Қандастар Ассамблея

Геннадий ГОЛОВКИН: "Әкем – орыс, шешем – кәріс, өзім – қазақпын!"

09.04.2014 4829
Әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да үлкен жетістікке жеткен Геннадий Головкиннің БАҚ беттеріндегі сұхбатының бірін жариялап отырмыз.

Әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да үлкен жетістікке жеткен Геннадий Головкиннің БАҚ беттеріндегі сұхбатының бірін жариялап отырмыз. WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы басылым беттеріне берген сұхбатында елін сағынатынын, әрдайым жақындарының жанында болғысы келетінін жасырмай айтқан екен.

– Еліңізге келіп, еңсеңіз көтеріліп қалған шығар? Қарағандыда бір апта бойы не істедіңіз?

– Шынымды айтсам, уақыт тығыз болды. Бір апта зулап өте шықты. Негізі отбасыммен болсам, жақындарымның жанында жүрсем деп келген едім. Әйтсе де кездесулер, БАҚ өкілдерімен сұхбат, ары-бері жүрістер оған толықтай мұрша бермеді. Тіпті, өз  үйімде болғанымды да сезінбей қалдым.

– Қарсыластарыңыз өзіңіз жайлы менсінбей, бағаламау тұрғысында пікірі білдірсе қалай қарайсыз?

– Шынымды айтсам, қарсыласымның ондай баспасөз беттеріндегі айтқандарына мән бермеймін. Мен үшін олардың сөзінен гөрі ісі маңызды. Кейде асырып айтатындар болады. Барлығын да шаршы алаң шешеді ғой. «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей. Ең дұрысы, өз ісіңмен мықтап айналысу, кәсіби шеберлікке көтерілу.

– Өз отаныңызда, яғни Қазақстанда жекпе-жек өткізуді армандайсыз ба? Бұл жалпы мүмкін бе?

– Бұл расымен де менің арманым. Сіздің айтып отырғаныңыз шынында да жүзеге асыруға тұрарлық идея. Қазір мен Бүкіләлемдік бокс қауымдастығымен байланыстамын, сондай-ақ, бұл бастаманы көтерсем, қазақстандық бокс айналасында жүрген басшылар бұл пікірімді қолдайды деп ойлаймын. Егер нақты іске кіріссек, мұның еш қиындығы болмайды. Не Астанада, не Алматыда өткізуге болады.

– Үлгі тұтқан, еліктеген спортшыңыз болды ма?

– Менде үлгі тұтып, соған еліктеген адамдар болды, бірақ бір ғана адамды пір тұттым дей алмас ем. Спорттық ғұмырымда бірнеше спортшылардың шаршы алаңдағы қимылын, техникасын, дайындығын қадағалап жүрдім. Өзіме сабақ алдым. Ал, меніңше адам ең біріншіден өзінің бар күші мен қуатын тиімді пайдаланудың жолын қарастыруы керек.

– Сізді көбіне Константин Дзюмен байланыстырып жатады, осы бір аты аңызға айналған спортшы туралы не айтасыз?

– Өкінішке қарай, мен Константин Дзюмен жеке таныс емеспін. Бірақ даңқты боксшыға үлкен құрметпен қараймын. Өмірі мен жекпе-жектерін жақсы білемін.  

– Танымал адам болу да оңай емес, танымалдылығыңыз спортта бөгет болмай ма?

– Танымал болған сайын, айналаңдағы адамдар жеке өміріңе араласуды бастайды. Түрлі алып-қашпа әңгімелер өз ісіңмен тыңғылықты айналысуыңа бөгет болады. Бір жағынан бұдан қашып құтыла алмайтындықтан көнуге тура келеді.

– Отбасыңызда кәрістердің салт-дәстүрін ұстанады екенсіздер? Ұлттық тағамдарын жақсы көресіз бе?

– Менің анам кәріс, сіңлісі екеуі кәрістердің салт-дәстүрін мейлінше ұстануға тырысады. Маған кәріс тағамдары ұнайды, алайда үйде жиі бола бермейтіндіктен оны жеудің реті келе бермейді. Өздеріңіз де білесіздер, маған кез-келген тағамды жей беруге болмайды. Арнайы режим ұстағандықтан, жеңіл-желпі чимчи, хе секілді тағамдарын жеймін.

P.S. Геннадий Головкин бұған дейін де «Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақпын!» деп мақтанышпен айтқан еді.

Жоғарыдағы сұхбаттың түпнұсқасын оқығыңыз келсе мында кіріңіз...

Ұқсас материалдар