Қандастар Ассамблея

III. Әліпби әңгімесі

01.03.2014 2297
Сонымен, қазақ тілінің төл дыбыстары: а, ә, б, ғ(-г), д, е, ж, з, й, қ(-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у(w), ұ, ү, ш, ы, і. Бас-аяғы 26(-28) дыбыс.

Сонымен, қазақ тілінің төл дыбыстары: а, ә, б, ғ(-г), д, е, ж, з, й, қ(-к), л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у(w), ұ, ү, ш, ы, і. Бас-аяғы 26(-28) дыбыс. Осы дыбыстардың сыртында қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген у таңбасының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін, «ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді [w] дауыссыз дыбысы» болып табылады: ау [aw], ауа [awa], әу [äw], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu], у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw] т.с.с. Мұндай дауыссыз дыбыс орыс тілінде жоқ, ал ағылшын тілінде бар, көріп отырсыздар, қазақ тілінде де бар.

Мен латын графикасын тек осы төл дыбыстар үшін ғана құрастырған едім. Ондағы ойым, алдымен қазақ сөзінің үндесім әуезіне лайық әліпби үлгісін дайындап алу болатын. Ондай әліпби, егер қазақ тілінің қамын шын ойласақ, бөгде тілдің дыбыс-таңбасынан арылған  таза, қоспасыз болу керек. Ал өзге орыс тілінен енген кірме дыбыстар мен таңбалар жайын, басқа амалдың жоқтығынан, өз алдына шешу керек деп, екінші кезектегі мәселе ретінде ескертіп отыратынмын. Және оның үлгісін алыстан іздемей-ақ, орыстардың өздері көрсетіп отырғанын да еске салып қоятынмын. Мысалы, в-v//ph, ф-f//bh, ц-tc, ч-ch т.б. Маған сенбесеңіздер, орыс тілінің жазба дерек көздерін ақтарып қараңыздар. Орыстардың өзі халықаралық құжаттарды, әкімшілік-кеңсе аттары мен жарнамаларды латынша беруге мәжбүр болып отырғанын күнде оқып-көріп отырмыз ғой. Соны көре-біле отырып, неге орыстақылықты аспандатып, қазақылықты тұқыртып отырамыз? Жалпы, Ресейдің өзінің кирилшеден айрылмай отырғанын уақытша жайт деп қарау керек.

Сонда бүгінгі қазақ әліпбиі дербес-дербес екі бөліктен тұрады. Төл әліпби өз таңба құрамы және айтылым емле-ережесімен, ал кірме сөздердің жазылуы өз таңба құрамы және айтылым емле-ережесімен тізбектеледі. Өйткені олардың үйлесім тауып, бір шаңырақтың астында басы бірігуі ғылыми тұрғыдан да, қолданба (практикалық) тұрғыдан да мүмкін емес.  Бұған дейінгі барлық жарияланымдарымызда оның үлгісін беріп отырған болатынбыз [Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. –Алматы: Арыс, 2007. –Б.231. т.б.]. Кестеде тек ұлттық әліпби тізімі тұрады, кестенің сыртында кірме дыбыстардың жазылым емле-ережесі мен үлгісі беріледі. Бұл - амал жоқтан болып жатқан іс. Ендеше, орыс сөздерін жазалмай қаламыз деп уайымдап, орыс тілінен айрылса далада қалатындай болып жүрген өз ағайындарымыз үрейленбей-ақ қойсын. Айтылымы орыс үлгісіндегі кірме сөздерден («халықаралық атаулар» деген атты жамылған) әзір құтыла қоймаймыз, сондықтан оның орысша жазылымына көңіл бөлмей отыра да алмаймыз.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж