ара-жігін жалғайтын Александрос Циолистің (ПАОК) команда тактикасындағы рөлі де маңызды. ПАОК-тың 24 жастағы жартылай қорғаушылары Сотириос Нинис пен 23 жастағы Яннис Фетфадзидис  («Джеона») Грекия құрамасының орталық алаңдағы басты үміттері. Сондай-ақ Александрос Циолис («Кайсериспор»), Андреас Самарис («Олимпиакос»), Панайотис Тахцидис («Торино»), Костас Фортунис («Кайзерслаутерн»), Лазарос Кристодолопулус, Панайотис Коне (екеуі де «Болонья») Бразилия жерінде өнер көрсетуден үмітті.

Шабуылшылар арасында бұл күндері Костас Митроглудың атағы шыға бастады. Чемпиондар лигасы аясында «Олимпиакос» сапында азулы командалардың қорғанысын бұзып-жарып өткен шабуылшыны ағылшындық «Фулхэм» сатып алған болатын. Одан бөлек, Димитрис Салпингидис  («ПАОК»), Йоргос Самарас («Селтик»), бар. Димитрис Пападопулос («Атромитос») Фанис Гекас («Коньяспор»).

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

14 маусым. Белу-Оризонти. Колумбия – Грекия

19 маусым. Натал. Жапония – Грекия

24 маусым. Форталеза. Грекия  – Кот-д’Ивуар.

Бек Төлеуов