Қандастар Ассамблея

III.Ежелгі әдеби мұралар және жыраулар поэзиясы

31.03.2014 5882
Тасқа ойылған рухты жырда қаһарманның елдік мұрат жолындағы ерлік жорықтары

Тасқа ойылған рухты жырда қаһарманның елдік мұрат жолындағы ерлік жорықтары мен сол жорықтардың нәтижесі нақтылай көрсетіле ұсынылса, заманының өзі «Бұз үстіне от жағып, Бұзмай бұлан пісіруді» маңдайына бұйыртқан, тар кезеңнің өзінде тартынбай сөйлеп дағды алған қазақ жырауыел қорғау үшін жаралған батыр бейнесін сыртқы портреттік суретінен бастап, оның ерлік қимылдарын, өзгелерден дараланатын айрықша белгілеріне дейін қамти көрсетеді. Нәтижесінде батырдың сөзбен суреттелген бейнесі айқындала түседі. Ел тағдырына тікелей қатысты оқиға мен қаһарман қарекетін нақтылы баяндаудан көркем бейнелеуге ұластыруының өзінен-ақ жыраулар поэзиясында көркемдік танымның жетекші мән иелене бастағаны аңдалады. Түркі және қазақ жырларынан бұл іспетті салыстырма мысалдарды көптеп көрсетуге болады.

Дегенмен, мәселе – мысал теруде емес, жыраулар поэзиясының ежелгі жазба ескерткіштерден үлгі ала отырып, олардағы әдеби дәстүрді жетілдіре, дамыта жалғастырып әкеткенін аңдауда. Осы тұрғыдан келсек, қазақтың төл әдебиетінің бастауында тұрған жыраулар поэзиясы – тақыр жерде кенеттен өсіп-өнген тосын құбылыс емес, көне дәуірлерден желі тартып жатқан әдеби дәстүрі бар, тарихи заңдылық екенін танимыз. 

Кез келген халықтың белгілі бір дәуірлер аралығында жасалған әдебиетінде сол кезеңнің көркем бейнесі жасалмақ. Нақты бір кезеңдегі әдебиеттің тақырыбы мен проблемасын да, мазмұны мен пішінін де, негізгі қаһармандарын да сол кезеңнің өзі белгілейді. Басқаша айтқанда, нақтылы дәуір әдебиеті – сол дәуірдің перзенті іспетті. Яғни дәуірдің болмысы сол тұстағы әдебиеттің мазмұндық-пішіндік сипаттарына да, мақсат-мұратына да, рухани қуат деңгейіне де әсер етеді.

ХV-ХVIII ғасырлар аралығында қалыптасқан жыраулар поэзиясы өздеріне дейінгі VIII-ХІV ғасырлар шенінде туған Орхон-Енисей жазбалары, «Оғыз-наме», «Китаби дәдәм Қорқыт», «Диуани лұғат-ит-түрк», «Құтадғу біліг», «Диуани хикмет», «Хибатул-хақайық», «Бақырғани кітабы», «Кодекс Куманикус», «Қисса-сул-әнбия», «Хұсрау-Шырын», «Мұхаббат-наме», «Жәдігернама», «Гүлстан бит-түрки» сияқты көне мұралардың көркемдік мазмұнында көрініс тапқан әдеби сипаттарды тақырыптық, идеялық жағынан дамыта жырлаумен ғана шектелмей, өмірлік шындықты ел рухын биіктетер көркемдік шындыққа ұластыра өрістетті. Аталған дүниелерге тән тарихи нақтылық, әсірелей суреттеу, дидактикалық өсиет, оқиғалы сюжет, лирикалық сезім, романтикалық аңсар іспетті көптеген сипаттарды өз дәуірінің талғамы мен танымына, әлеуметтің мұрат-мүддесіне, тарихи жағдайларға орайластыра, реалистік жағдайларға ден қоя өркендетті.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар