Қандастар Ассамблея

II.Ақындар поэзиясы – жаңа мазмұндағы әдебиет бастауы

31.03.2014 3213
Жиембет жырау толғауы:

Жиембет жырау толғауы:

«Әмірің қатты Есім хан,

Бүлік салып бұйырдың

«Басын бер,- деп,- батырдың!»

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа.

Атадан жалғыз мен емес,

Хан ие, ісің жол емес,

Жолбарыстай Жолымбет

Құрбандыққа қол емес!..» – деген үлгіде келсе, Көтеш ақын өлеңі:

«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ, неге өлтірдің?

Хан басың қарашыңмен даулы болып,

Үстіне ақ орданың қол келтірдің.

 

Абылай, күйіп кетті салған қалаң,

Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң?

Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,

Болады ертең жесір қатын-балаң!» – деп келеді.

Екі шығарманың жалпы мазмұны, негізгі ойы өте ұқсас болғанымен, экспрессиялық әсері жағынан айырмашылық бары анық көрініп тұр. Оның сыры – жыраулық мінез бен ақындықмінез ерекшелігінде. Ал шығармашылық мінез шығармашылықұстанымнан туындайтыны белгілі.

Осы тұрғыдан қарастырсақ, жыраулардың шығармашылық ұстанымы ерлікке, батырлыққа, кесек іс-қимылдарға негізделетіні аян. Оның себебі жыраулардың өздерінің де жауға шапқан батыр, қол бастаған ерлер болуында жатыр. Ал ақын – қарапайым халық өмірінің жыршысы. Сол себепті оның мінезінде мәрт қимыл, шалт шешімдерден гөрі, алды-артын ойлана шешім қабылдау басым түсіп жатады. Ақын мінезіне тән осы сипатты мысалға алынған Көтеш өлеңінен де байқаймыз.

Көтеш ақын Жиембет жырау сияқты екпіндей сес көрсетіп, үзілді-кесілді мінез танытпайды. Ханның қателігін, кінәсін жіпке тізгендей көрсете отырып, соңғы шешімін алға тартады. Осындай ерекшеліктерге назар салсақ, жалпы ақындар поэзиясында өмір шындығын мүмкіндігінше ашып бейнелеуге талпыныс басым болатыны байқалады.

Шығармашылық арқауына ағымдағы өмір шындықтарының алынуы ақындар поэзиясының ішкі мазмұнымен қатар, сыртқы пішінінің де көп жағдайда жыраулар поэзиясынан бөлектеу үлгіде қалыптасуына әсер еткен. Нақтылай айтқанда, жырауларда шығарма мазмұнына жүрдек динамика дарытуға қолайлы 7-8 буынды жыр үлгісі басымдық танытса, ақындар шығарма мазмұнын кеңірек ашуға ыңғайлы 11 буынды қара өлең дәстүріне ден қояды. Оның тағы бір себебі жыр үлгісінің эмоциялық сезім күйлеріне экспрессивті әсер үстей жырлауға мол мүмкіндік беруі болса, қара өлең үлгісінің бейнелеу объектісін жан-жақты аша көрсетуге мүмкіндік туғызуында жатыр. Әрине, бұл пікір – ХVІІІ ғасыр ақындары жыраулар кеңінен қолданған жыр үлгісінен ада-күде қол үзіп кетті деген сөз емес. Өз шығармашылығында қара өлең үлгісіне қол артқан ақындар жыр үлгісін де қажетінше пайдаланғаны мәлім. Әсіресе, дидактикалық мазмұндағы ойларын жеткізуде ақындар да осы 7-8 буынды жыр үлгісіне сүйенді. Оның дәлелдерін Шал ақын шығармашылығынан жиі кезіктіреміз. Мәселен, оның өмірдегі жақсы мен жаманның қадір-қасиетін парықтауға бағытталған толғауларының бірі:

«...Уайымшыл жігіттің

Кең дүниесі тармен тең,

Уайымсыз жігіттер

Қара бұлан нармен тең,

Жетесі жаман жігіттер

Тоқсандағы шалмен тең,

 Жаманнан көрген қорлығың

Көкірекке біткен шермен тең,

Бір қалған соң көңілің

Қаңтарда қатқан мұзбен тең», – деп келеді.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар