Қандастар Ассамблея

III.Үмбетей жырау

31.03.2014 3065
Автордың белгілі бір жағдайға байланысты туындаған субъективті сезімі бейнеленетін осы тармақтар да Үмбетей шығармашылығына ақындық поэзия элементтерінің жат болмағанын айғақтап тұр.

Автордың белгілі бір жағдайға байланысты туындаған субъективті сезімі бейнеленетін осы тармақтар да Үмбетей шығармашылығына ақындық поэзия элементтерінің жат болмағанын айғақтап тұр.

Жыраулық дәстүрдегі поэзия мен ақындық поэзия элементтерінтоғыстыра пайдалану Үмбетей жыраудың басқа толғауларынан да жиі байқалады. Соның бір дәлелін мазмұны өзара сабақтасып жатқан «Бәкеге» және «Жауқашарға» деген арнауларынан табамыз.

Алғашқы толғау – қоңсылас ағайынның бурасын ұрлап сойып алған Жауқашардың тоғыз баласының сойқан қылығының соңы дау-жанжалға ұласқан тұста жыраудың немере ағасы Бәкенің соларға ара түсе сөйлегеніне Үмбетейдің реніш білдірген шығармасы. Осы толғаудың «Дін пұсырман баласы...» деп басталатын бірінші шумағы толықтай жыраулық поэзияға тән дидактикалық үлгіде келсе, содан кейінгі шумақтарда ақындық поэзияның негізгі ерекшелігі болып табылатын реалистік бейнелеулер басымдық танытады. 

Жатқан жері даладай,

Екі өркеші баладай,

Азу тісі қаладай,

Жабуы жамшыдай,

Құйрығы қамшыдай 

Бура сойған не сұмдық! – деп келетін шумақта бураны суреттеу барысында халықтық поэзияда жиі пайдаланатын әсірелей бейнелеу тәсілі қолданылғанымен,сол тәсілдің өзі суреттеліп отырған объектінің (бураның) бейнесін жасаудан гөрі, сыналып отырған объектінің (Жауқашардың тоғыз ұлы) жағымсыз қылығын мейлінше әшкерелей, безіндіре жеткізу мақсатына көбірек қызмет етіп тұр. Демек, жыраудың бұл тәсілді қолдану кезінде көздеге­ні – бура бейнесін жасау емес, ел тонаған сотқарлардың сойқан мінезінен безіндіру. Түптеп келгенде, бұл шумақта көршілес жатқан жұртты ұлардай шулатқан тентектердің бейнесі жанама суреттер арқылы жасалып тұр.

Бұдан кейінгі тұста «Тоқымы кеппей топтанып...» деп басталып, «...Шоршып неге қашасың?!» деп аяқталатын шумақтарда автор ел ішін алатайдай бүлдірген есерсоқтардың іс-әрекеттерін реалистік үлгіде суреттейді. Сол арқылы олардың сорақы бейнесін көрсетеді. Егер осы үзіндіні жеке алып қарасақ, онда үзіндінің алғашқы шумағынан әлгі тентектердің көрші ауылға қалай қиянат жасағанын, ал одан кейінгі шумақтан көрші ауылдың азаматтары есе сұрап атқа қонған кезде сол тентектердің бастарын қалай ала қашқандарын көрер едік. Оқиғаны осындай үлгіде суреттеу реалистік жазба әдебиетке тән ерекшелік екені мәлім. Бұл жағдайдың өзі ХVІІІ ғасырдағы жыраулар шығармашылығында ақындық поэзия элементтерінің нышан таныта бастағанын ғана көрсетпейді, сонымен бірге ұлттық реалистік жазба әдебиеттің алғашқы сипаттары осы кезеңде көрініс бере бастағанын да айғақтайды. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»