Қандастар Ассамблея

II. Жиырмасыншы Мундиаль!

13.05.2014 2463
Хорватияға футбол XIX ғасырдың аяғында келген. Алғаш 1903 жылы ПНиСК және ХАСК деген командалар құрылған.

16 жыл бұрынғы жетістік қайталана ма?

 Хорватия құрамасы

Бас бапкер: Нико Ковач

Команда капитаны: Дарио Срна

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Стипе Плетикоса (104)

Ең көп гол соққан ойыншы: Давор Шукер (45)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 16

 

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Хорватияға футбол XIX ғасырдың аяғында келген. Алғаш 1903 жылы ПНиСК және ХАСК деген командалар құрылған. Екі ұжым да осы елдің астанасы Загреб қаласынан. Арада үш жыл өткенде қос клуб өзара кездесіп, 1:1 есебімен тең түседі. Осылайша халықтың футболға деген ықыласы артып, артынша бірнеше клубтар құрыла бастайды. Соның дәлелі мына командалар: «Славия» Трсат (1905), «Конкордия» Загреб (1906), «Сегеста» Сисак (1907), «Кроация» Загреб (1907), "Хайдук" Сплит (1911), «Граджанский» Загреб (1911).

Хорватия ұлттық құрамасы өздерінің алғашқы кездесулерін 1907 жылы өткізеді. Бұл әрине ресми ойын емес. Сол жолы Чехияның «Славия» командасымен екі рет жолығады. 1912 жылы Хорватия футбол одағы құрылып, өздерінің төл чемпионаттарының тұсауын кеседі.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Югославия одағы құрылып, Хорватия осы одақтың астына енеді. Осыдан кейін Югославия футбол одағы өз жұмысын бастайды. Бұл футбол қауымдастығының басшысы болып, хорват азаматы тағайындалады. Кезінде ХАСК клубының президенті болған Хинко Вюрт бірауыздан осы лауазымға бекітіледі.

Хорватия құрамасы дебюттік кездесуін 1940 жылы Швейцария құрамасына қарсы өткізді. Матч хорваттықтардың пайдасына 4:0 есебімен аяқталады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Хорватия Югославия Социалистік Федеративтік Респубикасының құрамына толығымен кірді. Хорват футболшылары 1945-1990 жылдар аралығында осы мемлекеттің атынан өнер көрсетті.

1990 жылы Хорватия дербес мемлекет болғаннан кейін өздерінің ұлттық құрамасын жасақтады. Алғашқы ең ірі додалары 1996 жылғы Еуропа чемпионаты болды. Ал тұңғыш рет әлем біріншілігіне 1998 жылы барды. Франциядағы әлем чемпионатының іріктеу ойындары кезінде өз тобында екінші орын алып, қосымша матчқа жүгінді. Өтпелі кезеңде Украинаны тізе бүктіріп, үш жолақты елде өтетін финалдық кезеңге жолдама алады. Франциядағы әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Аргентинаны алға жіберіп, екінші орынмен плей-оффқа өтті. Бұл кезде оларды Румыния құрамасы күтіп тұрды. Қос құраманың арасындағы ойынның тағдырын Давор Шукер соққан жалғыз пенальти шешті. Осылайша Хорватия ширек финалға шығады.

Ширек финалдың нәтижесі кімді болмасын таңқалдырды. Әлем чемпионатының дебюттанттары осы доданың үш дүркін чемпионы Германияны 3:0 есебімен ұтады деп кім ойлаған? Бірақ ойын қорытындысы осылай аяқталды.

Жартылай финалда алаң иелері болашақ чемпион Францияға 1:2 есебімен ұтылды. Осыдан кейін үшінші орын үшін өткен бәсекеде Нидерландыны тізе бүктіріп, қола жүлдеге қол жеткізді. Өзі қатысқан жеті матчтың (630 минут) алтауында мергендік таңытқан Давор Шукер чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Бұл қола жүлде Хорватияның тұңғыш әрі ең ірі әзірге жалғыз жүлделері.

Хорватия құрамасы 1998, 2002, 2006 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңдеріне қатысты. Тек 2010 жылы Қазақстанмен бір топқа түскен Славен Белич шәкірттері іріктеу кезеңдерінен өте алмай, додадан тыс қалды.

Қазіргі құрам

 «ЕУРО-2012» додасы аяқталған соң, алты жыл ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Славен Белич өз қызметінен кетті. Оның орнына келген Игорь Штимац та көп тұрақтамады. Қазіргі кезде бас бапкердің міндетін ұлттық құрамасы сапында ұзақ жыл өнер көрсеткен Нико Ковач атқарады.

Хорватия қақпасының кілті тәжірибелі шебер 35 жастағы Стипе Плетикосаның қолында. Ресейдің «Ростов» командасының қақпашысы 1999 жылдан бері өз орнын ешкімге берген емес. Қажет жағдайда оның орнын Даниел Субашич («Монако»), Иван Келава («Удинеза») алмастыра алады. Қорғаныстың оң жақ шебін команда капитаны Дарио Срна өз мойына толығымен алады. Срна тек қорғаныста ғана емес, керек кезде шабуылға да араласатын әмбебап футболшы. Ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген ойыншылардың бірі. Донецкінің «Шахтерінің» 31 жастағы футболшысы ешқандай жарақат алмай командасын алға жетелеуі тиіс. Сол қанатта тағы бір тәжірибелі футболшы Даниэль Праньич («Панатинаикос») ойнайды. Даниэльлен бөлек, 26 жастағы «Днепрдің» ойыншысы Иван Стринич пен Хрвое Милич те («Ростов») бас бапкер алаңға шығарса аянып қалмасы анық. Қорғаныс шебінің орта тұсын Ведран Чорлука («Локомотив», Мәскеу) мен Йосип Шимунич берік ұстайды.

Мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Лука Модрич команданың басты плеймекері саналады. Сондай-ақ «Севилья» сапында жарқырап жүрген Иван Ракитч команданың ойынына қан жүгірте алатын футболшылардың бірі. Олардан бөлек жартылай қорғаныста Нико Краньчар, Огнен Вукоевич  ("Динамо" Киев), Иван Перишич («Вольфсбург»), Иво Иличевич («Гамбург») өнер көрсетеді.

Құраманың негізгі шабуылшысы Марио Манджукич («Бавария») Исландияға қарсы ойында қызыл қағаз алып алаңнан қуылған болатын. Сондықтан топтық кезеңнің бастапқы ойынарына қатыспауы тиіс. Оның орнын ардагер Ивица Олич («Вольфсбург») басуы тиіс. Сондай-ақ шабуылшылардан Никица Елавич пен Эдуардо да Силва («Шахтер») бар.

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

12 маусым. Сан-Паулу. Бразилия – Хорватия

18 маусым. Манаус. Камерун – Хорватия

23 маусым. Ресифи. Хорватия – Мексика.

Ұқсас материалдар