Қандастар Ассамблея

II. ХVІІ ғасырдағы жыраулар

31.03.2014 2943
Сонымен, Жиембет жырау өміріне байланысты анық жағдайлар мыналар:

Сонымен, Жиембет жырау өміріне байланысты анық жағдайлар мыналар: Жолымбет оқиғасына дейін Жиембет ел тағдырынақатысты шешуші сәттердің бәрінде Есім ханмен пікірлес, жақтас тұлға болған, ал Жолымбет қылығынан кейін хан қаһарына ілігіп, туған өлкесінен қуғындалған, алайдақуғындалған кезеңі өзге бір жат елдердің аумағында емес, Қазақ хандығының өз шекарасындағы шет өлкелердің біріндеөткен, яғни Жиембет өмірінің кейінгі тұсы да қазақ тіршілігінен қалыс жатқан жоқ.

Осы тұста ХVІІ ғасырдағы қазақ жырауы Жиембет тағдыры мен б.д.д. І ғасырдың кейінгі жартысынан беріде өмір сүрген рим ақыны Публий Овидий Назон тағдырына тән ұқсастықтар мен ерекшеліктерді салыстыра қарап өтуге болады. Бұлай еткен жағдайда рим императоры Август пен қазақ ханы Есімнің көзқарастары мен ұстанымдарындағы айырмашылықтарды айқындай бағамдап, қатал шешімдерінің қаншалықты негізді екенін де таразылауға болар еді.

Дәуірлеген Римнің даңқты ақыны болған, байбатшалар әулетінен шыққан Овидий қалың жұртшылықтың ғана емес, императордың да сүйіктісіне айналып, император сарайында игі жақсылар қатарында құрметке бөленген. Алайда, сарай төңірегіндегі күншілдер ақынның «Махаббат өнері» аталатын дидактикалық поэмасындағы ой-пікірлерді императорға бұрмалай түсіндіргендіктен, император Августің қаһарына ұшырағанақын Римнен аласталып, Қара теңіз жағалауындағы Тома қаласына (қазіргі Румыниядағы Констанца қаласы) жер аударылады және қуғында жүріп көз жұмады. Жат жерге қуғындалған ақын айдауда жүріп жазған «Қасіретті элегиялар» т.с.с. шығармаларында жат өлкедегі тауқіметті тағдырын, жанында тілін түсінетін де адам жоқтығын шерлене жырлап, императордан кешу өтіне шағынады.

Байқалып тұрғандай, Овидийдің елден қуғындалуының себебі – жазған шығармасында императордың көңіліне ұнамайтын әлдебір ой-пікірлердің айтылып кетуі. Ал Жиембет жырау мен Есім хан арасындағы келіспеушіліктің себебі – әлдеқайда маңызды. Нақтылай айтқанда, елдің алдағы өмір салты қандай болары сол сәттегі хан шешіміне тікелей қатысты еді. Сол себепті де Есім хан Жиембетті жазалауға мәжбүр болды және жырауды ел ішінен аластап жіберген жоқ, туған жерінен алыстатса да, туған елдің ішінде қалдырды.

Жалпы, Жиембет жырау шығармаларынан бізге дейін сақталып жеткендері – хан мен жыраудың тайталасқан тұсында айтылған сөздері мен туған топырағынан алыстатылған жылдары айтылған аңсау-сағынышқа толы толғаулары. Осы жыр-толғаулардың ішкі мазмұнына зер сала қарасақ, Есім ханның бейнесі танылады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар