Қандастар Ассамблея

III.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

31.03.2014 5827
Демек, поэтикалық көркемдік үлгісі Сыпыра, Кетбұғы, Жұмақұл,Қодан-тайшы шығармаларында жатқан ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы – хандық дәуірдегі ел өмірінің көркем бейнесі.

Тарих сахнасына жаңа мемлекет – Қазақ елінің шығуына идеологиялық негіз дайындаған алғашқы жыраулардың көпшілігінің есімдері де, халықты жаңаша өмір сүруге үндеген шығармалары да бүгінде белгісіз. Әдебиет зерттеуші ғалымдардың мұрағат құжаттарынан, ел арасында айтылып жүрген ауызекі әңгімелер мен аңыздардан тірнектеп жинаған еңбектерінің арқасында Қазақ хандығына дейін жасаған жекелеген жыраулардың аты-жөндері, жыр-толғауларының үзінді-үзіктері белгілі болды. Мұндай сөз иелерінің қатарында Сыпыра Сұрғалтайұлынан басқа, Кетбұғы, Жұмақұл сияқты жыраулар аталады. Сондай-ақ, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңде өмір сүріп, ел жадында сөз қалдырған жыраулардың бірі Қодан-тайшы екендігі де анық. Оның өз баласы Дайырқожа өліміне байланысты айтқан жыры бүгінде көкірегіашық жұрттың бәріне белгілі.

Дербес Қазақ хандығына дейінгі кезеңде өмір сүрген жыраулар мұрасынан осы уақытқа дейін сақталып жеткен Сыпыра жырау мен Қодан-тайшы сөздерін хандық дәуірдегі жырауларшығармаларымен салыстыра қарасақ, жыраулық поэзия дәстүрінің ілкі нышандары арғы жылдарда жатқанын қапысыз түсінеміз. Себебі жыраулар поэзиясының ізашарлары мен сол поэзияны көркемдік кемелдікке жеткізген тұлғалар еншісіндегі шығармалардың сыртқы пішінінде, яғни ырғақ, буын, бунақ, интонация сияқты элементтерде айырмашылық мүлдем жоқ. Ал көркемдік мазмұн тұрғысынан келгенде, алғашқы жыраулар поэзиясында белгіленген көркемдік бағдар кейінгі толқында жан-жақты тармақталып, кеңінен өрістегенінбайқаймыз. Шығармашылық даму жолында мұндайөзгерістердің болуы – заңды жәйт. Өйткені – дербес Қазақ хандығына дейінгі өмір мен дербес ел өмірінде айырмашылықтар бар. Міне, сол айырмашылықтар өмір бейнесі – поэзияда көрініс тапқан. 

Демек, поэтикалық көркемдік үлгісі Сыпыра, Кетбұғы, Жұмақұл,Қодан-тайшы шығармаларында жатқан ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы – хандық дәуірдегі ел өмірінің көркем бейнесі. Олай болса, жыраулар поэзиясында өз дәуіріндегі ел өмірі қалай бейнеленген? Бұл сұрақтарға жауап іздеу жыраулар поэзиясындағы көркемдік мазмұн мәселесін зерделеуге жетелейді. Ал көркемдік мазмұн – әдеби шығармалардың оқиға желісін, тақырып, идеясын сөз етумен шектелмейтін поэтикалық мәселе. Бұл тұста назар аударуды қажетсінетін көптеген көркемдік сипаттар бар. Солардың бірі – көркемдік әдіс, ағым-бағыттар және солардың жетекші мән иеленуіне себепкер болған жағдайлар.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар