Қандастар Ассамблея

Германиядағы жоғары білімді басқару және қаржыландыру жүйесі

25.01.2016 3964
Германия әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кіреді және мұндағы жоғары білім мен ғылымның рөлі өте жоғары екені айтпаса да түсінікті. Мақалада Германия жоғары білімін басқару және қаржыландыру жүйесі жайлы мәліметтер келтірілген.

Жоғары білімді басқару жүйесі. Германияда жоғары білімді басқарудың үш деңгейлік жүйесі орнаған: федералды орталық деңгейінде, федералды жерлер деңгейінде және оқу орны деңгейінде.

Федералды деңгейде Германияның жоғары білім жүйесін реттейтін негізгі заң 1998 жылы қабылданған «Жоғары білім аясындағы федералды заң», ол заң 1976 жылғы «Жоғары білім аясындағы федералды заң» негізінде жасалды. Федералды орталық жоғары білімді жалпы басқару қызметін атқарады: ГФР білім министрлігі білім саясаты концепциясын жасап, білім жүйесінің жалпыұлттық заңдық шеңберін анықтайды, ЖОО-ның кеңеюіне және нәтижелі жұмыс істеу үшін инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөледі.

Жоғары білімді ағымдағы басқару Конституция бойынша Федералды жерлер құзырына кіреді және Білім саласы аясындағы Федералды заң негізіндегі Жерлердің жоғары білім туралы заңымен реттеледі. Жерлер деңгейінде білім беруді Жерлердің министрліктері басқарады және ол көп жағдайда қаржыландыру, әкімшілік (кадрлық) мәселелерге байланысты болды.  

Ғылыми және білім беруді жоспарлау, ұйымдастыру дәстүрлі түрде ЖОО-ның құзыретіне кіреді. Қазіріг таңда ЖОО-ның құзыреті күннен-күнге кеңейіп жатыр, бұл Германия жоғары білімін модернизациялаудың негізгі міндеті болып табылатын орталықсыздандыру саясатын  іске асыруға аксималды ұмтылумен байланысты. Жерлер билігі ЖОО-ларға барлық биліктерді, соның ішінде қаржылық, әкімшілік, беріп өзіне тек страгеиялық басқару құзыретін сақтап қалды. Дәстүрлі түрде Германияда университетті президент немесе ректор, немесе президенттен, вице-президенттен және канцлерден (бас администратор) тұратын президенттік комитет басқарады. Соңғы кездері ЖОО-ны корпоративті басқару концепциясына қатты көңіл бөлінуде. Осыған байланысты оқу процесі мәселесін шешуге қатысуға құқығы бар басқарудың әріптестік органдарының (ЖОО деңгейіндегі сенат және ассамблея, ЖОО-ның бөлімшелері негізінде департаменттер кеңесі) рөлі арта түсті. Неміс университеттерінде тамырын терең жайған «академиялық еркіндік» принципі бойынша, студенттер лекция мен семинарларға қатысуға толықтай ерікті. Осыған қарамастан оқу бағдарламаларының маңызды шарттары жалпыұлттық заң мен Жерлер заңымен белгіленген Академиялық тәртіппен анықталады.

Жоғары білім жүйесін қаржыландыру. 2000 Германия білім саласына ЖІӨ-нің 5,55% немесе 48 млрд. марка (орташа бір студентке 13 мың марка немесе 5 мың евро) жұмсады. Жоғары білімді қаржыландырудың көп бөлігін Жерлер өз мойнына алады. Сонымен қатар Ғылым жөніндегі кеңес екі жақты, федералды орталық пен жерлер, қаржыландыратын жобаларды бекітді. Олардың қатарына ЖОО-ны құру және кеңейту, инфрақұрылымын дамыту, университеттік клиниканы құру және зерттеу жұмыстарын қолдау. Екі жақты міндеттер 1969 жылғы Жоғары білім саласындағы құрылыс туралы Федералды заң негізінде іске асады.

Жоғары білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландыру жыл сайын азайып келеді. Бұл ЖОО-ның қаржылық мәселелерде және ресурстарды басқаруда автономдығының кеңейіп келе жатқандығымен түсіндіріледі. Қаржыландырудың жаңа моделін енгізуге байланысты ЖОО-ның қызметіндегі қаржылық ашықтық шаралары белсенді түрде енгізіліп жатыр.

Жоғары білімді қаржыландыру жүйесін қайта құру реформаның басты бағыты болып саналады. 2000 жылға дейін Жерлер ЖОО-ның барлық қаржылық шығындарын қатаң бақылауда ұстады. ЖОО өз еріктерімен штат санын көбейте алмады. 2000 жылдан бастап ЖОО-ларды қаржылық бақылау әлсірей бастап, олардың автономдығы кеңейе түсті. Осыдан бастап жоғары оқу орындары кейбір мәселелер бойынша қаржы жұмсау мәселесінде толық ерікті болды.

Германияда екінші жоғары білім алу ақылы түрде іске асады. Сонымен қатар, елде мемлекеттік жоғары оқу орындарын да  ақылы түрге өткізу процесі жүріп жатыр. «Экономика және бизнес» және өзге де сұранысқа ие мамандықтар бойынша қазірдің өзінде жартылай ақылы түрге көшіп үлгерді – бір семестр үшін 600 евро. Кейбір мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын бір жыл оқу 6000 евро тұрады.

Студенттерді қаржылай қолдау 2001 жылғы Білім алуға ынталандыру жөніндегі федералды заң негізінде іске асады және Федералды орталық (65%) пен Жерлер (35%) тарапынан қамтамасыз етіледі. Студентке өзінің төмен табысы жөніндегі құжаттарын көрсеткен жағдайда ай сайын 300 евро төленеді. Сонымен қатар студенттерге білім алумен қатар қосымша жұмыс істеуге үлкен мүмкіншіліктер жасалған, арнайы студенттік еңбек биржалары бар. Статистика бойынша студенттердің 62%-ы өзінің оқу ақысын төлеу мақсатында қосымша жұмыс істейді.

Осылайша Германия жоғары білім жүйесі жоғары біліді дамытуда, сапалы білім беруде, әлеуметтік қолдауда, мемлекеттік реттеуде және өзге де салаларда көптеген елдерге үлгі болып отыр. Жас мемлекет ретінде Қазақстанға Германиядан алатын тәжірибелер өте көп, әсіресе ғылым мен білім саласында. Себебі бұл елде бәрімізге белгілі, білім мен ғылымның жемісі болып табылатын өндіріс өте жақсы дамыған, бір ғана автомобиль құрылысының өзі елге үлкен табыс алып келіп отыр. Сонымен қатар Германия деген кезде көз алдымызға сапа елестейтіні де белгілі. 


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар