Қандастар Ассамблея

I. ХVІІ ғасырдағы жыраулар

31.03.2014 10355
Жиембет жыраудың өмірі. Есім ханның сенімді серігі болуы.

Жиембет жыраудың өмірі. Есім ханның сенімді серігі болуы. Жолымбет оқиғасы. Жиембет жыраудың Жолымбет оқиғасы тұсындағы толғауларының ерекшелігі. Жиембеттің кейінгі толғауларындағы элегиялық сарын және оның өзіндік ерекшелігі. Жиембет толғауларындағы Есім хан бейнесі.

Марғасқа жыраудың толғауларынан танылатын Уақыт бейнесі және оның жырау өміріне қатысы.

ХVІІ ғасырда жасаған қазақ поэзиясы өкілдері қатарынан шығармалары бізге дейін жеткен жыраулар – Жиембет пен Марғасқа жыраулар. Аталған жыраулардың қолдағы туындыларының жалпы мазмұнына қарасақ, олардың бәрінен Есім хан билік еткен кезеңнің тынысын сеземіз. ХVІІ ғасырдағы тарихи жағдайға шолу жасау барысында ел тізгінін Есім хан ұстаған жылдарға көбірек назар аударуымыздың бір себебі де сондықтан.

Бұл жыраулар қатарынан жыр-толғаулары ел жадында көбірек сақталғаны – Жиембет Бортоғашұлы.

Жиембет шығармашылығын зерттеушілер жыраудың алғашында Кіші жүз құрамындағы алшын руының көшбасшысы болғанын, кейіннен Есім ханның Кіші жүздегі ел сөзін ұстаған биі, қол бастаған батырына айналғанын, сол тұстарда Ойрат Одағына және бұқарлықтарға қарсы шайқастарда және Ташкенттегі Тұрсын ханның көтерілісін басу кезінде айтулы қимылдар жасағанын көрсетеді. Әйтсе де, кейіннен Кіші жүзді жеке билеуге ниет еткені де назардан тыс қалмайды. Бұл шындықты Жолымбетке қатысты даулы жағдай туындаған кезде айтқан жыраудың өз сөздерінен де аңғаруға болады:

«...Қаһарыңды басқалы Қалың елім жиылды. Бастап келген өзге емес, Жиембет-сынды биің-ді...» –

деп келетін жолдардың ішкі мазмұнындағы айбарлы серпін себебіне үңілсек, Жиембеттің Есім ханға сес көрсете тіл қатуына жол ашып тұрған жағдай оның өз ісінің дұрыстығына деген кәміл сенімділіктен гөрі, қоластына қарасты қалың елдің күшіне сену екенін байқау қиын емес.

Есім хан мен Жиембет жырау арасының алшақтап, бітіспестей бөлінуінің себебі Жолымбет қылығына байла­нысты. Ел ішінде баршаға бірдей тәртіп орнатуды көздеген­діктен, сол жолда кім-кімнің де көңіліне қарап, ығына жы­ғылудан бой тартқан Есім хан айыпкер Жолымбетті де, оны жақтаған Жиембетті де «Ескі Жолда» белгіленген кесімдерге сай жазалауға бұйырады. Жолымбет Хорезм жағына қашып, сол жақта көз жұмады. Ал Жиембеттің өзі, ел ауызындағы сөздер бойынша, Ителіне жер аударылады; ал әдебиет зерттеуші М.Мағауин пікірінше, ойраттармен шекаралас шығыс бетке айдалады. Бір деректер бойынша, жырау айдауда жүріп дүниеденозады, енді бір деректер бойынша, Есім хан көз жұмғаннан кейін Жиембет те туған жеріне оралады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар