Қандастар Ассамблея

Головкин – PPV-да жекпе-жекке шығатын ТМД-дағы үшінші боксшы!

04.08.2015 2756
Геннадий Головкин мен IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек билеттері 12 тамыз күні сатылымға түседі.

WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы канадалық Давид Лемье арасындағы жекпе-жек билеттері 12 тамыз күні сатылымға түседі.

Бұл туралы Головкин өзінің Туиттердегі парақшасында жариялады. Билет құны — 50, 100, 200, 300 және 500 доллар. Жекпе-жек өтетін Madison Square Garden аренасынан немесе Ticketmaster.com сайтынан сатып алуға болады.

Головкин — Лемье тартысы 17 қазан күні Нью-Йорк қаласында өтеді. Ақылы трансляциялар жүйесі (PPV) арқылы HBO телеарнасында көрсетіледі. Виталий Кличко, Олег Маскаевтардан соң ТМД елдері ішіндегі PPV-да жекпе-жекке шығатын үшінші боксшы. «Қазақстан» арнасынан сол күні тікелей эфирден тамашалауға мүмкіндік бар. Кәсіби рингте бірде-бір жеңілісі жоқ Головкинннің еншісінде 33 жеңіс (30 нокаут) бар. Ал, қарсыласы 34 рет жеңіске жетіп (31 нокаут), екі рет жеңіліс тапқан.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасындағы жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді.

Давид Лемье соңғы кездесуін биыл 20 маусымда француз боксшысы Хассан Н Дам Н Жикамға қарсы өткізіп, жеңіске жеткен. Еске сала кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін биыл 17 мамыр күні америкалық кіші Вилли-Монромен өткізіп, 6 раундта нокаутпен ұтқан.

Канадалық боксшының проумоутері, Golden Boy Promotions президенті Оскар Де Ла Хойя Давид Лемье мен Геннадий Головкиннің жекпе-жегі көрерменге ұнайтынына сенімді.

«Бұл бокс сүйер қауым үшін маңызды әрі тартымды кездесу болады. Неліктен екеуі қазір кездесіп отыр? Өйткені екеуінің де жағдайы жақсы, екеуі де әлем чемпионы. Жақсы бокс үшін осы керек. Бұл қызықты әрі екі боксшы үшін де қауіпті жекпе-жек болады.  Екі спортшының да нокаутқа жіберу машығы, мықты иегі, жақсы дайындығы бар. Қарсыласының иегіне бірінші болып жеткен былғары қолғап шебері жеңеді деп ойлаймын» – дейді Оскар Де Ла Хойя.

Геннадий Головкиннің Лемьеден кейінгі қарсыластары да өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Геннадиймен кездесуі мүмкін америкалық боксшы Дэниел Джейкобс өз отандасы Серхио Мораны жеңіп, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап шықты. Джейкобс кәсіби рингтегі 30-шы жекпе-жегінде үздік шығып отыр (соның ішінде 27  нокаут, 1 жеңіліс бар). Ал, қазақстандық боксшының басты айырмашылығы – әлі ешкімнен жеңілмеуінде. Головкин жоғарыға өрлеген сайын алдынан кіл мықты қарсыластар жолыға беретіні белгілі.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар