Қандастар Ассамблея

III.Ақындар поэзиясы – жаңа мазмұндағы әдебиет бастауы

31.03.2014 4624
Жалпы, шығармашылық ерекшелік мәселесінде сыртқы пішіншешуші роль атқара бермейтіні мәлім.

Жалпы, шығармашылық ерекшелік мәселесінде сыртқы пішіншешуші роль атқара бермейтіні мәлім. Сондықтан жыраулармен ақындар поэзиясының негізгі ерекшеліктерін ішкі мазмұн мәселесіне қатысты зерделеу жөн.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақындар поэзиясының ортақ мазмұнын құрайтын мәселелер – біршама тыныш өмірге бет бұрған елдің өмір салты, тұрмыс-тіршілігі, мақсат-мұраты, қызық-думаны, өзара қарым-қатынасынан туындайтын әртүрлі жағдайлар. Мәселен, әр ақын өзінше жырлайтын сондай жағдайлардың бірі – кедейшілік, қолдың қысқалығы. Дәл осы тақырыпты Көтеш ақын:

«Сөйлес дейсің, қонағым, сөйлеспеймін, Екі елу ердің жасы он бес деймін.

Осы үйде ұршықталған жалғыз сан бар, Оны қатын кісіге бермес деймін», – деп өлең етсе, Шал ақын:

«Бақ қашса, ақылыңа қарамайды, Жақсыны жаман адам табалайды. «Адам басы – алланың добы» деген, Қайда айдаса сол жаққа домалайды.

Жігіттер, ат атану тым-ақ қиын, Ат атанбай болмайды құрмет, сыйың. Топтағы бай, таптағы би болсаң да,

Қолыңнан мал кеткен соң келмес күйің», – деп жырлайды.

Бірден байқалатындай, екі ақынның өлеңі де жыраулар поэзиясына етене кең ауқымды тақырыптардан алыс тұр. Жырауларпоэзиясындағы асқақтыққа, өр мінезге, кеңінен толғайтын философияға үйреніп қалған түсінік үшін мұндай шығармалар тым қарапайым нәрседей әсер етуі де ықтимал. Алайда бұл – бір сәттік жаңылысу. Өйткені осы тым қарапайым өлеңдер астарында аталған ақындар тірлік кешкен дәуірдегі өмір шындықтары жатыр. Сол шындықтардың ең негізгісі – жоңғардан төнер қатердің жолын кескеннен кейінгі өмірде әлеумет санасында пайда болған өзгерістер.

Ал бұл өзгерістердің ең негізгісі – біршама тыныш тірлікке ет үйрете бастаған әлеумет үшін ендігі уақыттағы ардақты нәрсенің ерлік, батырлық емес, байлық, дәулет бола бастауы. Таяу жылдар бұрын ғана жыраулар поэзиясында абыройы асқақтала жырланған қаһарман ерлер әрекеті ендігі уақытта өткен күндердің асқақ рухты әңгімесіне айнала бастаған. Жыраулар поэзиясына тән өр мінездің, өмір мен заман хақындағыфилософиялық толғаныстардың орнын ақындар поэзиясында қарапайым адам болмысы, күнделікті өмір ағымы алмастыра бастаған.

Бұл өзгерістер – әлдебір құдіретті күштің ықпалымен орныққан жағдайлар емес, әлеумет санасына, қоғамдық қарым-қатынастарға уақыт әкелген өзгерістер негізінде пайда бола бастаған шығармашылық құбылыстар. Басқаша айтқанда, халық өміріндегі өзгерістер шығармашылық өмірге де өз әсерін тигізді. Атойлап жау қашырған күндерде сөз тізгінін ұстаған жыраулардың орнына жаңа тұрпатты қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардың суретшісі – ақындар келді. Бұл ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ топырағында жаңа мазмұндағы реалистік әдебиеттің туа бастағанын айғақтайтын нышан болатын.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Ақындар поэзиясы неліктен ХVІІІ ғасырда пайда болды?
  2. Ақындар поэзиясында жыраулық дәстүр қандай үлгіде жалғасты?
  3. Ақындар поэзиясын неліктен жаңа мазмұнды әдебиеттің ізашарына балауға болады?
  4. Ақындар поэзиясындағы тақырып, проблема, мазмұн, пішін тұрғысынан қандай ерекшеліктер бар?
  5. Ақындар поэзиясындағы реалистік сипаттарға талдау жаса.

Әдебиеттер:

  1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991.
  2. Жұмалиев Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. – Алматы, 1967.
  3. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы, 1986.
  4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
  5. Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. – Алматы, 1974.
  6. Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1957. 

Ұқсас материалдар