Қандастар Ассамблея

Головкин VS Лемье

15.10.2015 3273
WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин 17 қазан күні канадалық Давид Лемьеге қарсы жекпе-жекке шығады.

WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин 17 қазан күні канадалық Давид Лемьеге қарсы жекпе-жекке шығады. Кездесу АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Мэдисон Сквер Гарден» аренасында өтеді.

Жекпе-жекті қазақстандық жанкүйерлер «Қазақстан» ұлттық арнасынан 18 қазан күні таңғы сағат 07.55-тен бастап тікелей эфирден тамашалай алады.

Канадалық боксшы Давид Лемье осыған дейін 36 кездесу өткізіп, оның 34-інде жеңіске жетсе, 31 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Ал, екі кездесуінде жеңіліп қалған. Ол соңғы кездесуін биыл 20 маусымда француз боксшысы Хассан Н Дам Н Жикамға қарсы өткізіп, жеңіске жеткен. Еске сала кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін биыл 17 мамыр күні америкалық кіші Вилли-Монромен өткізіп, 6 раундта нокаутпен ұтқан.

Американың Badlefthook.com порталы оқырмандарына АҚШ тұрғындарының Головкин жекпе-жегіне қанша ақша бере алатынына болжам жасауды ұсынды (бір трансляцияға 70 доллар).

Басылым мысалға Мейвезердің соңғы кездесуін, яғни Бертомен өткізген жекпе-жегін негізге алып, шамамен бұл кездесуде барлығы 400 мың трансляция сатылған деген есепке тоқтады. Ал, Головкин мен Лемье қанша ақша табатыны қорытынды көрсеткіштерге байланысты болады.

Геннадий Головкин мен Давид Лемье соңғы баспасөз мәжілісінде бетпе-бет кездесті. АҚШ-тың Нью-Йорк штаты Нью-Йорк қаласында WBA/WBC interim/IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, 33 жастағы қазақстандық Геннадий Головкин (33-0, 30 КО) мен оның қарсыласы IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы 26 жастағы канадалық Давид Лемьенің (34-2, 31 КО) қатысуымен қорытынды баспасөз мәслихаты өтті.

Жақында Нью-Йоркте Головкин мен Лемье жекпе-жек алдындағы соңғы ашық жаттығуларын өткізді. Жаттығудан кейін Геннадий Головкин «Бұл мен үшін үлкен сынақ. Ол – IBF чемпионы. Бұл маңызды оқиға, pay-per-view. Қазір орта салмақ дәрежесінде қызықты жағдай қалыптасты. Үш-төрт мықты боксшы бар деп ойлаймын. Олардың ішіндегі үздігі кім екенін анықтау маңызды» деді. Айта кетейік, бұл жекпе-жектің жеңімпазы қазіргі кезде Мигель Котто иелік ететін WBC белбеуіне негізгі үміткер болады. Котто-Альварес арасындағы кездесу 21 қарашада Лас-Вегаста өтеді.

Американың НВО телеарнасы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге арнап деректі фильм түсірді. Фильмде боксшының балалық шағы жайында, оның үлкен ағаларының басынан өткен қайғылы оқиға мен Головкиннің әлемдік деңгейдегі боксшы болу үшін төккен еңбегі туралы баяндалады.

Бокс сарапшылары мен журналистері оны тартымды күлкісі бар, түрі кішкентай сәбиге ұқсайтын, бірақ рингте кез келген қарсыласын "құлата" алатын, "орта салмақтағы Майк Тайсон" деп атайды. Журналистер қазақстандық боксшының қарапайымдылығын, сыпайылығын және құрметтілігін де ұмыт қалдырған жоқ.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар